
Атырауда жазғы балық аулау маусымы басталысымен әлеуметтік желіде қармаққа ілінген бекіре тұқымдас балықтардың видеосы тарағаны туралы жазғанбыз. Бекіре тұқымдас балықтардың популяциясы артқанын «Ақ Жайық» тілшісіне Қазақстанның «Qazaq Balyq» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының өкілдері хабарлады.
Ал жергілікті «Ақтау-Балық LTD» ЖШС-нің балық өсірушісі, ихтиолог Ахат Ниматов өзенде бекіре тұқымдас балықтарының көбеюін қолдан өсірілген шабақтарды табиғи ортаға жіберу көлемінің артуымен байланыстырады.
– Соңғы жылдары Жайық және Қиғаш өзендеріне жіберілетін қолдан өсірілген шабақтардың саны көбейді, – дейді ол.
Орал мен Атыраудағы балық өсіруші кәсіпорындар Жайық өзеніне жыл сайын миллиондаған бекіре шабағын жібереді. Мамандар жіберілетін шабақтар саны жыл санап артып келе жатқанын айтады.
А. Ниматовтың айтуынша, қармаққа түскен балықтың табиғи немесе қолдан өсірілгенін салмағына қарай ажыратуға болады:
– Табиғи ортада өскен шабақтардың салмағы әдетте 3–4 грамм болса, қолдан өсірілгендер 10–20 грамм шамасында болады. Сондықтан қазіргі уақытта қармаққа түсіп жатқан балықтар – қолдан өсірілгендер деп ойлаймын. Біз шабақтарды салмағы 20 грамнан асқанда ғана табиғи ортаға жібереміз. Бұл олардың тіршілікке бейімделуін арттырады, – дейді ихтиолог.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда қармаққа түскен бекіре тұқымдас балықтардың айтарлықтай өсіп қалғаны байқалады.
Табиғи ортаға жіберілген бекіре шабақтарының Каспий теңізіне жету барысын «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау филиалы бақылап отырады.
Орталық директоры Ерболат Қадимов бекіре тұқымдас балықтардың популяциясы артқанын растайды. Ол бекіренің қармаққа түсуін оң құбылыс ретінде бағалайды:
– Бұл құбылыс балықтардың жем іздеп жүргенін білдіреді. Яғни Орал мен Атыраудағы тоған шаруашылықтарында өсірілген шабақтар Жайыққа жіберілген соң табиғи ортаға бейімделіп, белсенді тіршілік етіп жатыр, – дейді ол.
Қадимовтың айтуынша, балықтың белсенділігі оның даму үдерісінің дұрыс жүріп жатқанын көрсетеді:
– Қармаққа кез келген балық түсуі мүмкін. Бірақ олар шабақ болғандықтан, балықшылар оларды қайта суға жібереді. Балық теңізге бірден түспейді, алдымен «нагульный период» – бейімделу кезеңінен өтеді. Бұл кезеңде балық тұзды суға үйренеді. Мысалы, шоқыр мен бекіре шабақтарына теңізге жету үшін 1–2 ай қажет. Егер шабақтар Оралдан жіберілсе, жол ұзағырақ – теңізден қашық орналасқан. Ал Атырау маңынан жіберілсе, тезірек жетеді, – дейді ол.
Өзгеше пікір
Алайда көп жылдар бойы балық шаруашылығында еңбек еткен Санат Тілепбергенов Жайықта қолдан өсірілген бекіре тұқымдас балықтары шабақтарын табиғи ортаға жіберген соң көбейіп жатыр деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта өзенге кіріп жатқан балық — теңізден келген бекіре емес, бекіре тұқымдас сүйрік балығы секілді тұщы суда өсетін түрлері болуы мүмкін.
— Былтыр Жайықтың теңізге құяр сағасын қазғанын естігенде қатты қуандым. 30 жыл бойы теңіз сағасы мүлде қазылмаған еді. Ал былтыр сағаны қазғанда тексеріп көріп едім, тереңдігін 2 метр, енін 20–22 метр қазып, ағысты кеңейтті, — дейді ол.
Балықшының сөзінше, өзен суының теңізге енуі көктем айларында — уылдырық шашар кезде ғана белсенді жүреді. Ал маусым-шілде айларында, керісінше, балық теңізге қарай кері қайтады.
