
Palma аквапаркінде балалардың хлормен жаппай улануына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Дегенмен нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты аяқталған еді. Алайда «Ақ Жайықтың» ресми сауалына жауап ретінде Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты істі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігі — Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу бойынша қарады.
Сот деректеріне сәйкес, оқиға салдарынан 15 адам зардап шеккен, барлығына хлормен ауыз арқылы жедел улану диагнозы қойылған.
Тергеу барысында жүргізілген зертханалық сараптамалар суда жалпы және термотөзімді колиформды бактериялар, сондай-ақ көкіріңді таяқша бар екенін анықтады. Соттың қорытындысына сай, жеке кәсіпкер «Д» санитарлық талаптарды орындамаған.
«ЖК „Д“-ның кінәсі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және сотта қаралған басқа да дәлелдермен расталды», — деп хабарлады сот.
Істі қарау нәтижесінде аквапарк иесіне 1 266 104 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -2