Атырау, 8 желтоқсан 03:41
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атыраудағы №8 мектеп: уәделер және миллиард теңгелік жөндеуден кейінгі ақиқат

Сурет
1 377 рет қаралды

Қаңтар айының соңында Атырауда миллиард теңгелік күрделі жөндеуден кейін Ө.Атамбаев атындағы №8 мектеп ашылды. Алайда білім ошағынан түрлі олқылықтар мен кемшіліктердің беті ашылды. Оның үстіне мектептің тозығы жеткен материалдық-техникалық базасын толығымен жаңарту туралы уәде де орындалмай қалды.

Еске салайық, қаладағы ескі мектептердің бірінде күрделі жөндеу жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. 1,3 млрд теңгелік тендерді «Жалынды құрылыс» ЖШС ұтып алып, техникалық қадағалауға Engineering Services ЖШС, авторлық қадағалауға «БС Строй Холдинг» ЖШС жауапты болды.

Бұл мектептің оқушыларын қыркүйек-қазан айларында өз парталарына кері оралады деген уәдемен жақын маңдағы оқу орындарына үшінші ауысымға бөлді.  Алайда, белгіленген мерзімде бітпей, көптен күткен қоныстой сәл кеш болды.

Ашылу қарсаңында басқа оқу орындарының ащы тәжірибесінен дәріс алған бір топ ата-ана мектеп әкімшілігінің, сондай-ақ мердігер компания өкілдерінің рұқсатымен және қатысуымен жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп шықты. Құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарының мамандары болмағандықтан, тәжірибесінде көпптеген, оның ішінде білім беру саласындағы нысандарды пайдалануға берген тәуелсіз сарапшыны бірге аралауға шақырды.

Мектепке ата-аналардың бақылау комиссиясы барған кезде, мектеп ұжымы мен мердігер компания жұмысшылары күйбің тірлікпен қарсы алды: олар әр жерді әктеп-сырлап, жинап, жуып, тазалап жатты... Бірақ, әжептәуір өзгерген күрт өзгерістерге қарамастан (бұл мектеп ашылғалы, 1963 жылжан бері жасалып тұрған бірінші күрделі жөндеу) едәуір кемшіліктер көзге көрініп тұрды. Нәтижесінде, шолу қорытындысы бойынша ата-аналар барлық сауалдары мен талаптарын мектеп директорының м.а. және қалалық білім беру бөлімі басшысының атына жолдаған хатта баяндады.

«АЖ» редакциясына да хабарласқан ата-аналардың хатынан:

«1. Мердігерді электр қалқандары орналасқан үй-жайларды тексеріп, ретке келтіруге міндеттеңіз. Мысалы, осындай орынжайлардың бірінде тұтанбайтын материалдың немесе отқа төзімді құрам сіңірілген материалдың орнына еденде линолеум кесінділері жатыр.

2. Мердігерді демалыс күндері мектеп дәліздерінің, сыныптардың, кабинеттердің қабырғаларын сапалы сырлауды міндеттеңіз. Өйткені қабырғалардың бір жеріне қол тиген кезде із қалып, киімдерге бояу жұғып қалса, екінші бөлігі жақсы сырланған. Бұл факт мердігердің жұмысқа адал қарамағанын көрсетеді.

3. Сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуші жылу жүйесіне арналмаған пластик құбырларды орнатқаны анықталды. Осыны біле тұра мердігер өз бастамасымен басқа пластик құбырлар жүргізген. Дегенмен, шақырылған сарапшының айтуынша, олар жылу жүйесіне емес, суық сумен жабдықтауға арналған. Нәтижесінде құбырлар жоғары температура әсерінен қатты деформацияланған.

Бүкіл мектеп бойынша құбыр жүйесі ашық жатыр. Бұл кез келген уақытта орын алуы мүмкін апатты жағдай кезінде оқушылар мен оқу орны қызметкерлері үшін қауіпті...».

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВАНЫҢ «АЖ» сауалына берген жауабына сүйенсек, «Жалынды құрылыс» ЖШС-мен жасалған келісімшартта екі жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған. Ал мердігер тексеру барысында анықталған электр қалқанындағы ақауларды жойып, әр жердегі кафельдерді ауыстырып, қабырғаларды сырлаған, тазалау жұмыстарын атқарған, т.б. (айтпақшы, қабырғаның сырлануына қатысты айтқаны қате - Автор).

Сонымен қатар, мердігер гардеробты  жаңа жиһаздармен жабдықтауға демеушілік көмек көрсеткен. Ал құбырларға келетін болсақ, бұл бастапқыда сметада қарастырылмағандықтан, оларды пластикалық панельдермен жабуға қосымша қаражат бөлу мәселесі шешілуде.

Уәде етілген нәрсені үш жыл күте ме?

Ата-аналарды қатты ренжіткені №8 орта мектептің бұрынғы директоры Әлия ИБРАЕВАНЫҢ материалдық-техникалық базаны толық жаңарту туралы әлденеше рет берген уәдесінің орындалмағаны болды. Мектеп оқушыларды баяғы бос қабырғалармен, сол баяғы ескі, қираған жиһазбен қарсы алды.

