Атырау, 19 желтоқсан 06:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Атыраудағы терможаңғырту: тұрғын үйлер қысқа дайын емес

303 просмотра

Атырау қаласындағы Азаттық 42 А тұрғын үйінде термомодернизация жұмыстары тоқтап тұр. 1969 жылы пайдалануға берілген бес қабатты бұл үйде 60 пәтер бар. Тұрғындар биылғы қыста аяқталмаған жөндеу жұмыстары қиындық туғызады деп алаңдап отыр.   

Тұрғындар атынан олардың шағымын редакцияға жеткізе келген Балтабек ҚҰРМАНҒАЛИЕВ биыл термомодернизациядан өтуге бөлінген қаражат қайда кеткенін білгісі келеді. Ол мердігер бюджеттен қаржы бөлінбей отырғасын жұмыстарды уақытша тоқтатуға мәжбүр дейді.

Қыркүйекте басталған жұмыстар нәтижесінде үйдің жертөлесіндегі коммуникация желілері ауыстырылып, терезелері жаңартылған. Алайда, сыртқы жұмыстар әлі аяқталмаған. Шатырды ауыстыру жұмыстары жасалғанымен, электр желілерін жаңарту мен подъезд ішіндегі жөндеу тоқтап тұр. 

- Құрылысшылар материалдарын алу үшін банктен несиеге қаржы алды. Бірақ бюджеттен қаражат бөлінбей, жұмыстар тоқтап қалды. Қыс келіп қалды, ал сыртқы жұмыстар әлі тұр. Подъезд іші ретсіз: кафель төселмеген, электр желілері ескі күйінде қалды, – дейді Б.Құрманғалиев. 

2023 жылы Атырауда терможаңғырту бағдарламасы бойынша көппәтерлі 25 тұрғын үй жөндеуден өтетіні хабарланған. Олардың ең ескісі 1945 жылы салынған, ең соңғысына 20 жыл болған. Термомодернизация бағдарламасы аясында бұл жұмыстар құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған. Тізімдегі 25 үйдің қатарында Азаттық 42 А мекенжайында орналасқан тұрғын үй де бар.

Б.Құрманғалиев бір тендер жылына тек екі үйге ғана жөндеу жүргізетінін ескерсек, қалған үйлердің жұмысы тоқтап, уақытылы аяқталмайды. Бұл үшін бір жылда 12 мердігер компания қатар жұмыс істеуі қажет дейді. 

Тұрғындар қаржы мәселесі жақын арада шешілмей, жұмыстың мүлдем аяқталмай қалуынан қорқады.

Тұрғын үйлерді термомодернизациялауға бөлінген қаржы қайда кетті? Осы және өзге сауалдарымызды қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек ТӨЛЕГЕНГЕ жазбаша жолдадық.

Оның сөзінше, 2024 жылы «Нұрлы жер - 2025 жыл» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына 1 млрд 337 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, 27 көпқабатты үйді жөндеу жоспарланған. 

Жоспарға сәйкес, 18 үйге күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, кіреберістерді жөндеу және жертөлелердегі инженерлік желілерді толықтай жаңарту жатады. Сонымен қатар, 9 үйдің лифті жаңартылады.   

Ғасырбек Төлегеннің сөзінше, терможаңғырту бағдарламасы аясындағы жөндеулер тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттырып, жылу шығындарын азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта 27 үйдің 85%-ында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

"Модерн Технолоджи Сервис" ЖШС директоры Ержан ЕСКАЛИЕВ жұмысшылардың жалақысын төлей алмай отырғанын айтады:

- Терможаңғыртудың ақшасы көктемде бөлінген. Бірақ су тасқыны кесірінен жұмыстар тұрып қалған соң қайта республикалық бюджетке кетті. Күзде біз жұмысты бастадық. Республикалық бюджеттен 50 пайыз ақша беріп, жұмыстарды бастай беріңдер деді. Қазір жұмыстың 80 пайызы орындалып тұр. Қалғанын береміз, әзірге ақша жоқ деді. Бұл мәселені жергілікті бюджеттен шешсе ғой... Несие алсақ та, жұмысшыларға ақша төлей алмай отырмыз, - деді Е.Есқалиев.

Айнұр САПАРОВА

28 қараша, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.