
8 шілдеде Атырау облыстық соты бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтады деп айыпталған Жансая Қаршыгенованы толық ақтап шықты және тергеушіге қатысты жеке қаулы шығарды. Іс бес айға созылған тергеумен, азаптауға қатысты шағымдармен және прокурордың «Коррупция үшін ұсталды!» деген даулы мәлімдемесімен қатар жүрді.
Апелляциялық сот шешімі туралы “АЖ” редакциясына Жансаяның адвокаты Төрехан Мұхтаров хабарлады. Бұған дейін №2 қалалық сот Жансая Қаршыгенованы бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтады деген айыппен (ҚР ҚК 339-бабы) кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған және 50 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Алайда апелляциялық алқа істі қайта қарап, оның кінәсіз екендігін дәлелдейтін деректерді негізге ала отырып, ақтау үкімін шығарды. Сонымен бірге, сот тергеушінің әрекеттерінде қылмыстық-процестік заңнаманы өрескел бұзу белгілері бар екенін атап өтіп, прокуратураға жеке қаулы жолдады.
Тінту мен күдік: іс қалай басталды
2024 жылдың 17 тамызында Жансая Қаршыгенованың үйіне Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері тінту жүргізуге келген. Себеп — оның бұрынғы күйеуіне қатысты «жалған шот-фактура берді» деген айыппен (ҚР ҚК 216-бап) бойынша қозғалған іс.
Адвокат Мұхтаров бұл істің Қаршыгеноваға түк қатысы болмаса да, тінту оның үйінде жүргізілуі заңға қайшы дейді. Тінту барысында осы іске қатысты бірде-бір құжат табылмаған. Бірақ, тінту кезінде тоңазытқыштағы 90 келіге жуық қызыл балық пен сейфте жатқан 50 млн теңгені тәркілеген.
Жансая бұл балықты заңды түрде сатып алғанын, тиісті құжаттарының бар екенін айтқан. Бірақ тергеушілер балық заңсыз деп тұжырымдап, оны іс бойынша негізгі айғақ ретінде тіркеген. Оған қоса, Жансая 50 млн теңге үйін сатқан кезде түскен ақша екенін және үйді сату-сатып алу келісімшарты да бар екенін айтқан. Алайда, тергеуші оны да елемей, заңсыз түрде бекіре балықтарын сақтау дерегі бойынша тергеу бастаған. Яғни, «қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша тергелуі тиіс істі 216-бап бойынша тергеп, сотқа іс-материалдарды 339-бап аясында тергелді деп жібереді» дейді адвокат
- Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 187-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша істерді экономикалық тергеу департаменті емес, тек полиция тергеуі тиіс. Тергеуші Манарбек Рысқалиев заңды бұза отырып, өз құзыретінен тыс әрекет етіп, істің нәтижесіне жеке мүдделілік танытқан, - дейді адвокат Мұхтаров.
Куәгерлерге қысым мен заңсыз әрекеттер
Адвокат Мұхтаровтың айтуынша, тергеу барысында Жансаяға балықты сатқан адамдарға да қысым жасалған. Тергеуші оларды «сатқан жоқпын» деп айтуға мәжбүрлеген, әйтпесе өздерін де бірге қамайтынын ескерткен. Кей куәгерлердің телефондары заңсыз тартып алынып, галереялары ақтарылған.
- Тергеуші кейбір куәгерлердің ұялы телефонындағы жеке фотосуреттерін қарап, ұялтатын сөздер айтып, комментарий жасап, артық іс-әрекетке барды. Бұл әрекеттердің барлығы қылмыстық-процесуалдық кодекстің нормаларын өрескел бұзады, - дейді қорғаушы Мұхтаров. - Куәгерлерден соттың санкциясынсыз телефон тартып алған. Телефон тек санкция арқылы алынады. Және күдіктіден алынады, куәлерден алынбайды. Заңда тек күдіктіден, тергеу сотының санкциясы арқылы алыну керек деп жазылған.
Куәгерлер прокуратураға бірнеше рет арыз түсіргенімен, олардың шағымдары тергеушінің өзіне кері қайтарылған. Тергеуші “қысым болған жоқ” деп өзі-өзіне қаулы шығарған.
Ұстау мен азаптау: адвокаттың деректері
2024 жылдың 16 қыркүйегінде Жансая үш жасар баласын балабақшадан алып жатқанда, арнайы жедел топ оны ұстаған. Ұстау кезінде ол есінен танып қалып, екі рет «жедел жәрдем» шақырылған.
Алайда, адвокаттың айтуынша, келген медициналық қызметкерлерге тергеушілер кедергі келтіріп, қорқытып, көмек көрсетуге мүмкіндік бермеген. Балабақша жанында тергеуші «симулирует», «коррупциямен ұсталды» деп айқайлаған.
Мұхтаровтың айтуынша, уақытша ұстау изоляторында тергеуші түнгі уақытта камераға заңсыз кіріп, Жансаяны бетіне қағазбен ұрып, «тұр, оян» деп қорқытқан.
Қаршыгенованың сөзінше, белгісіз әйел (медик болуы мүмкін) тергеушінің бұйрығымен денесіне, яғни, өкшесіне, білегіне, ішіне ине шаншып, төсінің ұшын шымшыған.
