Атырау, 2 қараша 11:36
 дождьВ Атырау +1.9
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

Азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығы: Конституциялық соттың түсіндірмесі

67 рет қаралды
ЖИ арқылы жасалған сурет
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қазақстанның Конституциялық соты жалпы юрисдикциядағы соттардың талап арыздарды қайтаруына қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство құжаттардың қайтарылуы азаматтарды сот арқылы қорғалу құқығынан айырмайтынын атап өтті.

Бұл мәселеге Қазақстан азаматының мемлекеттік органдардан, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарынан келтірілген зиян үшін өтемақы өндіріп алуға тырысқан өтініші себеп болған. Бірінші сатыдағы сот процестік талаптардың сақталмауына байланысты талап арызды қайтарған, ал апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Өтініш беруші Азаматтық процестік кодекс нормасы (АПК-нің 152-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасы) талап арызды қайтару негіздерін жеткілікті дәрежеде нақты айқындамайды деп есептеген. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау кезінде мемлекеттік баж төлеу бойынша жеңілдіктердің болмауы сот төрелігіне қол жеткізуді шектейді деп санайды.

Материалдарды зерделеген Конституциялық сот сот арқылы қорғалу құқығына Конституция кепілдік беретінін, алайда оны жүзеге асыру тәртібі заңнамамен реттелетінін мәлімдеді.

«Белгіленген талаптардың сақталмауы, соның ішінде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың болмауы талап арыздың қайтарылуына негіз болуы мүмкін. Алайда азамат жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін сотқа қайта жүгінуге құқылы, сондай-ақ талап арызды қайтару туралы ұйғарымға шағым жасауға болады. Демек, арыздың қайтарылуы сот арқылы қорғалу мүмкіндігін жоққа шығармайды», — деп түсіндірді конституциялық бақылау органы.

Мемлекеттік баж бойынша жеңілдіктерге қатысты талаптарына келсек, өтініш беруші 2017 жылғы Салық кодексінің 616-бабына сілтеме жасаған. Конституциялық сот аталған құжаттың күшін жойғанына назар аударды. Ал қолданыста жоқ нормативтік актілерге қатысты өтініштер сот өндірісіне қабылданбайды.

Бүгін, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.