
Атырауда патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған 2 жасар баланы ауруханаға жеткізуге көмектесті.
Оқиға 4 маусым күні сағат 22:10 шамасында Атырау облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері - полиция капитаны Ернар Қайржанов пен полиция аға лейтенанты Нұркен Маратов Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы маңындағы теміржол өткелінде кезекшілік атқару барысында болған.
Теміржол өткелінде кезекте тұрған Lada Granta көлігінің жүргізушісі тәртіп сақшыларына баланың трактордан құлап, басынан жарақат алғанын айтып, жедел жеткізуге көмек сұраған. Уақыттың тығыздығын ескерген полицейлер арнайы дыбыстық және жарықтық сигналдарды қосып, баланы әжесімен бірге аудандық ауруханаға жеткізді.
Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында бала дер кезінде медициналық көмек алды. Полиция департаменті азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, оларды қараусыз қалдырмауға және қауіпті техникалардың маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
В Атырау +28.3