Атырау, 3 желтоқсан 22:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.58
€ 551.91
₽ 4.93

Ресей мен Солтүстік Кореяның 50 мың сарбазы Курск маңында шабуылға әзірленуде

440 просмотра
Сурет: The New York Times

Ресей күштері Курск облысында Украина қарулы күштері басып алған аймақтарды қайтару мақсатында шабуыл жасауға дайындық кезінде Солтүстік Корея армиясы сарбаздарын қосқанда 50 мың адамдық қол жинады. 10 қарашада АҚШ пен Украинадағы шенеуніктер дерегіне сілтеген The New York Times газеті осылай деп жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Америка өкілдерінің бағалауынша, Ресей өз әскерін Украинаның шығысынан, яғни Мәскеуге басты бағыттан шығармайтындай етіп шоғырландырған. Ресей билігі бір уақытта бірнеше бағыттан қысым жасауы мүмкін деді басылым.

Украина шенеуніктері алдағы күндері Курск облысында Солтүстік Корея әскери қызметкерлері де қатысатын Ресейдің үлкен шабуылын күтіп отырғанын айтты.

Солтүстік Корея сарбаздары қазір Курск облысының батысындағы Ресейдің әскери жаттығуына қатысып жатыр деген ақпарат бұған дейін тараған. АҚШ басшылығы Пхеньян Курск облысындағы Ресей армиясын қолдауға 10 мыңға жуық сарбаз жіберді деп хабарлады.

АҚШ қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Корея сарбаздары Ресей қарулы күштері киімін киген, оларды Мәскеу жабдықтаған, алайда олар өзінің жеке бөлімшелерінде соғысуы мүмкін. Пентагон өкілдерінің дерегіне сүйенген басылым Ресей Солтүстік Корея сарбаздарын артиллерия шабуылына, жаяу әскердің негізгі тактикасына және траншея тазартуға үйретіп жатыр деді. Бұл дайындықтан Солтүстік Корея сарбаздарынан құралған үлкен топтың кемінде бір бөлігі Украинаның күшейтілген қорғаныс позицияларына қарсы шабуылға қатысады деген болжам бар.

Сарапшылар Солтүстік Корея сарбаздары жеңіл жаяу әскер ретінде, беренді көліктерсіз соғысады деген болжам айтты. Осыған байланысты Украинаның қазіргі артиллериямен шабуыл тактикасы дрон шабуылдарымен бірге Ресейдің қорғалмаған позицияларына үлкен зиян келтіреді деп айтылған.

Өткен демалыс күндері биыл тамызда Ресейдің Курск облысындағы аумақтың бір бөлігін бақылауға алған Украина күштері мен оларды шығармақ болған орыс әскері арасында шайқас болған деген хабар тарады. Ресейлік блогерлер Суджа ауданының солтүстігінде ауыр шайқас болды деді. Украина күштерінің бас штабы Ресей әскері Украина қарулы күштерінің позицияларына 23 рет шабуыл жасады деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин 9 қарашада Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды. Екі тарап биыл маусымда Путин Солтүстік Кореяға сапармен барған кезде стратегиялық серіктестік туралы келісім жасасқан. Құжатқа сәйкес, тараптардың біріне қарулы шабуыл жасалса, екіншісі дереу әскери және өзге де көмек көрсетуге міндетті.

НАТО Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастық кеңейгенін айыптады. Альянс мәлімдемесінде Солтүстік Корея сарбаздарын Ресейге жіберу БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзады делінген.

11 қараша, 14:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.