Медициналық сараптама нәтижесі Жансаяның денесінде ине іздері мен көгерген белгілердің болғанын растаған.
- Бұл фактілердің барлығы сотта тіркеліп, құжат жүзінде дәлелденді, - дейді адвокат.
Азаптау ісі қаралмады.
Азаптау туралы шағымдар Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға жолданған. Алайда барлық шағым айтадан Атырау облысының прокуратурасына кері жолданған. Адвокаттың айтуынша, облыс прокуроры Бауыржан Жұмаханов тексеру жүргізуден бас тартып, «азаптау фактілері болмаған» деп мәлімдеген.
Уақытша ұстау изоляторында Жансая екі тәулік бойы есін жимай жатқан соң, оны облыстық ауруханаға ауыстырған. Бір күн сол жерде болғаннан кейін, ол амбулаторлық еммен үйқамаққа жіберілген.
– Тергеуші оны «СИЗО-ға жібереміз» деді, – дейді адвокат. – Ал маған: «Жиналсын, СИЗО-ға кетеді» деді. Сол кезде мен прокурорға шағым түсірдім, бірақ ол менің шағымымды қайтадан сол тергеушінің өзіне қайтарып жіберді.
Үйқамақта жүрген кезінде Жансаяға күн сайын үш рет экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері келіп тұрған. Тергеу соты оған жұмысқа баруға, баласын мектеп пен балабақшадан алуға рұқсат берген. Дегенмен, адвокаттың айтуынша, ДЭР өкілі: «Қалада көрсем — қайта қамаймын» деп қорқытыпты.
Бірінші инстанциядағы сот
...Кейін 339-бап бойынша қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Онда тінту кезінде тәркіленген балық сатып алынған балыққа сәйкес келмейді делінген. Алайда адвокаттың айтуынша, бұл айып нақты дәлелдермен емес, тек сөз жүзінде ғана негізделген.
Тергеу бес айға созылды. Сот процесі №2 қалалық сотта 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы сәуірге дейін өтті.
Сотта куәгерлер жауап беріп, расымен де Жансаяға балық сатқанын растады. Сонымен қатар, олар тергеушінің тарапынан қысым болғанын айтты — телефондары тартып алынып, егер балық саттым деп айтса, өздерін де қамаймыз деп қорқытқан.
90 келі қызылбалықтың «келтірген зияны» 50 миллион теңге деп бағаланған.
Сот Жансаяны 50 миллион теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттеді. Сонымен қатар, сот оның сейфінен алынған дәл осы сомадағы ақшаны өзіне қайтару туралы шешім шығарды.
- Біз бұл үкіммен келіспей, Жансаяны толық ақтауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірдік. Ал прокурор керісінше — 50 миллион теңге қайтарылмасын деп апелляция берді.
Адвокаттың өзіне қысым
Қысымнан адвокат Төрехан Мұхтаров та тысқары қалмады. Осындай балықты еркін сатып алуға болатынын дәлелдеу үшін ол Атырау қаласындағы дүкендержің бірінен 5-6 келі бекіре балығын сатып алып, түбіртегін ұсынған. Солай бола тұра, қалалық прокурор оның үстінен балықты заңсыз сақтау бойынша қылмыстық іс қозғаған.
- Дәлел ретінде, әр адам балықты дүкеннен сатып ала алатынын сотта дәлелдеу үшін осындай әрекетке бардым. Балық сатылымда бар. Заңды құжаттармен саудаға шығарылған. Соны көрген прокурор сотта менің үстіме заңсыз сақтау деп қылмыстық іс қозғады. Абсурд, - дейді адвокат.
Екі ай тергеу жүргізіліп, бірнеше рет жауап алуға шақырылған. Ал адвокат болса, дүкеннен балық сатып алып жатқанын ұялы телефонына да түсіріп алған. Бұл бейнежазбаны да тергеушіге көрсеткен. Мұхтаров бұл қысым туралы президент әкімшілігіне шағым жолдағаннан кейін ғана іс қысқартылған. Қысқарту туралы ресми қаулы бар.
Апелляциялық сот барысы
Сот үкімі шыққаннан кейін адвокат Мұхтаров апелляцияға шағым түсірді. Апелляциялық сотта бұрын назарға алынбаған жаңа айғақтар ұсынылды. Адвокат Жансаяға балық сатқан дүкен қызметкерлерінен қайта жауап алуды сұрады. Балық сатқан дүкен қызметкерлері жауап беріп, Жансаяның шын мәнінде оны сатып алғанын растады.
Сондай-ақ азаптау фактілері бойынша жедел жәрдем қызметкерлерінен жауаптар алынды. WhatsApp-хабарламалар — соның ішінде қызыл балық сатушылармен болған, балықтың бар-жоғы туралы әңгімелер — және бейнематериалдар сотқа қайта ұсынылды.
8 шілдеде сот Жансая Қаршыгенованы толық ақтады. Балықтың сатып алынғаны, 216-баппен байланысы жоқтығы дәлелденді. Ал тергеушінің әрекеттері ҚР Қылмыстық-процестік кодексін өрескел бұзу деп бағалап, оған қатысты жеке қаулы шығарды. Материалдар облыстық прокуратураға жолданды.
Редакция экономикалық тергеу департаменті мен облыстық және қалалық прокуратурының уәжін тыңда үшін ресми сауал жолдап, комментарий күтеді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0