
Редакция Жансая Қаршыгенованың ісі бойынша өз сауалдарына облыстық прокуратура мен экономикалық тергеу департаментінен (ЭТД) ресми жауаптар алды.
Олардың бірі – нақты тұжырымдалған, тармақтар бойынша жазылған, екіншісі – қысқа әрі нұсқа. Біз екі құжатты да еш қысқартусыз, түсіндірмесіз сол күйінде жариялап отырмыз.
Экономикалық тергеу департаменті өз жауабында тергеу барысында қандай да бір заңбұзушылық, қысым немесе қорқыту әрекеттері болғанын жоққа шығарады. Ал прокуратура жауабында азаптау фактісі көрсетілген.
ЭТД жауабы
- Неліктен Жансая Қаршыгенованың үйінде тінту жүргізілді? Оның ҚР ҚК 216-бабына (жалған шот-фактуралар) қатысты тергеліп жатқан іс бойынша процессуалдық мәртебесі болмаған, ал күдік оның бұрынғы жұбайына тағылған еді.
– 2024 жылғы 17 тамызда тінту Атырау қаласы тергеу сотының 2024 жылғы 16 тамыздағы санкциясымен тергеушінің қаулысына сәйкес Т.М. Сафиновтың тұрғылықты мекенжайы бойынша жүргізілді.
Тінту жүргізуге күдіктілердің жауабы және қолма-қол заңсыз ақша айналдырумен айналысқан кәсіпорындардың шоттарынан Сафиновтың шоттарына қаржылай аударымдар жасалғаны жөніндегі құжатпен расталған мәліметтер негіз болды.
Сонымен қатар, Қаршыгенова Ж.-ның жалған келісім-шарттар бойынша істегі қатысушылармен қаржылық байланыстары болды, оның ішінде жеке банктік шотына ақша аударымдары да түсіп отырған.
— Тінту сот рұқсатынсыз жүргізілді деген ақпаратқа қалай түсінік бересіз? Тінтуді жүргізуге тергеушінің қаулысы болды ма? Тергеу әрекеттері қандай негізде жүргізілді?
— Сот рұқсатынсыз тінту жүргізілді деген ақпарат шындыққа сай емес.
Сафинов Т. М. тұратын жерде тінту ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 254-бабы талаптарына толық сәйкес жүргізілді — бұған дейін айтылғандай, тергеу соты санкциялаған тергеушінің қаулысы негізінде орындалды.
— Шын мәнінде, тінту кезінде 216-бапқа (жалған кәсіпкерлік) қатысты бір де бір құжат тәркіленбеді деген ақпарат рас па? Дегенмен, тоңазытқыштан шамамен 90 кг бекіре балығы мен сейфтен 50 миллион теңге алынды. Неліктен тергеу бастапқыда 216-бап бойынша жүргізілгенімен, кейін іс материалдары 339-бапқа (ерекше құнды балық түрлерімен заңсыз айналысу) ауыстырылды? Адвокаттың мұны процессуалдық заңның өрескел бұзылуы деген пікіріне қалай қарайсыз?
— Тінту кезінде 216-бапқа қатысты бірде-бір құжат алынбады деген мәлімдеме шындыққа сай келмейді.
Сафинов Т.М.-ның тұрғылықты мекен-жайында тінту жүргізілген кезде, бекіре балығымен және уылдырығынан басқа, жалған шот-фактураларды жасау ісіне қатысты дәлел ретінде танылған заттар мен ақпарат тасымалдағыштары да тәркіленді.
2024 жылғы 7 қыркүйекте ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 44-бабының 3-бөліміне сәйкес жалған шот-фактураларды жасау фактісі бойынша қылмыстық істен бөлек, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлімі бойынша жеке өндіріс бөлініп алынды. Осы іс бойынша жеке тергеу жүргізілді.
Аталған іс шеңберінде 90 мың АҚШ доллары мен 4640 еуро мөлшеріндегі қаржыға ҚР Қылмыстық кодексінің 48-бабының талаптарына сәйкес, зиянды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында тергеу сотының санкциясымен тыйым салынды.
