Сәулетші-дизайнер Жандос ӘКІМЖАНОВ (суретте) АЖ редакциясына хабарласып, оның авторлық жобасы – ұлттық аспапқа ұқсас пішінде ғимарат құрылысы бойынша әділеттілікке қол жеткізуге өтініш жасады.
Белгілі болғандай, Атыраудағы Нұрсая ықшамауданда құрылысы концерт залымен бірге салуға жоспарланып отырған домбыра тәріздес архитектуралық құрылыс нысаны бірнеше жыл бұрын патенттелген.
Д.Акимжановтың айтуынша, ғимаратты домбыра мүсінінде салу туралы идеяны ол бұдан бірнеше жыл бұрын патенттеп, жобалық эскизін дайындап Атырау облысы әкімдігіне ұсынған. Алайда сол кезде қаражат жоқ деген жауаппен идеясы қолдау таппаған.
- Өзім жобалаушы архитектор болған соң, домбыра пішіндес 6 қатарлы ғимараттың жобасын жасақтадым. Ғимараттың ішінде музей, концерт залы бар және жеделсатымен ең биігіне көтеріліп, қаланы тамашалайтын шолу алаңын кірістірдім. Сөйтіп идеямды патенттеп, оны кезінде өзім қызмет еткен Атырау облысы әкімдігіне және басқа да облыстарға жолдағанмын. Бірақ қаражаттың жоқтығынан қолдау таппаған еді. Ал биыл қаңтар айында әкімдік Нұрсаядағы құрылысы тоқтап қалған концерт залының орнына жаңадан концерт зал салынады, алдында шолу аймағы бар домбыра пішіндес сәулеттік ғимарат болады деп хабар таратты. Бұл жерде құрылыс басқармасы менің авторлық идеямды ұрлап отыр, - дейді архитектор.
Айта кетейік Джандос Акимжанов Атырау облысында Бергей РЫСҚАЛИЕВ әкім болып тұрған кезде облыс әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.
Акимжановтың айтуынша, ол кейін Атырауда салынатын концерт залының жобасын жасақтаған «Engineering center ltd» ЖШС мекемесіне де хат арқылы шыққан. Мекеме басшысы В.Ставицкийдің қолы қойылған хатта:
«2023 жылдың 05 қазанында «Engineering center ltd» ЖШС мен "Атырау облысы құрылыс басқармасы" ММ арасында «Атырау қаласында қолданыстағы ғимаратты бұзып, орнына 1200 орындық концерттік залы мен тарихи-өлкетану мұражай құрылысының жобалық құжаттамасын әзірлеу» жобасы бойынша келісім-шарт жасалды. Қазір осы аталған жобаның жобалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Оның ішінде бізге «Домбыра» монументі бойынша эскиз, сызба, контур немесе басқа да материалдар түскен жоқ. Біз әзірлеп жатқан өнім - біздің шығармашылық ұжым жұмысының нәтижесі. Әзірленіп жатқан жобалық құжаттамада кіреберісінде шолу алаңы бар «Домбыра» монументі түріндегі шешім қарастырылмаған, жобада кіреберісте сыртқы шолу алаңы жоқ стелла бар. Сөз жоқ, домбыра – қазақ ұлтының музыкалық аспабы, қазақ музыка өнерінің алтын қазынасы. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде осы мемлекеттік символды пайдалану заңға қайшы келмейді», -деп жауап жазылған.
Атырау облыстық құрылыс басқармасы редакция сауалына «Басқарма Акимжановтың домбыра құрылысын салу туралы патенттелген идеясымен таныс емес, сондай-ақ басқарма тарапынан жобалаушы мекеме «Engineering center ltd» ЖШС-не «Домбыра» монументін салу идеясы ұсынылған жоқ» деп жауап берді.
Ал эскиз авторының айтуынша, он бұл құрылыстың салынуына қарсы емес. Оны осы жобаға соавтор ретінде қосып, еңбегін төлесе болды. Оның үстіне ғимарат жақсы болып шығу үшін барлық идеямды ұсынар едім, дейді ол.
"Күйші Құрманғазының туған өлкесінде домбыра пішіндес ғимараттың салынғаны маған да жақсы, - дейді Д.Акимжанов. - бірақ авторлық құқық туралы заң да сақталуы тиіс".
Енді сәулетші патент алған авторлық құқын пайдаланып, конституциялық сотқа дейін баратынын айтады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