Шамамен бағамдайтын болсақ, жағдай былай:

- интерактивті тақта жеткіліксіз;

- түрлі пәндерге арналған көрнекі құралдар, спорттық құрал-жабдықтар, физикадан және химиядан толыққанды сабақтар мен зертханалық жұмыстарды жүргізуге арналған аспаптар мен реактивтер, үстелдер, орындықтар, шкафтар, сөрелер, стендтер, қабырға тақталары жетіспейді (мүлдем жоқ немесе моральдық тұрғыдан ескірген және физикалық тозған)... Мысалы, спорт залында сонау 80 жылдан бері келе жатқан гимнастикалық орындықтар әлі тұр.

- көп жылдан бері еңбек сабақтары құрал-жабдықтардың, мамандандырылған кабинеттердің мүлдем болмауына байланысты өтпейді. Төменгі сыныптағы балаларға бір нәрселер жасатуға босла да, жоғарылау сыныптағы оқушылар еңбек сабағындаа «ештеңе істемейді» немесе телефон қарап отырады.

«Көп жылдар бойы кейбір интерьер заттарын сатып алу, сыныптарды безендіру көбіне біздің бастамамызбен және жеке қаражатымызбен жүзеге асырылып келеді. Алайда әкімдік бұл мақсатқа біздің салығымыздан құралатын бюджеттен ақша бөлуге міндетті», - дейді ата-аналар.

Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Күрделі жөндеуден кейін бірден бастамашыл топ мүшелерінің бірі өз қалтасынан ақша төлеп, жұтаң мектепке екі жаңа гимнастикалық орындық, сонымен қатар жаңа пластикалық терезелерге 55 шектеуіш сатып алды. Өйткені жобада балалардың қауіпсіздігі де ескерілмеген. «Бұған ақша бөліп (егер бөлінсе), тендер өткізгенше, біреулер терезеден құлап кетуі мүмкін», - дейді ол.

«Басқа мектептерде қалай екенін білмейміз, бірақ біздің жағдай мүшкіл. 90-шы жылдардың басында, қиындық болған жылдары мектеп қазіргіге қарағанда жақсы жабдықталды! Неліктен кейбір оқу орындарының материалдық-техникалық базасына көңіл бөлінеді, ал сегізінші мектеп қалдық негізде қаржыландырылады? – деп ата-аналар сұрақ қояды. – Осылайша балалар арасында сапалы білім алуда теңдік жоқ болып отыр. Бұл тұрғыда Атыраудың бірнеше жыл бойы республиканың аутсайдерлері қатарында болуы ғажап емес».

№8 орта мектеп әкімшілігінің мәліметінше, материалдық-техникалық базаны жаңарту күрделі жөндеуге бөлінген қаржыға кірмеген. Жалпы, 2020-2024 жылдар аралығында мектепке 1,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сомаға күрделі жөндеу жұмыстарымен бірге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кіреді, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде жиһаз, құрал-жабдық және т.б., соның ішінде тұрмыстық және кеңсе керек-жарақтары сатып алынған.

«Қаржылық шығыстарды тексеру жыл сайын жүргізіледі. Соңғы тексеруді Атырау қалалық прокуратурасы 2024 жылы жүргізді. Қалалық білім бөліміне құрал-жабдық сатып алуға өтінім жолданды, бұл бағыттағы жұмыстар жоспармен кезең-кезеңімен жалғасады», - деп сендірді мектеп.

Бұзу - салу емес

Соңында, көпшілікті қызықтыруы мүмкін ақпаратпен бөлісейін. Бірнеше жыл бұрын Атырау қаласында жасыл желектерді паспорттау жүргізілгенін білетіндер аз шығар. Содан кейін облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 68-VIII шешімімен «Атырау облысы бойынша елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидалары» бекітілгенін білетіндер аз. Бұл нормативтік-құқықтық акт, атап айтқанда, ағаштарды кесу қажеттілігі мен тәртібін реттейді – бұл жасыл-желегі онсыз да аз Атырауда жиі қолданылатын тәжірибе.

Мысалы, құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде ағаштардың жою керек болса, ол үшін маманның ағашты кесу орнына баруына дейін уәкілетті органның рұқсаты қажет. Кейіннен ағаштарды жоюға кінәлі (тіпті мәжбүрлі түрде болса да) өтемақы ретінде барлық рұқсат беру рәсімдері сақталған жағдайда аумақты 10 есе, ал сақталмаса 50 есе көлемінде қайта көгалдандыруға міндетті.

Міне, солай. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде №8 орта мектеп бірнеше буын мектеп оқушылары отырғызып, өсірген ағаштардың барлығы дерлік жойылды. Мердігер мекеме жасыл желектің орнына мектеп аумағына асфальт төсеп, бұл өрт сөндіру көліктерінің еркін жүруі үшін жобалық қажеттілік екенін түсіндірді.

Қалалық әкімдікте әкім орынбасары Мейіржан МҰҚАСОВ жұмыстарға тапсырыс беруші мен мердігер «Жалынды құрылыс» ЖШС ағаш кесуді уәкілетті органмен (бұл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі) келіспегенін және рұқсат беру рәсімдерінің сақталмағанын жазбаша түрде хабарлады.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган №8 орта мектеп аумағына өтемдік тұрғыда ағаштар отырғызу бойынша тиісті шаралар алады», - делінген әкімдіктің хатында.

Лев ГУЗИКОВ 

№8 орта мектеп оқушыларының ата-аналары ұсынған суреттер

13 наурыз, 00:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.