Атырау облысында мұнай өндірумен айналысқан «5AOIL» мұнай компаниясының бұрынғы бес қызметкері өздерін жұмыстан себепсіз босатты деп санайды.
Олар қалалық прокуратураға «жұмыстан заңсыз шығарды» деп арыз түсірді. Арызында «штат қысқартылуына байланысты» деп өздерін жұмыстан шығарған компания әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрайды. Арыз иелері «қысқартудың артында еңбек құқығын талап ететін белсенділерден тазарту тұр» деп есептейді.
«5AOIL» ЖШС кәсіпорнының Атырау облысы Мақат ауданында онға жуық кен орны бар. Компания биыл 1 шілдеден бастап жұмысын тоқтатты. 21 маусым күні барлық қызметкерлеріне штат қысқартылуына байланысты еңбек шартын бұзу туралы хабарлама таратқан. Хабарламада компания жұмысының тоқтату себебін «жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуына байланысты» деп көрсеткен. Сонымен қатар, компанияның жер қойнауын пайдалану құқығы жаңа құрылған «Jasyl Energy» компаниясына берілетіні жазылған. Қысқартуға ұшыраған қызметкердің көбі «өз еркімен жұмыстан босатуды» сұрап арыз жазып, «Jasyl Energy» компаниясына жұмысқа алынған. Ал компанияның штат қысқарту туралы шешімімен келіспеген 11 қызметкерге жаңа компаниядан жұмыс ұсынылмады. Олар 21 маусымда еңбек шартын бұзу туралы хабарлама алғанына тура бір ай өткен соң жұмыстан босатылды. Компания шешіміне наразы болғандар басшылардан жұмысқа орналастыруды сұрап, арыз жазады. Бірақ, олардың арызы қанағаттандырылмайды.
Жұмыссыз қалғандардың бірі - Қуаныш АЯЗБАЕВ. Оның сөзінше, компания басшылары қысқартуға қарсы болған 11 адамға штат қысқартуға байланысты еңбек шартын бұзу туралы хабарламаға «келісемін» деп қол қойса, жұмыстан айырылуына байланысты өтемақы беретінін айтқан.
Осыдан кейін 11 адамның алтауы келісімге қол қойған. Кейін компанияның штат қысқартуға байланысты шешімімен келіскен-келіспеген 11 адамның бәрі де жұмыстан айырылуына байланысты төленетін өтемақы алған. Алты адамнан басқасы- қалған бес адам әлі күнге дейін өздерін жұмысқа қайта орналастыруды талап етіп жүр.
Ниязбаев «5AOIL» компаниясы жұмысты ресми түрде тоқтатып, қызметкерлерді жаппай қысқарту арқылы «бізден құтылмақ болды» деп топшылайды. «Компания басшыларына еңбек құқығын талап етіп, белсенді болғанымыз ұнамаған болуы керек» дейді ол.
- Мен «5AOIL» компаниясында 11 жыл бойы Қарсақ деген жерде Маңғыстау-Самара құбыр желісіне мұнай жөнелтетін терминалда мұнай құю операторы болып жұмыс істедім. Қарсақ деген жерге Мақат ауданындағы Асанкеткен кен орнынан мұнай тасиды. Келген мұнайды қабылдап алатынмын. Осы жылдарда бірде-бір тәртіп бұзбадым, бірде-бір рет ескерту алмадым. Ал жаңадан құрылған «Jasyl Energy» компаниясы менің орныма кісі алған.
Біз қысқартудың алдында жалақы көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды, инфляцияға байланысты жалақы индексациясын, зиянды жұмысқа төленетін төлем, материалдық көмек, сыйақы төлеу мәселелерін қозғадық. Мұнай компаниясында істейміз, жалақым 225 мың теңгемен шектелді. Осы мәселелерді көтеріп, кәсіподақ құрдық. Атырауда өткен жиында да 11 маусымда бұл мәселе қозғалды. Сол кезде басшыларға «осыдан кейін қуғынға ұшырамаймыз ба?» дегенде, олар «жоқ» деп жауап берді. Кейін қысқарту туралы хабарлама берді қолымызға".
Компания жұмысын тоқтатпас бұрын бір айға жетер-жетпес уақытта 11 адамның жетеуі белсенділігімен көзге түскен. Оның ішінде Ниязбаев та бар. Олар ұжымның атынан компания басшылары алдында сөз сөйлеп, жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жұмыс берушілермен келіссөз жүргізіп, жұмысшылар құқығын қорғау үшін жұмыс орнында кәсіподақ ұйымын құрған. 11 маусым күні Атырау қаласында компания кеңсесінде өткен жиында мәселелері қарастырылатыны айтылған. Бірақ, 21 маусым күні компания жұмысының тоқтатылуына байланысты штат қысқартылатыны жөнінде хабар алған. Қуаныш Ниязбаев та басқа әріптестері секілді «компания жұмысын тоқтату туралы жоспарын неге сол 11 маусым күні айтпады бізге?» деп түсінбейді. Олар жұмысын тоқтату туралы шешімді аяқ астынан қабылдаудың артында өздері секілді «басшыларға ыңғайсыз жұмысшылардан құтылу үшін әдейі жасап отыр» деген ойда.
