
Индер ауданы Көктоғай ауылы «Атырау-Орал» тас жолының бойында орналасқан. Ауылда түйіні шешілмеген проблемалар, электр қуатының тапшылығына қатысты мәселе, «сақалды» құрылыстар жетіп жатыр.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл ауыл орналасқан жер XV ғасырдың аяқ кезінен бастау алады, яғни Көктоғай атты ескі қоныс ертеден болған. 1928 жылы «Красный Октябрь» балықшылар ұжымшары, 1962 жылы «Путь Ильича» қаракөл қой өсіретін кеңшар, кейін Зеленый ауылы болып өзгеріп, бұрынғы Көктоғай тарихи атауы берілген.
Осыншама жылдардан бері бұл ауылда біршама өзгерістер болды, бастысы халық тұрақтанып, демогрфиялық өсімі жағынан ілгеріліп тұр.
ЖАРЫҚҚА МҰҚТАЖДЫҚ
Ауылда 506 үйде 2745 адам тұрып жатыр. Соңғы жылдары ауыл үлкейген сайын электр қуаты азайып, жергілікті тұрғындар тарапынан жиі шағым түсуде.
- Бізді жарық жағы қатты қинап тұр. Свет сығырайып тұрады, ток көзі жетіспейді. Жаз болса құрыды дей бер, тіпті тоңазытқышқа әлі келмей жатады, тамағымызды сақтай алмай қиналамыз. Жаз кезінде сплит системаны қоса алмаймыз. Қаншама электр құралдарымыз істен шығып жатыр, бірақ ол заттарымыздың құнын ешкім өтеген емес. Осы жайтты жыл сайын жиында айтамыз, бірақ шешілмейді, бізге жарық керек, көмектесіңіздерші,-дейді тұрғындар.
- Жоққа шығара алмаймыз, әсіресе, Құспанов, Еділбаев көшелерінен жиі шағым түседі. Ток қуаты аз, себебі ауылда жаңа баспана тұрғызып, адам саны көбеюде. Көшу жоқ, көшіп келмесе. Бұл тығырықтан биыл шығуға жұмыстанудамыз, енді токты көршілес Өрлік ауылынаның подстанциясынан аламыз ба деп отырмыз. Ол үшін қаржы бөлінсе, биыл жұмыс басталып кетпекші, - дейді Көктоғай округінің әкімі Қайрат ТАБЫЛДИЕВ.
ҚҰРЫЛЫСТАР ҚАШАН ЖАНДАНАДЫ?
Ауылдағы Мәдениет үйіне 2017 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенде шатыры, ішкі жылу жүйелері ауыстырылған. Алайда кіре беріс текпешіктің (баспалдақ ) биіктігі соншалық, ғимарат ішіне кіру қиын. Өте қолайсыз жасалғандықтан қарттарға қиындық туып тұр.
Бірқабатты 40 орындық балабақшаның күйі кеткен. 1978 жылы салынған ғимараттың ескілігі соншалық, кіреберіс дәлізінің өзі тап-тар, екі адамнан артық адам сыймайды, кезек күтіп тұрғаны. Балабақша меңгерушісі Күләш САРМАЕВАНЫҢ айтуынша ата-аналар ғимараттың тарлығы жөнінде жиі шағымданады екен. Бүгінде 45 ата-ананың балабақшаға деген сұранысы қанағаттандырылмай тұр.
Балабақшаға көршілес орналасқан Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің де мұңы жетерлік болып шықты. 454 орындық мектеп 1977 жылы пайдалануға берілген. Алайда ауылдың демографиялық өсіміне байланысты балалар сыймай, бұл мектеп тарлық етуде.
- Санитарлық нормаға сай әрбір балаға 2,5 шаршы метр болуы тиіс, бірақ бізде олай емес, оқушылар сыймай жатыр. Оның үстіне балабақшада орын тапшылығына байланысты мектеп алды даярлық топтары да осында. Жүздеген бала артық осы мектепте. Пластикпен бөлу арқылы бөлмелер жасап, тығырықтан шығып отырмыз, алайда санэпид және ТЖ бізге жиі ескерту береді. Амал жоқтықтан осындай жағдайға жетіп отырмыз. 2023 жылы мектепке қосымша 120 орындық жапсарма салу құрылысы басталған, бірақ бітер емес. Облыстық құрылыс басқармасынан сұрасақ, корректировка жүріп жатыр дейді, нақты ештеңе айтпай отыр,-дейді мектеп директоры Анар ҮМБЕШ.
Мектептің жапсарма құрылысының басталғанына үш жыл болса да екінші қабаты әлі көтерілмеген. Мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС әу баста мектеп жапсармасын 2023 жылдың қараша айында бітіруді жоспарлапты. Күні бүгінде мұнда жұмыс тоқтап тұр. Тапсырысшы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВПЕН хабарласқанымызда мектеп жапсармасы жыл аяғына дейін бітетінін мәлімдеді. Сенеміз бе, қайтеміз.

Мұндағы спорт кешенінің де құрылысы жырға айналған десе болады. Құрылыстың сыртқы паспорты ілінген төлқұжатында жұмыс 2021 жылдың шілдесінде басталып, 2022 жылдың желтоқсанында аяқталатындығы көрсетілген. 446 млн теңге бөлінген құрылыстың іргетасы екі рет бұзылып, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мердігерден желге ұшқан қаржыны өндіріп алу керектігін айтты. Тапсырысшы аудандық құрылыс бөлімі мен мердігер «SKS Инжиниринг» ЖШС арасында ұзаққа созылған сот процестері жүріп, ақыры мердігер жосықсыз қатысушы деп танылды. Одан кейі қайтадан конкурс өтіп, «АРСМ» ЖШС жеңімпаз танылып, сапасыз құрылысты тып-типыл етіп бұзып тастады. Осы кезге дейін құрылыс жұмысына қанша қаржы жұмсалып, текке кеткені біз үшін жұмбақ.
Бұдан кейін Көктоғай ауылын атына заты сай деп айта аламыз ба!?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор
В Атырау 0 



