Атырау, 21 желтоқсан 13:37
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

«Атырау – ең осал өңір»: жергілікті кәсіпкерлер жаңа салық мөлшерлемелері туралы өз пікірлерін білдірді

Сурет Бейнежазба
1 272 рет қаралды

14 ақпанда Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәжіліс залында салық реформасын түсіндіруге арналған жиын өтті.

Оған бизнес, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын САУДАНБЕКОВ пен облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ қатысты.

ҚҚС бойынша негізгі өзгерістер

Жақында Қазақстанда ҚҚС-ты 20%-ға дейін көтеру мүмкіндігі талқыланды. Алайда 7 ақпанда президент үкіметке бұл тәсілді қайта қарауды тапсырды. Нәтижесінде сараланған шкала ұсынылды:

- 16% – жалпы белгіленген мөлшерлеме;

- 10% – жекелеген салаларға, соның ішінде медицинаға арналған аралық;

- 0% – агроөндірушілерді ҚҚС-нан босату.

Қазіргі ҚҚС мөлшерлемесі 12% құрайды. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр.

Шенеуніктердің мәліметінше, еліміздегі кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана ҚҚС төлесе, шағын бизнес салықтан құтылу үшін жиі бөлініп кетеді. Жаңа мөлшерлемелерді енгізу, олардың пікірінше, бюджет түсімін арттыруға және Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділікті азайтуға және мемлекеттік қарызды және оның шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Олардың айтуынша, үкімет қосымша кірісті агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылымды, өңдеуші саланы дамытуға, қорғанысты нығайтуға бағыттайды.

ҚҚС бойынша қосымша түсімдерді негізгі салаларды дамытуға бағыттау жоспарлануда:

- 853 млрд теңге – инвестициялық жобаларды несиелендіру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту;

- 361 млрд теңге – қорғаныс;

- 253 млрд теңге – жылу энергиясын және газ тасымалдау жүйелерін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту;

- 182 млрд теңге – инвестициялық жобаларды несиелендіру, машина жасау және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы даму институттарын дамытуға;

- 167 млрд теңге – сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамыту, қорғаныс және селден қорғау құрылыстарын салу;

- 705 млрд теңге – басқа жобалар.

Бизнес пікірі

«Saurida Oil and Gas» ЖШС директоры, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Ғибрат СӘРСЕНОВ Қазақстан бюджет тапшылығын азайту үшін ҚҚС көтеріліп жатқан жалғыз ел емес екенін атап өтті.

– Бұл халықаралық тәжірибе. Инфляцияның өсуі сөзсіз және оның қалай болғанда да бизнеске әсер ететіні анық. Дегенмен, шағын және орта бизнес ең осал жағдайда қалады – олардың үлесі азаюы әбден мүмкін.

Мұның мемлекет үшін фискалдық саясат түріндегі қандай артықшылығы барын анық түсінеміз, бюджеттің бірден толығатынын көріп отырмыз. Баяндамашылар мұның бәрі адами капиталға, инфрақұрылымға, кәсіпкерлікті қолдауға, қосымша жеңілдіктер мен субсидиялар жасауға бағытталатынын айтты. Бұл қаражат бизнесті қолдайтын салаларға салынады. Бұл жерде ескеретін маңызды нәрсе, егер мұның бәрі тек саңылауларды бітеп тастаса, бұл бизнеске теріс әсер етеді. Бірақ барлық бағдарламалар өз деңгейінде жұмыс істесе, мемлекет те, бизнес те ұтады, - дейді Сәрсенов.


«Sairan Consulting» ЖШС директоры, ӨКП әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесінің мүшесі Шынар САЙРАН мұнайлы Атырау облысында көптеген шағын бизнес өкілдері ірі мұнай компанияларымен жұмыс істейтінін баса айтты.

– Біздің облыс мұнайлы, өнеркәсіптік аймақ. Бізде мұнай компанияларына қызмет көрсететін шағын бизнес өкілдері көп. Егер олар бөлшек сауда салығы бойынша жұмыс істей алмаса, олар жалпыға бірдей белгіленген режимге көшуге мәжбүр болады, бұл жеке кәсіпкерлер үшін 10%, ЖШС үшін 20%. Салық ауыртпалығының күрт артуына байланысты кейбіреулер жай ғана өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады, сондықтан салықтық өзгерістерді барлық нюанстарды ескере отырып, біртіндеп енгізу қажет.

