
15 маусымнан бастап балық аулау маусымы ашылғалы бері бекіре тұқымдас балықтардың жиі қармаққа ілініп жатқаны байқалуда. Бұл туралы Қазақстанның «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының мүшесі Аслан Омаров хабарлады.
- Әуесқой балықшылар қармағына бекіре тұқымдас балықтар жиі түсіп жатыр. Кейбірі оларды суретке түсіріп, үйіне алып кеткен жағдайда айыппұл салынған жайттар болды. Қармаққа да, ауға да жиі түсіп жатыр. Бұл — популяцияның артқанының белгісі. Қызылбалықтың көбеюі — ақбөкен сияқты жағымды үрдіс, — деді ол.
Аталған жағдайды «Ақтау-Балық LTD» ЖШС-нің бас балық өсіруші ихтиологы Ахат Ниматов та растады.
- Браконьерлер болар, ау салып кеткен жағдайлар кездесуде. Соған қарамастан, бекіре тұқымдастар әуесқой балықшылардың қармағына түсіп жатыр. Бұл — қалыпты жағдай. Олар суда тұрған соң, қармаққа салынған құртты жем деп қабылдайды, — дейді маман.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады. Соңғы жылдары қолдан өсірілген шабақтарды Жайық пен Қиғаш өзендеріне жіберу көлемі артқан.
- Біз Қиғашқа да, Жайыққа да шабақтарды жібереміз. Олар Каспий теңізіне жетті ме, жоқ па — бұл мәселеге «Ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау филиалы мониторинг жүргізеді. Табиғи шабақтар мен қолдан өсірілгендердің айырмашылығы болады. Мысалы, табиғи ортада өскендерінің салмағы 3–4 грамм болса, қолдан өсірілгендер 10–20 грамм аралығында болады. Сондықтан меніңше, қазіргі уақытта қармаққа түсіп жатқан балықтар — қолдан өсірілгендер, — дейді ихтиолог.
Ахата Ниматовтың айтуынша, биыл «Ақтау-Балық LTD» ЖШС тарапынан 500 мыңға жуық шабақты суға жіберу жоспарланған. Соның ішінде 400 мыңы Жайыққа, 100 мыңы Қиғаш өзеніне жіберілмек.
- Біздің шабақтардың салмағы 20 грамнан жоғары. Бұл — олардың тіршілікке бейімділігін арттырады, — дейді ол.
Еске салсақ, 20 маусым күні Атырау бекіре балық өсіру зауыты Жайық өзеніне 2,1 миллион дана бекіре тұқымдас балық шабағын – пілмай, бекіре және қортпа түрлерін – жіберді. Бұл шара 2025 жылға арналған балық ресурстарын көбейтуге бағытталған мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып отыр.
Мақсат – бекіре тұқымдас балықтардың табиғи популяциясын сақтау және молайту.
Биыл Атырау бекіре зауыты арқылы жалпы 5 миллион дана шабақ жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда су айдындарын балықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0