Атырау, 21 желтоқсан 15:10
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

№4 емхананың дәрігерлері жаңа жыл қарсаңында сыйақысыз қалды

1 081 рет қаралды

Әлеуметтік желіде Атырау қалалық №4 емханасының жаңа бас дәрігері Төлеген Бауыржанның мекеменің 700 миллион теңге қарызы жөнінде хабарлаған аудиожазба тарап жатыр. 

Аудиожазбаға сүйенсек, емхана қызметкерлері бұл қарызды сыйақыдан бас тарту арқылы өтеуі керек. «АЖ» облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түсініктеме сұраған еді. Емхананың баспасөз қызметінен жауап келді: 

- № 4 қалалық емхананың директорының міндетін атқарушы Төлеген Б.Д. 2024 жылдың 14 ақпанында қызметке тағайындалды. 2024 жылдың аяғына дейін 635 миллион теңге сомасындағы кредиторлық берешектің 500 миллион теңгесі өтелді. 2024 жылдың 30 желтоқсанында №4 қалалық емхананың қызметкерлері директорға жылдағы жұмыс қорытындысы бойынша сыйақы бөлу туралы мәселемен жүгінді. Алайда емхананың 135 млн теңге көлемінде өтелмеген кредиторлық берешектің болуына байланысты сыйақы беру мүмкін емес. Денсаулық сақтау министрлігінің №238 бұйрығына сәйкес ақшалай сыйақылар және қосымша ақшалай сыйақылар қаржылық ресурстар болған жағдайда беріледі. Бұл жөнінде №4 қалалық емхана қызметкерлеріне түсініктемелер берілді, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін бұл аурухананың бұрынғы басшысы 231,8 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталған болатын. 

Былтыр қазан айында Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет №4 қалалық емхана директорын бюджет қаражатын ұрлағаны үшін ұстаған болатын. 

Іс сотқа жетті. Атырау қалалық №4 емханасының директоры Е.Сабиров, шаруашылық меңгерушісі А.Әлжанова, бас есепші М.Дүйсенғалиева және кәсіпкер А.Ералиева кінәлі деп танылды. 

«Ақша кәсіпкерге заң талаптарын бұза отырып жасалған келісімшарттар бойынша нақты көрсетілмеген қызмет үшін аударылған», - деп хабарлады Антикор.

Сот үкімімен әқайсысына 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза мерзімінен бөлек емхана басшысына өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды. Қалған сотталушылар 7 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты қызметтер атқару құқығынан айырылды. 

2024 жылдың қазан айында қалалық емханалардың бірінің есепшісі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде (573 миллион теңге) иемденгені, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айнұр САПАРОВА

6 қаңтар, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.