Салалық сауда кеңесінің мүшесі, «Үй маңындағы дүкендер» серіктестігінің өкілі Ләззат ДОСМАҒАМБЕТОВА ҚҚС-тың өсуі бағаның өсуіне әкелетінін атап өтті.

– ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, олар да тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады. Тауарлардың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Біздің облыс Ресеймен шектеседі. Біз ҚҚС төлеуші болмағандықтан, біз төлейтін импортқа ҚҚС-ты тауарларға үстеме бағаға енгіздік. Енді ҚҚС төлеуші атансақ, үстемеақы тағы өседі, яғни тауардың құны өседі.

Медицина мен құрылыстағы бағаның өсуі де сөз болды. «Қазақстан құрылысшылар одағының» Атырау облысы бойынша басшысы Эльдар МҰХАМБЕТЖАНОВ Атырау облысы барлық өңірлерге қарағанда ең осал өңір екенін, облысқа құрылыс материалдары басқа өңірлерден әкелінетінін еске салды. Ол салық кодексін өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.

Кәсіпкерлер Қазақстанда Ресей мен Қырғызстаннан бес есе қымбат тұратын дәрі-дәрмектің бағасын да сұрады. Жиынға қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені реттемейтінін, зауыттардағы бағалар бекітілгенімен, Қазақстанға әкелінген кезде оның көтеріліп кететінін айтты.

Сонымен қатар, микро және шағын бизнесті салықтан босату ұсынылды.

Жалпы, жиында көптеген кәсіпкер ҚҚС-тың көтерілуі тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне сөзсіз әкелетініне алаңдаушылық білдірді. Осының салдарынан кейбір кәсіпорындар салық ауыртпалығының артуына төтеп бере алмайды. Бұл кәсіпорындардың жабылуына, жұмыс орындарының қысқаруына және жұмыссыздық деңгейінің артуына әкеледі. Кездесуге қатысушылар мұндай өзгерістер тек бизнеске ғана емес, тұтынушыларға да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін атап өтті, өйткені халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуі және әлеуметтік шиеленістің өсуі ауыр экономикалық және әлеуметтік зардаптарға әкелуі мүмкін.

Үкімет ұстанымы

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек НҰРЖАНОВ бүгінгі таңда республикалық даму бюджеті небәрі 8,2 пайызды құрайтынын, бұл өте төмен деңгей екенін атап өтті: «Бұл өте төмен көрсеткіш және оны көтеру өте маңызды», - деді ол.

Сондай-ақ ол жиынға қатысушыларға дәрі-дәрмек бағасын реттеу мәселесін қарастыру керектігін және бағаның неліктен әртүрлі екенін анықтау қажеттігін айтты. Ол баға жалпы тұтыну есебіне байланысты болуы мүмкін деген жорамалын жеткізді.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан ОМАРБЕКОВ кәсіпкерлік статистикасына қысқаша талдау жасады.

– Жалпы, біздің бизнес 98,9 пайыз үлесі бар микро және шағын бизнес субъектілерінен құралады. Орта бизнес – 1%, ірі бизнес бар болғаны 0,1%. 2024 жылы ірі бизнестен түсетін салық түсімдері 69,6 пайызды (15,4 трлн теңге), микро және шағын бизнестен – 16 пайызды (3,6 трлн теңге), орта бизнестен – 14 пайызды құрап отыр, - деді Омарбеков теңгерімсіздікті атап. – Яғни, микро және шағын бизнестен түсетін кірістер орта бизнестен түсетін кіріспен бірдей. Яғни, микро және шағын бизнес субъектілерінің саны 2 миллион, ал орта бизнес - 3150 субъект. Салық жүйесінің әділдігі мен ашықтығы принципі бұзылып жатыр деп ойлаймын. Сондықтан микро және шағын бизнесті салықтан босату туралы ұсыныстар орынды емес.

Қандай шешімге келді

Үкімет жұмыс тобы салық реформасын түсіндіру бойынша өңірлерде жұмысын жалғастырады.

Жиын соңында Омарбеков Атыраудағы бүгінгі кездесуде бұл мәселенің кәсіпкерлерді алаңдатып отырғанын, алайда алдағы талқылаулар барысында барлық ұсыныстар ескерілетінін баса айтты.

– Бүгін Атырауда бизнес өкілдерімен ашық сындарлы диалог өтті, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдадық. Олар реформаны одан әрі талқылауда міндетті түрде ескеріледі. Біздің міндетіміз – процесті кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын етіп құрылымдау, - деп сендірді вице-министр.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 ақпан, 18:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.