Атырау, 20 наурыз 20:02
 ашықВ Атырау +2
$ 500.32
€ 545.30
₽ 6.00

Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Атырау» ФК жағдайына қатысты түсініктеме берді

369 просмотра

Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Атырау» ФК ойыншылары мен қызметкерлеріне жалақы төлеуге қатысты жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Атырау облысы прокуратурасы 2022-2024 жылдар кезеңінде «Атырау» футбол клубы» ЖШС (бұдан әрі – Клуб) қызметіне жүргізілген тексеру барысында сенімгерлік басқарушының өз міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушы клуб жұмысын тиімді басқаруды қамтамасыз ете алмаған, қаржылық есептілікті ұсыну талаптарын жүйелі түрде бұзған, шығындарды негізсіз асыру, ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамының белгіленген жалақы мөлшерін асыру деректері, сондай-ақ спорттық нәтижелердің төмендігі анықталды. Сонымен қатар, қаржылық қызмет басқармамен алдын ала келіспей жүзеге асырылған.

Сондай-ақ сенімгерлік басқару шартының жергілікті спортшыларды дамытуға қатысты талаптары сақталмағаны анықталды: шетелдік ойыншылар санының артуы аясында жергілікті тәрбиеленушілер санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалды. Бұл бюджет қаражатын бөлудің негізгі мақсатына қайшы келеді.

Тексеру нәтижесі бойынша облыс прокуратурасы анықталған заң бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым шығарды. Қазіргі уақытта Клубты мемлекеттік меншікке қайтару бойынша уәкілетті органдар жұмыстар жүргізіп, Клуб қызметкерлері мен ойыншыларына еңбекақыны уақытында төлеуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар алынуда.

Анықтама

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану:

2023 жылдың ақпан айында 500 мың еуроға футболшының шетелге трансфері жүзеге асырылған, оның ішінде 420 мың еуро негізсіз үшінші тұлғаға (Ресей Федерациясының азаматына) аударылған. Делдалмен келісім-шарт мәміледен екі апта бұрын жасалған және оның заңдылығы күмән тудырады.

2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан футбол федерациясынан алынған 65 млн теңгенің 20,4 млн теңгесі негізсіз есептен шығарылып, 30 млн теңге жеткізілмеген тауарларға аударылған.

Сенімгерлік басқару шартының бұзылуы:

  • 662,7 млн теңге көлеміндегі пайдадан 132,5 млн теңге бюджетке аударылмаған.

  • Құрылтайшының алдында қаржылық есептіліктің жүйелі түрде болмауы.

  • Футболшылардың жалақысы лимиттен асып кеткен (2 млн теңге лимит болса,3 млн теңге берген), жаттықтырушының жалақысы да шектен жоғары (4 млн теңге).

  • «Судоремонтник» стадионы мен команданың автобусын жалға алу шарттарынсыз заңсыз пайдалану.

  • Құрал-жабдықтардың құнын асыра көрсету (мысалы, нарықтық бағасы 200-300 мың теңге болатын кір жуғыш машина 1,8 млн теңгеге сатып алынған).

  • Осы жылдың қаңтар айында 233 млн теңге сомасына растайтын құжаттар мен шығындарды алдын ала келіспей, басқармаға шот ұсынылған.

Спорт көрсеткіштерінің төмендігі:

  • Қазақстан кубогының финалдарына қатысқанына қарамастан (2018, 2019, 2024 жж.), клуб чемпионатта 7-орыннан жоғары көтерілмеген.
  • Қазақстан құрамасы мен Еуропаның үздік лигалары үшін ойыншыларда даярлық болмаған.

Жергілікті ойыншылар санының азаюы:

  • Жергілікті ойыншылар саны 2021 жылы 16 адам болса, 2024 жылы 5 адамға дейін азайған, ал шетелдік футболшылар саны 12-ге жеткен. Бұл жергілікті тәрбиеленушілерді дамытуға кері әсерін тигізуде.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Кеше, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16