
Бүгін, 1 қарашада қазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында шешуші белдесуін өткізеді. 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз Ресей өкілі Иналбек Шериевпен кездеседі.
Бұл финал Қазақстан құрамасы үшін ерекше маңызға ие. Нұрқожа Қайпанов – ел намысын қорғап, өз алаңымызда өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын медалі үшін шешуші белдесуге жолдама алған жалғыз қазақстандық спортшы.
Жарыс Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтуде. Енді қазақстандық балуан өз жанкүйерлерінің алдында әлем чемпионы атағын қайта жеңіп алуға мүмкіндік алып отыр.
Финалға дейін төрт жеңіс
Шешуші белдесуге жету үшін Нұрқожа Қайпанов төрт мықты қарсыласын жеңді.
Алғашқы белдесуінде қазақстандық балуан Косово өкілі Эгзон Джониді 10:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Одан кейін әзербайжандық Тұран Байрамовтан 4:0 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Қайпанов Тәжікстан өкілі Виктор Рассадинге еш мүмкіндік қалдырмай, 11:0 есебімен жеңіске жетті.
Ал жапониялық балуан, 2025 жылғы 70 келіге дейінгі салмақтағы әлем чемпионы Ёсиносуке Аоягимен өткен жартылай финал аса тартысты болды.
Бұл белдесуде қазақстандық балуан 3:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Нұрқожа екінші рет әлем чемпионы атануы мүмкін
Нұрқожа Қайпановтың халықаралық аренада жеткен жетістіктері аз емес.
Ол 2024 жылы әлем чемпионы атанса, 2019 жылы әлем чемпионатының күміс, ал 2025 жылы қола медалін жеңіп алды.
Сонымен қатар қазақстандық балуан 2019, 2021 және 2025 жылдары үш рет Азия чемпионы атанған.
Енді оның жүлделер қоржынын тағы бір әлем чемпионатының алтынымен толықтыруға мүмкіндігі бар.
Алайда ол үшін турнир барысында сенімді өнер көрсетіп келе жатқан ресейлік Иналбек Шериевтен басым түсуі қажет. Шериев жартылай финалда Словакия өкілі Таймураз Салказановты 3:1 есебімен жеңді.
Финалды қайдан және сағат нешеде көруге болады?
Шешуші белдесу бүгін, 1 қарашада, Қазақстан уақытымен шамамен сағат 18:59-да өтеді.
Өтетін орны – Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешені.
Тікелей эфирді Qazsport телеарнасы көрсетеді. Сондай-ақ белдесуді телеарнаның ресми онлайн платформасынан тамашалауға болады.
В Атырау +11.5