Атырау, 5 маусым 15:28
 дождьВ Атырау +26.6
$ 485.34
€ 564.45
₽ 6.53

Тоқаев: Әділетті Қазақстан құру – басты мақсат

90 рет қаралды

Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. 

Президент қоғам мен мемлекеттің тұтастығын нығайту Қазақстан үшін басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық пен билік арасындағы сенім мен келісім тұрақты дамудың негізгі шарты болып табылады.

Президент қоғам мен мемлекеттің тұтастығын нығайту ел үшін басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрақты даму үшін халық пен билік арасында сенім мен келісім болуы шарт. Бұл өздігінен қалыптаспайтынын, табанды әрі көпқырлы жұмыстың нәтижесінде ғана жүзеге асатынын айтты. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашық диалог жүргізу, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру елдегі өзгерістердің өзегіне айналғанын жеткізді.

Тоқаев соңғы жылдары елде ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жүріп жатқанын, жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын атап өтті. Ол заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін, жастарға заңды құрметтеу мен бағынудың маңызын қарапайым тілмен түсіндіру керектігін айтты. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде бекітілгенін еске салды.

Президент әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі азаматтардың құқықтарын қорғауда бетбұрыс кезең болғанын атап өтті. Бұрын мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдану қиын болса, қазір соттар дәлелдемелерге ерекше мән беріп, күмәнді мәселелерді әділ шешіп келеді. Соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шығарылған. Бұл қоғамда «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген пікірдің әлсіреуіне ықпал етті.

Тоқаев әкімшілік сот төрелігін дербес нысан ретінде бекітудің маңызын атап өтіп, бұл сотқа деген сенімді арттыратынын айтты. Сонымен қатар билік пен бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерді ашық талқылап, заң аясында шешу жолдарын бірлесе іздеуі қажет екенін жеткізді. Инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық орта қалыптасып, сот шешімдерінің басым бөлігі инвесторлардың пайдасына шығарылып жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша аймақта көш бастап тұрғанын айтты. Астана халықаралық қаржы орталығында ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген сот пен арбитраж жүйесі жұмыс істеп жатқанын, Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылғанын және Бас прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ашылғанын хабарлады. Жаңа Конституцияға инвестициялық әлеуетті күшейтуге арналған нақты нормалар енгізіліп, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» заң қабылданғанын да атап өтті.

Сөз соңында Президент: «Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Жаңа Конституция күшіне енген соң еліміз дамудың шешуші кезеңіне қадам басады», – деді. Ол әкімшілік әділет институтын нығайтуға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, форумда айтылған ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.

Бүгін, 13:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.