Атырау қаласының №2 сотында "Мұнайшы" ЖШС құтқарушысына үкім шықты: шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Құтқарушы ҚР ҚК-тің 306-бабының 3-бөлігімен ("Тұтынушының өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылық") айыпталды.
Еске сала кетсек, биыл 14 шілдеде «Мұнайшы» спорт кешенінің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік міндеттерін бұзды. Ол 10 жасар қыз баланы ересектерге арналған бассейнге, яғни тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті бөлігіне өткізген. Жүзе алмағандықтан қыз бала бассейнге батып кетті. Сот осылайша құтқарушы тарапынан дер кезінде назар аударылмай, шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптары сақталмауы абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққанын анықтады.
Облыстық сототың баспасөз қызметі хабарлағандай, прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталды. Жәбірленуші тарап келісім шарттарымен келісті.
"Үкім қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін барлық мән-жайлар ескеріле отырып, келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды. Сотталушы кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалды", - делінген соттың баспасөз хабарламасында.
Айнұр САПАРОВА