
Қазақстанда алимент төлеуге қатысты даулар көбіне бір мәселеге келіп тіреледі: алимент төлеушінің ресми табысы ең төменгі деңгейде көрсетілгенімен, оның нақты қаржылық жағдайы мүлде басқаша болуы мүмкін. Жоғарғы сот пен төменгі сатыдағы соттар мұндай әрекеттерге жиі тосқауыл қойып, балалардың мүддесін қорғап келеді. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында болған осыған қатысты екі мысалды келтірді.
Шымкенттегі іс: 50 АЕК сұралғанымен, сот ортақ шешімге келді
Шымкент қаласының тұрғыны бұрын алимент жалақысының 1/3 бөлігі мөлшерінде өндіріп алынғанына қарамастан, оның мөлшерін өзгерту туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Әйел бұрынғы жұбайының екі балаға алиментті тұрақты төлемейтінін әрі табысын жасанды түрде төмендетіп көрсетіп, ең аз мөлшерде төлейтінін айтқан. Ол алиментті ай сайын тұрақты ақшалай сомада — 50 АЕК мөлшерінде белгілеуді сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бастапқыда талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда кассациялық сот бұл шешімдермен келіспей, жауапкердің нақты материалдық жағдайына, банк шоттарындағы ақша қозғалысына және жасырын мүлкінің бар-жоғына үстірт баға берілгенін атап өткен. Нәтижесінде сот алимент төлеушіні ай сайын тұрақты ақшалай сомада — 20 АЕК төлеуге міндеттеді.
Жоғарғы сот алимент өндіру тәсілін (жалақының үлесінен тұрақты ақшалай сомаға) тек сот қана өзгерте алатынын еске салды. Сот орындаушыларына мұндай өкілеттік берілмеген. Бұған алимент төлеушінің табысы тұрақсыз болуы ғана емес, баланың мүддесіне нұқсан келтіретін кез келген жағдай негіз бола алады (Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 141-бабына сәйкес).
Қарағандыдағы іс: жеке кәсіпкердің миллиондаған теңгелік айналымы және 20 мың теңге алимент
Қарағанды облысында III топтағы мүгедектігі бар баланың анасы бұрынғы күйеуінен, кәсіпкерден, ең төменгі жалақы негізінде есептелген ай сайынғы небәрі 20 мың теңге алимент алып келген. Ал кәсіпкердің соңғы жылдардағы банк шоттары арқылы өткен ресми ақша айналымы ондаған миллион теңгеге жеткен. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуларға сәтті қатысуынан түскен қаражат та бар.
Әйел ай сайын 60 АЕК мөлшерінде алимент өндіруді, сондай-ақ емделуге және спортпен шұғылдануға жұмсалатын қосымша шығындарды өтеуді сұраған. Ер адам несиелері бар екенін және ата-анасын асырауы қажет екенін айтып, талап арызды мойындамаған.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ананың талабын қанағаттандырып, алиментті ай сайынғы тұрақты ақшалай сомаға — 25 АЕК мөлшеріне ауыстырған. Апелляциялық сот та бұл шешімді қолдаған.
Ал қосымша шығындарды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаған. Себебі талап қоюшы жұмсалған қаражатты растайтын чектер мен түбіртектерді ұсынбаған.
Қазақстандықтар үшін негізгі қорытындылар:
Соттар алимент төлеушілердің нақты қаржылық жағдайын мұқият талдайды. Атап айтқанда, банк шоттарындағы ақша айналымын, жеке кәсіпкерлік қызметін, бизнесін және мемлекеттік сатып алуларға қатысуын ескереді.
Егер ресми жалақының мардымсыздығына байланысты алиментті үлес түрінде өндіру баланың құқықтарына нұқсан келтірсе, сот төлемді тұрақты ақшалай сомаға ауыстыруға құқылы.
Қосымша шығындарды (спорт секциялары, емделу, жарыстарға қатысу және т.б.) өндіріп алуды талап еткен кезде әрбір шығынды чек, түбіртек және басқа да дәлелдер арқылы құжатпен растау аса маңызды.
В Атырау +2.8