- Бұл іс нақты Экономикалық тергеу департаментінің құзырында болды ма? Адвокат Төрехан Мұхтаров тергеуші Манарбек Рысқалиевтың өкілеттігін асыра пайдаланып, жеке мүддесін көздеп, істі өз құзырынан тыс жүргізгенін айтады. Осы айыптауларға қандай түсінік бересіздер?
- ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 187-бабының 2-бөліміне сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша тергеуді ішкі істер органдарының тергеушілері жүзеге асырады.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 8 қыркүйектегі Атырау облысы прокуратурасының қаулысымен бұл қылмыстық істі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 193-бабының 1-бөлімі 12-тармағына сәйкес тергеу Атырау облысы Экономикалық тергеу департаментіне жүктелді.
Осылайша, істің реттілігі процессуалдық заңнама талаптарына сай анықталып, заң бұзушылықтарға жол берілмеді.
— Куәларға қысым көрсетілді деген айыптауларға қалай жауап бересіз? Адвокаттың айтуынша, тергеуші Жансая Қаршыгенова балық сатып алған сатушылардан өз сөздерінен бас тартуды талап етіп, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытқан көрінеді. Сондай-ақ, телефондарды заңсыз тәркілеу, жеке фотоларды қарау және тергеушінің кемсіткен сөздері туралы да айтылады.
— Куәларға қысым көрсетілді деген айыптаулар негізсіз, себебі қорғау тарапынан түскен арыздар бірнеше рет тексеріліп, расталмады.
Барлық тергеу іс-қимылдары, оның ішінде куәлардан жауап алу міндетті түрде бейнежазбаға түсірілген және адвокаттардың қатысуымен жүргізілді.
Тергеушінің заңсыз әрекеттеріне қатысты ешқандай шағым түспеді – әйтпесе ол бейнежазбада және жауап алу хаттамаларында тіркелген болар еді.
Телефондарды тәркілеу және қарау ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 254-бабындағы талаптарға сәйкес, тергеушінің шешімдері негізінде, тергеу сотының санкциясымен қатаң жүргізілді.
- Уақытша ұстау изоляторындағы қатыгездікпен қарау пен азаптаулардың ықтимал фактілері туралы қандай мәліметіңіз бар? 2024 жылғы 16 қыркүйекте Жансая Қаршыгенова кішкентай баласының көзінше ұсталды. Есінен танып қалып, оған екі рет жедел жәрдем шақырылды. Адвокаттың айтуынша, тергеушілер «симуляция жасап тұр» деп, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірген. Сонымен қатар, изоляторда түнде тергеуші камераға заңсыз кіріп, қағазбен «соғып», белгісіз әйел денесінің әр жеріне инъекция жасағаны туралы куәліктер бар. Сараптама қорытындысына сәйкес, ине мен көгерген іздері ресми түрде тіркелген.
- Адвокаттың арыздары бойынша үш рет прокуратуралық тексеріс жүргізілген, нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталмады.
2024 жылғы 20 қыркүйектегі сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Қаршыгенованы ұстау кезде дене жарақаттары тіркелмеген.
Ұсталу Қаршыгенова Ж. У.-нің тергеу ісіне қатысудан жалтаруы салдарынан, объективті тергеуді қамтамасыз ету мақсатында заңды негізде жүзеге асырылған.
Қаршыгенованың өзінің талабына сәйкес, ұсталған сәтте екі адвокаты да шақырылды, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы келіп, медициналық тексеруден өткізіп, тергеу ісіне қатысуға қарсы көрсетілімнің жоқтығы туралы қорытынды берді.
- Жансая Қаршыгенова үйқамақта болған кезінде ЭТД қызметкерлерінің жиі келуіне қандай құқықтық негіз болды? Сот оған жұмыс істеуге және баласын мектептен алып кетуге рұқсат берген, алайда адвокаттың айтуынша, ЭТД өкілі: «Қаладан көрсем — қайта қамаймын» деген. Мұндай әрекеттің себебі неде және ол тергеу аясында заңды ма?
