
Сәулет және қала құрылысы ескерткішіне ғылыми-реставрациялық және басқа да жұмыстарды жүргізуге арналған тендердің жеңімпаздары белгілі болды.
Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы директорының міндетін атқарушы Асхат Жахиевтің мәліметінше, ғимараттың инженерлік желісін күрделі жөндеуді "AGM Service" ЖШС атқарып, ал ғылыми-реставрациялық жұмыстарымен "Жалынды құрылыс" ЖШС айналысады. Сонымен қатар, А.Жахиев редакцияның жазбаша сауалына жауап бере отырып, "Масс-медиа туралы" ҚР Заңын бұзып, мердігерлермен жасалған шарттарда көрсетілген сомалар, сондай-ақ мерзімдер туралы сұрақтарды елеусіз қалдырды.
Аталған компаниялардың ескерткіш мәртебесі бар нысанда жұмыс істеуге құқық беретін тиісті лицензиялары бар ма, жоқ па, ол да әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, бұған дейін қала әкімдігі "барлық жұмыстар ҚР мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалануды реттейтін қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетініне" сендірген еді.
Бір қызығы, компаниялардың бірі - "Жалынды құрылыс" ЖШС - біздің жарияланымдарымызда бірнеше рет әртүрлі құрылыс жобаларының, соның ішінде миллиардтық жобалардың бас мердігері ретінде аталған. Мақалалардың тақырыптары өздері-ақ сайрап тұрғандай!
«Жоба бойынша салынған суағар жасамай тұр»
«Атыраудағы №8 мектеп: уәделер және миллиард теңгелік жөндеуден кейінгі ақиқат»
«Күрделі жөндеу жұмысы бітпей жатып, мектеп шатырынан су кетті»
«Доссор мектебін жөндеу кезіндегі кемшіліктер үшін айыппұл салынды»
Бұл компанияның сәтті кейстері де бар шығар, бірақ мұның бәрі тұтастай алғанда, Атырауда төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдегі ескерткіштерді бірте-бірте жойып жатқанын ескерсек, Мәдениет сарайының болашағына қатысты алаңдаушылық тудырмай қоймайды.
Естеріңізге сала кетсек, Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы күрделі жөндеуге 2023 жылдың көктемінде жабылды, сонымен бірге шенеуніктер жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен тендерлерді мақұлдай отырып, ғимараттың 1982 жылдан бастап республикалық маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие екенін "ұмытып кеткен". Ондағы кез келген жұмыс "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" ҚР Заңымен регламенттелген, соның көптеген тармақтары бұзылды. Тек сіздің тілшіңіздің және прокуратураның араласуынан кейін ғана Мәдениет сарайы үшін жойқын зардап келтіруі мүмкін деген заңсыз жөндеудің жолын кесуге мүмкіндік туды.
Осы жылдың ақпан айының басында қалалық мәслихат сессиясында Мәдениет сарайын ретке келтіру үшін қажетті сома -- шамамен бір миллиард теңге деп бекітілді. Ал қазіргі уақытта Мәдениет сарайының айналасын қоршау жұмыстары басталып кетті.
Лев ГУЗИКОВ
Суретті түсірген автор