Атырау, 5 маусым 18:35
 дождьВ Атырау +28.3
$ 485.34
€ 564.45
₽ 6.53

Ғасыр бойы тазартатын стансасы жоқ: Құлсарыдағы сарқынды су көлге айналды

Сурет Бейнежазба
109 рет қаралды

Жылыой ауданында 88 мыңға жуық халық тұрса да, әлі күнге дейін кәріз суын тазартатын станса жоқ. Осыншама халық шоғырланған жерде кәріз суын тазартатын станса бұрын-соңды болмаған. 

Ауданның құрылғанына 97 жыл болса да аталмыш стансаның болмауы жергілікті халықтың наразылығын тудырып жүр. Өйткені сарқынды сулар ашық алаңқайға ағып, эпидемия тудыру қаупі барын айтумен келеді. Ал экологтар айыппұл салумен шектелуде. Жергілікті әкімдіктің ұлы жобалары ғасырға жуықтаса да іске асудан қалған. 

"КОКА-КОЛАДАН" КӨЗ АШПАДЫҚ"

"АЖ" тілшісі булану алаңы атауына сай емес "көлшіктерді" көзімен көріп қайтты. Құлсары қаласынан 11, ал Жаңа Қаратон кентінен 2,5 шақырым жердегі сарқынды сулар тазартылмастан сай-саланы толтырып, көлшік жасап тастаған. 

Қала мен кенттен шыққан боқ су құбыр бойымен ағып, бүгінде мал суатына айналыпты. Бұл маң мал өрісі саналғандықтан жүздеген ірі қара, жылқы, түйе осы сасық көлдің маңайынан кеткен емес. Жағасында мал өліктері жатыр. Нәжістерден "көл" қап-қара түрге енген. Иісі жағымсыз, сасып жатыр. 

- Малды сойғанда ішектері іріп, құрт шығып жатады, оның қаншалықты зияны барын білмей отырмыз. Ол ішкі ағзамызға кері әсер етіп жатқаны анық, өйткені малдың еті мен сүтін пайдаланып отырмыз ғой. Эпидемия туып кетеме деп те қорқамыз. Құзырлы орындар әзірше үнсіз. Ең болмаса сасық су жайылған жерді мал кіре алмайтындай қоршап қоймай ма,-дейді жергілікті тұрғындар. 

Халықтың дүрлігетіндей орны бар екеніне тағы да көз жеткіздік. Бір ғасырға жуықтаса да еш шара алынбаған. Тек сарқынды су көлінің ұлғайғайып, үлкейгені болмаса.

"ҰЛЫ" ЖОБАЛАР НЕГЕ ІСКЕ АСПАДЫ

2011 жылы Құлсары қаласы үшін типтік жобадағы кәріз суын тазартатын станса құрылысы басталған болатын. Сол жылдары 1 млрд теңгеге жуық жұмыс жасалып, соңы сиырқұйымшақталып кетті. 

Өйткені бұл жоба облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың кезінде басталып, ол қылмыстық жауапқа тартылған кезде жұмысы тұралап тұрып қалды. Кейін станса құрылысы жалғасады дегенмен ол аяқсыз қалып, ақыры тоналып тынды. Бүгінде ол жерде темір-терсектер қалған, кімдер ұрлап құртқаны белгісіз күйде қалды. 

Одан кейін "Жылыойсу" КМК-ды сенімгерлік басқаруға алған "Газмұнайсервис" ЖШС-і кәріз тазарту стансасын өз қаражаты есебінен саламыз деп үйіп-төгіп уәде беріп, онысы іске аспай қалды. Станса салмақ түгілі "Жылыойсу" КМК қарызға батырып, қарасын жоғалтты. 

Жаңа Қаратон кентінде де бір кездері салына бастап құрылысы тоқтап қалған ғимараттың қаңқасы ғана қалған. Ешкімнің балансында болмағандықтан иесіз қалып, тоналып кеткен. Әкімдік құрылыстың қашан басталғанын, болмаса мердігердің атын атап, түсін түстеп бере алмады. Өйткені әкімдер қолғапша ауысып, бұл нысандарға жеткілікті мән берілмеген. 

АЙЫППҰЛМЕН ШЕКТЕЛУДЕ

Кәріз суы рұқсатсыз булану (сасық көл) алаңына жіберілгендіктен Атырау облысы экология Департаменті "Жылыойсу" КМК-не 2 рет айыппұл салды. 

2021 жылы 92,6 млн теңге айыппұл салынып, толықтай өтелген. 

Ал 2023 жылы 272 млн теңге айыппұл салса, оның 223,2 млн теңгесін әлі күнге өтемеген. Себебі, айыппұлдарды төлеуге "Жылыойсу" мекемесінің жағдайы көтермейді. Оны құзырлы орындар үш жылдан бері өндіре алмай келеді. 

2023 жылы аудан әкімі Жұмабек Қаражанов "АЖ" тілшісіне берген сұхбатында 10 мың текше метр болатын кәріз айдау станса құрылысы үшін жобалау сметалық жасақталып, соған орай қаржы сұралатынын айтқан болатын. Бірақ станса құрылы әлі басталмаған. 

Тек 126 млн теңге болатын жобалау жұмысын "Инженер К" ЖШС-і шілде айында аяқтап, мемлекеттік сараптамаға жолдау жоспарланып отырған көрінеді. 

Бұған қарағанда кәріз тазарту стансасын салып, пайдалануға беру үшін жылдар қажет пе дерсің. 

Жаңа жоба дайындалып, қаржы ізделіп жатқанымен, Құлсары мен Жаңа Қаратоннан шыққан сарқынды сулар бұрынғысынша булану алаңына ағуда. Ал үш жылдан кейін ғасырлық мерейтойын атап өтетін Жылыой ауданы әлі күнге дейін кәріз суын тазартатын стансасыз отыр. Осы уақыт ішінде әкімдер де, мердігерлер де, жобалар да ауысты, бірақ кәріз суларынан пайда болған қара көлшіктер ғана өщгеріссіз тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоларды түсірген автор

Бүгін, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.