- 2024 жылғы 18 қыркүйектегі тергеу сотының қаулысымен Қаршыгенова Ж. У.-ге қатысты үйқамақ түріндегі қамақ шарасы таңдалған.
Осы сот актісінің орындалуына бақылау Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлеріне жүктелген.
Қаршыгенова Ж. У.-ге төмендегідей процессуалдық міндеттер жүктелген:
— тұрғылықты жерінен кетіп қалмау;
— бақылау телефон қоңырауларына және бақылау сигналдарына жауап беру;
— сотқа дейінгі тергеу органы талап еткен жағдайда хабарласу немесе өзі келу және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде қарастырылған басқа да іс-әрекеттерді орындау.
ЭТД қызметкерлерінің оның тұрғылықты жеріне келуі бұлтартпау шаралары талаптарының сақталуын тексеру мақсатында жүргізілді.
Аталған тексерістер барысында қызметкерлердің заңсыз қысым көрсетуі немесе қорқыту фактілері тіркелген жоқ.
- Неліктен тергеу барысында үйдің заңды түрде сатылғаны және балықтың сатып алынғанын растайтын құжаттар (түбіртектер, келісімшарттар) назарға алынбады? Неліктен бұл материалдар іс бойынша саралау кезінде ескерілмеді?
– Тергеу барысында Қаршыгенова Ж. У. ұсынған барлық құжаттар, соның ішінде шот-фактуралар мен жүкқұжаттар мұқият зерттеліп, талданды.
Қорғау тарапы мәлімдеген әрбір жағдай тергеу іс-қимылдары аясында тексерілді, алайда объективті түрде расталмады.
Сонымен қатар, тергеу барысында бекіре өнімін заңсыз сатып алу және сақтау фактілерін растайтын дәлелдер жиналды.
Прокуратураның жауабы
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Бақытжан Сәдібековтің қолы қойылған жауап төмендегідей:
Ж. Қаршыгенованың ісі бойынша ақпарат сұранысы қаралды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 105-бабына сәйкес (бұдан әрі – ҚПК) алдын ала тергеу жүргізетін лауазымды тұлғалардың әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне қатысты шағымдарды тергеу органы басшысы қарайтынын хабарлаймын. Тергеу әдістерінің заңсыздығы туралы арыздар негізінде облыстық прокуратура тарапынан тексерістер жүргізілді, онда азаптау фактілері расталған жоқ.
Адвокат Т. Мұхтаровтың сот отырысына бекіре балығын әкелу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша алдын ала тергеу жүргізілді. Адвокат өнімнің заңды шығу тегі туралы құжаттар ұсынды, сондықтан қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісіне қатысты жеке қаулы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралатын болады. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 486-бабына сәйкес прокурор өз бастамасымен заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы қарсылық беруге құқылы екенін хабарлаймын».
Сұрақ туындады - жауап қажет
Сонымен, ЭТД тергеу барысында Жансая Қаршыгенованың бекіре өнімін заңсыз сатып алу және сақтау бойынша кінәсін растайтын дәлелдер жинағанын мәлімдейді. Алайда Атырау облыстық соты бұл айыптауларды қолдамаған және ақтау үкімін шығарды.
Бұл не нені білдіреді? Сот дәлелдерді назардан тыс қалдырған ба? Әлде тергеу шынайы көріністі толық ашпай отыр ма? Біз осы сұрақтарға екі тараптан да нақты және түсінікті комментарий күтеміз.
Еске салсақ, 8 шілдеде Атырау облыстық соты бекіре өнімін заңсыз сақтау фактісі бойынша бұрын кінәлі деп танылған Жансая Қаршыгеноваға тағылған барлық айыптауларды алып тастады. Сот бірінші сатыдағы үкімді ғана емес, сонымен бірге тергеушіге қатысты жеке қаулы да шығарды.
Бұлан бұрын Атырау қаласының №2 соты Қаршыгенованы ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру және 50 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындаған болатын. Апелляциялық саты бұл шешімді қайта қарап, кінәсіздігін растайтын дәлелдерді ескере отырып, ақтау үкімін шығарды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0