Атырау, 23 наурыз 0036
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 502.83
€ 545.37
₽ 5.95

«Біз умен тыныстағымыз келмейді!»: Перетаска тұрғындары AМӨЗ-ден алысқа көшіруді талап етті​

Сурет Бейнежазба
460 просмотра

19 наурызда Атырау мұнай өңдеу зауытының 2025-2034 жылдарға арналған экологиялық рұқсат жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Бұл жолы тыңдау өтті, бірақ...

2024 жылдың қарашасында «Белуга» қонақүйінде осы мәселе бойынша алдыңғы талқылау шиеленісті атмосферада өткен еді. Зал лық толды, наразылықтар көбейіп, қатысушылардың көпшілігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не кешенді экологиялық рұқсатты мақұлдауға қарсы шықты. Ол кезде жоба қабылданбай, зауытқа оны пысықтау тапсырылған болатын.

Бұл жолы кездесу «КаспийМұнайГаз» НИПИ ғимаратында ұйымдастырылды. Алайда, зауыт маңында тұратын тұрғындар  мен қоғам белсенділері тағы да жобаға түбегейлі келіспейтіндерін білдірді. Басты талап – жобаға зауытқа жақын орналасқан 14 үйді санитарлық-қорғау аймағына енгізіп, тұрғындарын көшіру.

«Біздің болашағымыз жоқ» 

75 жастағы Жанат СЕЙІТҚАЛИЕВА 55 жылдан бері зауыттың жанында, Нижняя Левая Перетаскада тұрады. Ол үйінің жанынан ағып жатқан АМӨЗ-дің ағынды суынан бензин иісі шығатынын айтады. Айтуынша, мал осы суды ішеді, бақшасын да осы сумен суаруға мәжбүр. 

- Бақшада ештеңе өспейді, мал өліп жатыр. 2013 жылдан бері 250 үй бұзылды, 2018 және 2019 жылдары бізге көшіру мәселесі қарастырылады деп уәде берді, бірақ бәрі өзгеріссіз қалды. Немерелерім мен шөберелерім мүгедек болды. Өзім де ауырамын. Біз адамбыз ғой, бізге назар аударыңдар! Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз жоқ, - деді Ж.Сейітқалиева.

Оның сөзін облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН:

– 2013-2016 жылдары зауытқа қатысты шағымдар болған жоқ. Бензин тазарту қондырғысы (КГПН) іске қосылғанда экологиялық жүктеме азаяды деп сендірді, бірақ одан сайын нашарлады, - деп қолдады.

Перетасканың тағы бір тұрғыны ауаның күйіне көңілі толмайтынын білдірді: «Мен құдды жалақы алмай, зауытта жұмыс істейтін сияқтымын!».

«Балаларымыз осы умен тыныстап жатыр»

Мөлдір МОЛДАХАНОВА 23 жылдан бері осы ауданда тұрады. Оның айтуынша, жағдай 2017 жылға дейін қалыпты болған, бірақ алау қондырғысы орнатылғаннан кейін ол айтарлықтай нашарлаған.

- Түнде көз ілу қиындап кетті, терезені мүлдем ашпаймыз. Иіс мүңкіп тұрғандықтан, бала сыртқа шығады да кері кіреді. Денсаулығым сыр берді: қан қысымым жоғары, қантым бар, бүйрегім нашар. Ал бізге дұрыс жол да жасап бермеді. Балалар күн сайын мектепке балшық кешіп барады. Халім жоқ деп шағымданады. Балаларымыздың дені сау, ұзақ өмір сүргенін қалаймыз. Қалған 14 үйдің тұрғындарын неге көшірмеске? — деді ол зауыт өкілдеріне.

«Мұнай шламы қайда кетті?»

«AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН зауыттың шығарындылардың 44 түрін шығаратынын айтып, мұнай шламын кәдеге жарату мәселесіне ерекше тоқталды:

– Мұнай шламын кәдеге жарату мердігерлерге жүктелген, бірақ оның қалай жүргізілетінін ешкім бақылап отырған жоқ. Оның біріне қазірдің өзінде 37 миллиард теңге айыппұл салынды. Ал мына мұнай шламы АМӨЗ-ге тиесілі! Мұны қалай түсіндіресіздер? Қазір зауыт сатылуы мүмкін деген қауесет жүріп жатыр. Неліктен мұндай шешімдер жұртшылықтың келісімінсіз қабылданады? – деп ашуланған Ғабдуллинге зал қошемет көрсетті.

Тыңдауға қатысушы Ерлан АБИРОВ та 2023 жылдан бері кәдеге жаратылмай келе жатқан мұнай шламы мәселесіне назар аударды.

– Облыстық экология департаментіне үш рет хабарластым, прокуратура мен полицияға жаздым, әлі күнге дейін жер тазаланған жоқ. Неліктен жауапкершілікті мердігерлерге аударып тастайсыздар? Бұл сіздің санитарлық қорғау аймағыңыз емес пе! — деді Абиров АМӨЗ-дің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Абзал ТЕМІРОВТЕН.

