Атырау, 23 қараша 00:51
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраулық заңды білмегендіктен екі елдің азаматы болған

1 080 просмотра

Атырау облысының 76 жастағы тұрғыны жер аударылған туыстары туралы кітап жазу арманын жүзеге асыру кезінде қиын жағдайға тап болды.

Зейнеткер Владимир Дмитриевич СТАМОВ Ресей төлқұжатын алып, қазақстандық төлқұжатты белгіленген мерзімде қайтармай, Қазақстан заңнамасын бұзған.

– 2018 жылы мен Ресей азаматтығын алуға өтініш бере бастадым, ол маған тек іскерлік мақсат үшін – Ішкі істер министрлігі, КГБ және Ресейдің есірткіге қарсы күрес федералды қызметінің мұрағаттарынан отбасым туралы ақпарат пен тарихи деректерді алу үшін қажет болды. Кішкентай кезімде ата-анаммен бірге жер аударылдым, сондықтан кітабыма арқау болған оқиға мен үшін маңызды, ұрпағым үшін қызықты еді.

Өкініштісі, Қазақстан азаматы ретінде маған бұл ақпарат берілмейтін еді. Мұндай ақпаратты тек ресейлік азамат қана ала алады. Екі жыл ішінде Ресей азаматтығын алдым. Ресей төлқұжатында тіркелген немесе нақты тұрғылықты жері туралы ақпарат болмады. Мен үшін бұл мұрағатқа қол жеткізетін мүмкіндік қана еді.

Қызыл төлқұжатымды алған төрт жылдың ішінде шекарадан сегіз рет өттім. Менің қателігім - 30 күн ішінде қазақстандық төлқұжатымды бермегенім болды. Мен оны тапсыру керектігін білмедім және бұл туралы маған ешкім айтқан жоқ. Қазақстан шекарасында көк паспортты, Ресей шекарасында қызыл паспортты көрсетіп, шекарадан аман-есен өтіп жүрдім.

В.Стамовтың әңгімесіне қарағанда, 10 маусымда көрші мемлекетке кезекті сапары кезінде Құрманғазы шекаралық бақылау бекетінде қазақстандық шекарашылар төлқұжатында шекарадан өткені туралы мөртаңбаның жоқтығына назар аударған. Азаматтық алғаны туралы мән-жайын түсіндіріп, екі төлқұжатын көрсеткенде шекарашылар оның қазақстандық құжатын тартып алған. Стамовты түрмеге қамап, келесі күні сот болған.

Сот шешімімен Владимир Дмитриевич ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігімен («Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзу») кінәлі деп танылып, оған 516 мың 880 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Тәркіленген Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты Құрманғазы АПБ көші-қон қызметі бөліміне өткізіліп, сол жерде жойылады.

– Осыдан кейін үйіме оралдым. 90 күннен кейін маған Қазақстанда тұруға ықтиярхат алмасам, 10 күннен кейін Ресейге депортацияланатынымды ескертті, себебі мен енді еріксіз Ресей азаматы ғана едім.

Жақында В.Стамов азаматтықтан шығу үшін Ресей елшілігіне барған. Бірақ бұл оңай шаруа еместігі белгілі болды. 

– Ол үшін Ресей азаматының шетелдік төлқұжатына өтініш беру керек. Қазір мендегі төлқұжат елдің ішінде пайдалануға арналған. Мұның бәрін жасадым, енді бас тарту үшін осы құжатты күтіп отырмын. Көші-қон полициясы маған алдымен тұруға ықтиярхат алуға, содан кейін екі жылдан соң Қазақстан азаматтығына өтініш беруге кеңес берді. Осының бәріне бір жарым миллионға жуық теңге жұмсадым, банк есепшоттарым бұғатталды, электрондық цифрлық қолтаңбам жойылды, қазақстандық жеке бас куәлігімді алып қойды, зейнетақымды төлеу тоқтатылды. Мен тіпті осы жерден адвокат жалдай алмай, осы мақсатпен Ресейге қайта баруға тура келді. Маған Қазақстан азаматы болып қалу маңызды, оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, азаматтыққа қайта өтініш беру арқылы мен ең төменгі зейнетақы аламын және менің бүкіл сіңірген еңбегім мен 50 жылдық тәжірибем жоқ болады. Осы арада өмір бойы Қазақстанның игілігі үшін еңбек еттім: 30 жыл қоғамдық қызмет өтілім бар, екі рет қалалық, екі рет облыстық кеңеске депутат болып сайландым, он жыл бойына болгар орталығының төрағасы лауазымында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болдым.

...Азаматтық алған кезде қалай және немен өмір сүремін? Аш қаламын ба? Қарт адамды бұлай мазақ етудің не қажеті бар? Заң неге мұндай қатал? Мен өмір бойы елімнің игілігі үшін еңбек еттім ғой, енді неге елім менен бас тартып жатыр? Айыппұл төлегенім жеткіліксіз болғаны ма? Білместіктен жасаған кінәм үшін осылай жасалып жатқанымен келіспеймін.

Қазіргі уақытта азамат Стамов сот қаулысына апелляциялық шағым беру құқығын пайдаланды.

Ал Қазақстанда заң шынымен қатал: адам бір мезгілде біздің елдің де, басқа мемлекеттің де азаматы бола алмайды. «Бірақ оның менікі секілді жағдайларға қатысты түзетулері болуы керек», - деп түйіндеді В.Стамов.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА 

Суретті түсірген автор

27 қыркүйек, 02:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.