
Мақат ауданы Доссор кентіндегі А.Құнанбаев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу өтіп жатыр. Жақында болған қатты жаңбырда жөндеуден өткен шатырдан су кетті.
300 орындық мектеп 2013 жылы салынып пайдаланылуға берілген. 11 жылдан кейін мектеп күрделі жөндеуге қайта тұрды. Сөйтіп 2024 жылдың маусымында күрделі жөндеу жұмысы басталды. Осыған орай оқушылар уақытша Б.Қанатбаев орта мектебінде оқып жатыр. Тозығы жеткен деген мектептің күрделі жөндеу жұмысына 1 млрд 202 млн теңге (құрал-жабдығын қосқанда) қаралды. Мердігер "Жалынды құрылыс" ЖШС мектептің бүгінде шатырын, есік-терезелерін жаңартып, ішкі сылақ-сырлау жұмыстарын жүргізген. Екі қабатты ғимараттың қыштасы төселіп, жылыту және электр жүйелері толық ауыстырылған.
- Күрделі жөндеу жұмысының 80 пайызы атқарылып тұр. Яғни, мердігер 2024 жылы 520 млн теңгенің жұмысын жасады, - дейді облыстық білім басқармасының бастығы Марат АБУОВ.
Алайда құрылыс жұмысының бақылаусыз қалғанын сынаған белсенді қоғам өкілі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН былай дейді:
- Мектеп күрделі жөндеуге тұрғызылғасын бақылау болуы керек қой. 6 сәуірде болған жауыннан жаңадан ғана ауыстырылған шатырдан су кетті. Құрылысшылар шатырда жүргендіктен профлист шатыр майысып кеткен. Сол жерге су жиналып, айналғанда тамшылап ішке кетіп бүлдірді. Бұл не масқара, жұмыс әлі біткен жоқ. Әрі бұл жерде құрылыс жұмысының бақылаусыз қалғанын көрсетеді. Тапсырысшы мектеп директоры, білім бөлімі мамандарының біреуі жоқ. Ал шатырдан су сорғалап кетіп жатыр, - дейді ол.
Бұл кемшілікті білім бөлімі де растады:
- Қарадық, шатыр суы іргеліктен кеткен. Кейбір профлист шатырлар адам жүргендіктен майысқан. Біз мердігер "Жалынды құрылыс" ЖШС басшылығына ескерттік. Ол қайтадан бәрін бірдей болмағанымен, кемшін тұстарын ауыстырып беретінін айтты. Негізі мердігер жұмыс жасағанымен уақытында оларға қаржы аудара алмай отырмыз. 2025 жылы 681 млн теңге қаражатты бөлу жоспарланған болатын. 19 сәуірде облыстық Мәслихаттың сессиясында осы қаражатты бөлу мәселесі қаралады, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат КУКЕНБАЕВ.
Негізі о баста нысан құрылысы 2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс екен. Қаражаттың уақтылы болмауынан 2025 жылдың тамыз айына ауыстырылған. Мердігер әлі де мектептің 1-ші қабатын әктеу, төсемтас төсеу, абаттандыру жұмыстарын атқару керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА