
Бүгін Атырауға еліміздің түрлі аймағынан астаналық департамент өкілдері бастаған Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қызметкерлері келді.
«Ақ Жайық» ақпарат көзі хабарлағандай, тергеудің негізгі нысандары – жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдырған күдіктілер.
Дереккөздер мәліметінше, қаладағы түрлі аудандарда тінту жүргізілген. Тінту барысында күдіктілерден ірі көлемдегі қолма-қол ақша, автокөліктер және басқа да құнды заттар тәркіленген.
Қазіргі уақытта 10 шақты адам ұсталған, алайда тергеу барысында қатысушылар саны 50 және одан да көп болуы мүмкін. Тергеу тек жалған емханалардың басшыларын ғана емес, делдалдар, есепшілер, агенттер мен кеңсе қызметкерлерін де қамтиды.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Отбасы банк хабарлағандай, азаматтардың 222 миллиардтан астам теңге зейнетақы қаражаты 20 емханаға аударылған, олардың жартысы Атырауда орналасқан. 2025 жылы бір емхана қазақстандықтарға стоматологиялық қызмет көрсетіп, 22,9 млрд теңге қаражатты игерсе, тағы екі емхана 32 млрд теңге зейнетақы қаражатын пайдаланған. Ал Құлсарыдағы бір емхана 7,6 млрд теңге қаражатпен "шектелген".
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2