Атырау, 2 қараша 11:15
 дождьВ Атырау +1.9
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

Павлодарлық зейнеткер шенеуніктерді сотта жеңіп, саяжайын жеке меншікке рәсімдеді

85 рет қаралды
ChatGPT көмегімен жасалған сурет
ChatGPT көмегімен жасалған сурет

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қараусыз қалған саяжайды он жылдан астам уақыт бойы күтіп-баптап, оны өз меншігіне рәсімдей алмай жүрген 75 жастағы жергілікті тұрғынның талабын қанағаттандырды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 2003 жылы саяжай тұтыну кооперативіндегі (СТК) жер учаскесінің бастапқы иесі қайтыс болған кезден басталған. Кейін оның мұрагерлерінің бірі де өмірден өткен. Жер учаскесі ұзақ уақыт бойы қалған туысының атына тіркеліп тұрған. Алайда кейін иесіз мүлік деп танылып, Павлодар қаласының коммуналдық меншігіне өткен.

Осы жылдар бойы қараусыз жатқан жер учаскесіне бір күні зейнеткердің көзі түседі. Кооператив басшылығының келісімімен қария аумақты абаттандыруға кіріседі. Ол жерді толығымен тазалап, түрлі дақылдар өсіріп, су ақысын уақтылы төлеп, он жылдан астам уақыт бойы учаскені күтіп-баптаған.

Зейнеткер жерді жеке меншікке заңды түрде рәсімдеуге шешім қабылдағанда, шенеуніктер оған бас тартқан. Уәкілетті орган өз шешімін саяжайдың қала құраушы зауыттың санитариялық-қорғау аймағында (СҚА) орналасқанымен түсіндірген.

Мемлекеттік органның шешімімен келіспеген 75 жастағы павлодарлық сотқа жүгінген.

Сот талқылауы барысында бірқатар маңызды жайт анықталды:

Аумақтың мәртебесі: қолданыстағы санитариялық қағидалар санитариялық аймақтарда жаңа саяжай алқаптарын құруға шынымен тыйым салады. Алайда бұл кооперативтің құрылғанына 25 жылдан астам уақыт болған. Яғни, сөз жаңа құрылыс туралы емес, бұрыннан қалыптасқан аумақ туралы болып отыр.

Қосарланған стандарттар: шенеуніктер мен зауыт өкілдері СТК-ның көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын жоққа шығармаған. Оның үстіне, бұған дейін уәкілетті орган зейнеткердің көршілеріне дәл осы саяжай алқабындағы жер учаскелерін жеке меншікке рәсімдеуге еш кедергісіз рұқсат берген.

Іс материалдарын зерделеген сот шенеуніктердің әрекеттерін заңсыз деп танып, зейнеткердің талап-арызын толық қанағаттандырды.

Сот уәкілетті органға қолайлы әкімшілік акт шығаруды және қария сұраған жер учаскесін оның жеке меншігіне беруді міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бүгін, 09:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.