
Атырау қаласының №2 сотында Атырау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасоваға қатысты қылмыстық іс соңына жетті.
Оған пәтерлерді кезектен тыс заңсыз беру және қызметтік жалғандық жасау бойынша айыптар тағылған еді.
Іс материалдарына сәйкес, Жолдасова қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторында жұмыс істеп, қалалық тұрғын үй комиссиясының құрамына кірген. Бұл сектор азаматтарды тұрғын үй кезегіне қоюмен, үміткерлердің құжаттарын тексерумен және пәтер алушылардың тізімін жасаумен айналысады. Осы тізімдердің негізінде әкімдік тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сотталушы өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кейбір азаматтарға тұрғын үйді белгіленген кезектен тыс беруге ықпал еткен, сондай‑ақ жалған құжаттар жасаған. Айып бес эпизод бойынша – қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және екі эпизод бойынша – қызметтік құжаттарды бұрмалау фактілеріне қатысты тағылды.
Сот процесі барысында қорғаушылар істі прокурорға қайтаруды сұрады. Адвокаттар тұрғын үйді бөлу шешімін комиссия мүшелері бірлесіп қабылдайтынын, ал қылмыстық қудалау тек Жолдасоваға қатысты жүргізілгенін атап өтті. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамай, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
29 мамырда сот Жолдасовaны кінәлі деп таныды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Белгілі болғандай, ол апелляциялық шағым беруді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Жолдасова кезекті еңбек демалысында және тұрғын үй секторының меңгерушісі лауазымын атқарып отыр. Сот оған бір жыл алты ай мерзімге шартты жаза тағайындап, мемлекеттік қызмет лауазымын өмір бойына атқару құқығынан айырды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +25.4