Бұған дейін Атырау облыстық экология департаментін басқарған Теміров зауыт айыппұлды төледі деп жауап берді, бірақ нақты соманы атамады. Ол сондай-ақ зерттеулер мұнай шламының қоршаған ортаға теріс әсері жоқтығын көрсетті деп сендірді. Алайда Абиров тазарту дұрыс жүргізілмегенін айтып, нақты шараларды талап етті.

Экологияны қорғау бойынша нақты жобалар қайда?

Заңгер Айгүл КЕНЖАЛИЕВА АМӨЗ-ге экологиялық рұқсат жобасының қабылдануына үзілді-кесілді қарсы:

– Бұл жоба сызбалар мен кестелер жиынтығы ғана, бірақ онда бірде-бір ауа мен су тазарту қондырғысы да, Перетаска тұрғындарын көшіруге арналған нақты жоба да жоқ. Санитарлық қорғау аймағы анықталмағандықтан, барлық есептеулер дұрыс емес саналады. Бүгін сатып алынып, орнатылған құрал-жабдықтарды ұсынатын шығар деп ойладым. Ал біз ешқандай деректерге негізделмеген кейбір түсініксіз сызбаларды сызу сатысында ғана жүрміз... Мұндай деректермен АМӨЗ-ге мерзімсіз рұқсат беруге болмайды, - дейді заңгер.

Облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин қоғамдық тыңдауларға Қашаған кен орнынан алынған этил және метилмеркаптан құйылған пластик бөтелкелерді әкелді. Бөтелкелердің бірінің қақпағын ашып, ішіндегі сұйықтықтан шыққан өткір химиялық иіске жиналғандардың назарын аударды. Оның сөзінше, АМӨЗ маңында тұратын тұрғындар мен қала тұрғындары дәл осы меркаптан иісін сезінеді екен.

Депутат Хайруллин былай деп қосты:

– «ҚазМұнайГаз» мен АМӨЗ ең аз қаражатты экологиялық шараларға бөледі. Ластанудың қаншалықты нормадан асатынын түсіну үшін желдің түрлі бағыты бойынша дәл өлшемдерді талап етемін.

Зауыттың жаңа санитарлық-қорғау аймағы болады

Бұдан басқа, тыңдауда жаңа санитарлық-қорғау аймағын әзірлеуге арналған тендер жеңімпазы «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» (РҒЗО) ЖШС деп анықталғаны белгілі болды. Абзал Теміровтың айтуынша, қазір жұмыс жоспары әзірленуде. Сәуір айында қоғам белсенділерімен және тұрғындармен талқылау жоспарланып отыр. Онда жұмыс жоспары ұсынылып, қай жерде және қандай көрсеткіштер бойынша өлшемдер жүргізілетіні көрсетіледі. Осыдан кейін жаңа санитарлық-қорғау аймағын анықтау жұмыстары басталады.

РҒЗО директорының орынбасары Тимур ҚҰТТЫҒҰЛ зерттеулер санитарлық нормаларға сәйкес жүргізілетінін және шу, діріл, радиациялық фон, жарықтандыру және жарық әсерін өлшеуді қамтитынын хабарлады.

- Біз техникалық тапсырма алдық және оны реттегіміз келеді, өйткені біз бақыланатын заттар тізіміне меркаптандар тобын қосуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Тыңдау төрағасы, қала әкімінің орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВ қорытындылай келе, зауыт басшылығына жазғы маусымға дейін қала тұрғындарын алаңдатып отырған зиянды заттар – түтін мен жағымсыз иістерді жоюды тапсырды.

Сондай-ақ Ермұханов РҒЗО-на бір жыл ішінде Перетаска ауданындағы зауытқа жақын орналасқан 14 үйдің ауасына талдау жасауды тапсырды. Зерттеу нәтижелері тоқсан сайын немесе ай сайын орындалғаны туралы есептермен бірге ұсынылуы керек. Осылайша, қоғамдық тыңдау өтті деп есептелсе де, жобаны жұртшылық қабылдамады. Бұл хаттамаға түсірілді. Бұл жобаның қабылданбағанын білдіреді. 

Еске салайық, 2011 жылы «AМӨЗ» ЖШС мұнай өнімдерін терең өңдеу кешенін салу туралы шешім қабылдады. Ол құжаттарға сәйкес 2016 жылы аяқталуы тиіс болатын. Осы уақыттан бастап кеңейтілген санитарлық-қорғау аймағын құру жұмыстары басталды. Ол Правая және Левая Нижняя Перетаскадағы 208 үй мен жер учаскелерді қамтыды. «Қала құрылысы туралы» заңға сәйкес, СҚА құрылғанға дейін зауыт тұрғындармен кездесу өткізіп, жер телімдерін сатып алу туралы келісімдер жасауы керек еді. Алайда бұлай жасалмады. 2013 жылы барлық үйлер мен жер телімдерінің иелеріне өз аумақтарын «АМӨЗ» ЖШС-нің СҚА аумағына енгізу туралы қала әкімдігінің ТКШ бөлімі қол қойған хабарламалар жолданып, көшіру мерзімі 2014 жыл деп белгіленді.

2009 жылғы 14 мамырда Үкімет қаулысымен мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, АМӨЗ-де бірнеше ондаған жыл бұрын пайдалануға берілген технологиялық қондырғылар мен резервуар парктері жаңғыртылды.

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген суреттер мен бейнежазба

21 наурыз, 20:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16