— Қазір «теңізден бекіре тұқымдас балықтар Жайыққа кіріп жатыр» дегенді естіп жатырмыз. Бірақ бұл қате түсінік. Шын мәнінде, бекіре тұқымдас балықтар көктемде теңізден өзенге кіреді де, жаз ортасында теңізге кері ығысады. Бекіре шабақтарының көпшілігі жыртқыштарға жем болады. Аман қалғандары ғана теңізге жетеді. Кейбір қара балықтар (сазан, көксерке, табан, қарагөз, сыла т.б.) тіпті Индерге дейін жетіп, сол маңда уылдырық шашады. Алайда олардың шабақтарының тек 8–10 пайызы ғана тірі қалады. Соның өзіне шүкір, — дейді Санат Тілепбергенов.
Ол шабақтардың теңізге жетуі мен кейін Жайыққа оралуы ұзақ жылдарға созылатын күрделі үдеріс екенін еске салады.
— Егер бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын қаладан босатса, теңізге дейін жетуіне 10–15 күн керек. Себебі қала мен теңіздің арасы шамамен 60 шақырым. Ал уылдырық шашатын жасқа жету үшін бекіре тұқымдас балықтарға 7–8 жыл қажет. Сол кезде олар шыққан судың дәмін, иісін іздеп, қайта оралады. Су дәмі желбезектерінде сіңіп қалады. Бұл — табиғаттың заңы. Балық өзінің туған жерін ұмытпайды, — дейді ол.
Ал бекіре тұқымдас сүйрік балығы (стерлядь) — тұщы суда өседі, ол Жайыққа енуі мүмкін. Бірақ оның салмағы 1–2 келіден аспайды, әрі қарай өспейді. Шоқыр немесе қортпа секілді ірі бекіре түрлерімен салыстыруға келмейді.
— Бекіре тұқымдас балықтар кейде кіретін жолды, яғни Жайық өзенінің теңізіне құяр сағасын (ел аузында Жайық тамағы атанған-авт.) таппай адасады. Былтыр осы Жайықтың теңізге құяр сағасын тереңдеткен соң өз көзіммен барып көрдім. Қазір соның нәтижесінде су ағысы еркін жүріп жатыр. Егер қазу жұмыстары ары қарай да жалғаса берсе, теңізден бекіре міндетті түрде келеді. Себебі бұл — ағыспен жүретін, күрделі миграция жасайтын балық. Сондықтан 7–8 жылдан кейін қазіргі жіберілген шабақтар туған жеріне — Жайыққа оралады деп сенемін, — деді Тілепбергенов.
Жайыққа 5 млн бекіре шабақтары жіберілді
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, 2025 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс аясында Атырау бекіре зауыты арқылы 5 миллион дана шабақ жіберілген. Осылайша биылғы жоспар орындалып отыр. Ал былтыр, 2024 жылы бұл жоспар орындалмай, тек 1 млн 52 мың шабақ жіберілген. Себебі аналық балық қоры аз болған.
Гайсиннің мәліметінше, Атырау облысында балық өсірумен айналысатын 18, Маңғыстау облысында 13 мекеме барлығы шамамен 615–620 мың шабақ жібереді. Сонымен қатар, бірнеше мұнай компаниялары да табиғат қорғау шаралары аясында шабақ жібереді. Олардың нақты саны қазан айында белгілі болады.
– Заңсыз ау құралдарын сүзіп алу кезінде де су астынан бекіре балықтары кездеседі. Олардың арасында зауыттан шыққандары да, көктемде уылдырық шашуға өзенге кірген табиғи балықтар да бар. Салмағына қарап, қайдан шыққанын анықтаймыз: 3–5 грамм – зауыттық шабақ, ал 10–50 грамм немесе 1 келіге дейінгісі – теңізден оралған ересек балық, – дейді Гайсин.
Ескерту: Бекіре – заңмен қорғалатын балық
Бекіре балығын 2010 жылдан бері аулауға тыйым салынған. Тек ғылыми-зерттеу және өсіру мақсатында ғана рұқсат етіледі. Браконьерлікпен айналысқандар ҚР ҚК-нің 335-бабы (балық ресурстарын заңсыз алу) және 339-бабы (жойылып бара жатқан жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер 100 АЕК-тен жоғары залал келтірілсе – 335-баппен іс қозғалып, 3000–6000 АЕК айыппұл немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер балық бекіре тұқымдас болса, салмағына қарамастан 339-баппен іс қозғалып, 3000–7000 АЕК айыппұл немесе 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Жергілікті балықшылар үшін бекіренің қармаққа ілінуі — бір жағынан қуаныш, бір жағынан уайым. Қуаныш — себебі бұл балықтың көбейіп жатқанының белгісі. Ал уайым — бекіре әлі де қорғалған балық саналады, оны заңсыз аулағаны үшін қатаң жаза қарастырылған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0