Атырау, 5 маусым 18:58
 дождьВ Атырау +28.3
$ 485.34
€ 564.45
₽ 6.53

Атыраудағы Сенат отырысында ​Каспийдің тартылуы мен Жайықтың тағдыры сөз болды

Бейнежазба
90 рет қаралды
"АЖ" мұрағатынан
"АЖ" мұрағатынан

Каспий теңізі жағалаудан шегініп барады, ал Жайық өзені Ресейдегі су қоймаларынан жіберілетін ағынға тәуелді. Құрғап қалған теңіз түбі қазір ондаған мың гектарға жетті. Бүгін Атырауда өткен Парламенттің орнықты даму мәселелері жөніндегі комиссия отырысында осы жайлар талқыланды.

Атырауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында тек су мәселесі сөз болды, өйткені мұнда үйдегі ауызсудан бастап Каспийдегі балыққа дейін соған байланысты.

Жайық бақылауда, бірақ тәуелділік сақталып отыр

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өз баяндамасында Жайық пен Қиғаш өзендері өңірдің негізгі ауызсу көзі екенін еске салды. Олардың жағдайына облыс халқы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тікелей тәуелді. Әкімнің айтуынша, қазір өзеннің суы көбіне Ресей аумағындағы су қоймаларынан жіберілетін ағынға байланысты. Сондықтан жиында Жайық пен Еділдегі су жіберуді бірлесіп басқару және ұзақ мерзімді трансшекаралық су теңгерімін жасау қажеттігі айтылды.

2024 жылғы тасқын да еске алынды. Сол оқиғадан кейін Жайық өзенінің бассейнінде 52 шақырымнан астам арна тазартылып, тереңдетілді. Облыс әкімдігінің дерегіне сәйкес, бұл шара өзеннің гидрологиялық жағдайын жақсартып, балықтың уылдырық шашатын жерлеріне өтуіне мүмкіндік берді және кейбір учаскелерде кеме қатынасы қайта қалпына келді.

Әкім тағы бір жобаны Үкімет деңгейінде қарастыруды ұсынды. Ол Жем өзенінде су реттегіш салу туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл нысан тасқын суларын жинап, өңірдің су қауіпсіздігін арттыру үшін қажет. Мұндай жобаны жергілікті бюджет көтере алмайды, сондықтан республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе дұрыс болатынын атап өтті.

Теңіз орнына 31 мың гектар құрлық

Бұл күні жиында ең көп айтылған тақырып – Каспий теңізі. Мәліметке сәйкес, теңіздің тартылуынан бұрынғы су айдынының орнына 31 мың гектарға жуық жер құрғап қалған. Бұл өңір үшін үлкен экологиялық мәселе.

Отырыста теңіздің тартылуы салдарынан пайда болған тұзды шаңды дауылдар да сөз болды. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыстар экологияға, ауыл шаруашылығына және халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Каспий ғылыми-зерттеу институты да сөз болды. Президенттің тапсырмасымен ол 2022 жылы құрылғанымен, әлі күнге дейін толыққанды жұмысын бастамаған. Бұл мәселені де Үкімет деңгейінде қарастыру ұсынылды.

Комиссияда айтылған ұсыныстардың ішінде — Жайық–Каспий бассейнін бақылауға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру, Ресеймен гидрологиялық деректер алмасу және теңіз деңгейінің төмендеу салдарына бейімделу бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары бар.

Атырау стаканда

Жиында тек баяндамалар ғана емес, ұйымдастыру тәртібі де назар аудартты. Отырысқа тек алдын ала жасалған тізім бойынша ғана кіруге рұқсат етілді. Кіреберісте полиция қызметкерлері кезекшілік етіп, келгендерді тексеріп отырды. Залда министрлер, сенаторлар, шенеуніктер мен сарапшылар болды. Ал белгілі атыраулық экологтар мен қоғамдық белсенділер шақырылмаған.

Өткен жылы сенаторлар келген кезде Таңат Нұрумов қолына мұнай қоспасы бар үлгілерді алып келіп, қонақтарға жергілікті экологиялық жағдайды тек баяндамалар арқылы емес, нақты мысалмен көрсетуді ұсынған еді. «Стакандағы мұнай» оқиғасы сол кезде өңірден тыс жерлерге дейін тараған болатын.

Бұл жолы бәрі тыныш өтті. Каспий мен Жайық мәселелері бірнеше сағат бойы талқыланды. Дегенмен, залда жергілікті экологтарға арналған бірнеше орын болса, ешкімге кедергі болмас еді. Өйткені айтылған проблемаларды атыраулықтар талай жылдан бері көтеріп келеді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.