Айса САНБАЕВ та «еңбек жағдайын жақсартуды талап еткеніміз үшін басшыларға жақпай қалдық» деп есептейді. Ол компанияда құрылған кәсіподақтың төрағасы болып сайланған. Белсенді қызметкерлердің бірі болған.
- Мен жұмысшылардың жалақысын көтеруін ұсынғанмын. Басшылар «компания жағдайы нашар» деп, жалақыны өсіре алмайтынын айтқан. Бірақ біздер компания атынан, кәсіподақ атынан мемлекеттік органдарға қаржылық жағдайын тексеруге ұсыныс жасаймыз деген ниет білдіргенбіз. Сол оларға ұнамай қалды деп ойлаймын өз басым, - дейді А. Санбаев.
Ал Ержан ИЩАНОВ «компания басшыларының әрекеті сенімсіздік ұялатқан соң өз құқымызды заң аясында қорғауды жөн санадық» дейді.
- Компаниямен арада жыл аяғына дейін келісімшарт барына қарамастан «мекеме жабылып жатыр» деп, бізді заңды түрде ескертпестен, түсіндірместен «жұмысты өз ерікіңмен босат», «арыз жаз» деп мәжбүрледі. Хат кадр бөлімі маманы Майгүл Қайреденовадан келді. Біз мәжбүрлі түрде арыз жаздырып, қол қойдыру әрекетіне қарсы болдық. Қол қоймай, сенімсіздік білдірдік. Бізді жұмыстан қысқартуға белсенділігіміз негізгі себеп болып отыр деп санаймыз. Бұған дейін біз жұмысшылар болып, мекеме басшысынан еңбекақымызды өсіруді өтінгенбіз. Ал олар керісінше жылдық еңбек демалысының ақысын қиды. Сосын компания жұмысшылары басшылықтың бұл әрекетіне наразы болдық. Осыған байланысты Жаңа Мақат кен орнында жиналыс ұйымдастырылып, сол жиналыста басқарма басшысының орынбасары АБЛАЕВ Қалижан Жолымбекұлы мәселені шешетініне уәде берді және арыз-талаптарымызды басқарма басшысы Ақжан ҚАСЕНОВКЕ жазбаша күйінде өтінуімізді талап етті.
Кейін 26 наурызда ҚР Еңбек кодексінің 156-бабына сүйеніп, ұжымдық шарт жасау туралы жұмысшыларға А.Қасеновтан хат келді. Басшылық тарапынан ұжымдық шарт жасау туралы түсіндірме жұмыстары болмаған соң, «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағы» аумақтық қоғам бірлестігі төрағасының орынбасары Асқар БИСЕНОВКЕ жолығады. Белсенділер жұмысшылармен ақылдасып, жиында «5AOIL»компаниясының кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық шарт ұсынған.
- 11 маусым күні Атыраудағы кеңседе басшылармен ұжымдық шартты талқыладық. Сол кезде де жалақыны 100 пайызға көтеруді талап еттік. Бірақ, басшылық тарапынан жалақыны көтеру мәселесін қарастыратынын, бірақ 100 пайыз көтере алмайтынын айтты. Бір айға да жетпейтін уақыт өткен соң аталған 11 жұмысшы жұмыстан қысқартылатыны туралы хабар алды, - дейді Е. Ищанов.
Оның сөзінше, компания басшысының орынбасары Қ.Аблаев «ұжымдық шарт бір ай ішінде қаралады» деп айтқан.
- Бірақ, жиыннан соң он күн өткенде бізді жұмыстан босататыны туралы хабарлама берді. Бұдан кейін бізден құтылмақ болған деген ойға келдік, - дейді ол.
Рүстем ШІЛБАЕВ «өтемақы алуға келісемін» деп қол қойғандардың бірі. Бірақ ол да жұмысқа қайта қосуды талап етіп жүргендерді қолдайтынын және өзі де соны талап ететінін айтады.
- Бізбен бірге жұмыс істеген 11 адамнан басқасы «Jasyl Energy» компаниясына алынды. Біздің жұмыс орнымызға басқа адамды алып отыр. Бізді жұмысқа алуды сұраймыз. Қазір далада қалдық. Біз «5AOIL» компаниясында жалақыны көтеруді, сыйақы төлеуді талап еттік. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін төленетін кәсіби төлем төленген жоқ. Денсаулыққа зиян әкелетін жұмыста жүрдік, сол үшін еңбек жағдайын жақсартуды талап еттік, ұжымдық шарт жасауды ұсындық. Сол үшін талаптарымызды алға тартып, 116 адам кәсіподақ құрамыз дедік. Бізбен келіскендей сыңай танытып еді, кейін қысқартуға ұшырадық, - дейді Р. Шілбаев.
Жұмысқа орналастыруды ашық талап етіп жүрген бес адам - Қуаныш Ниязбаев, Ерболат Есниязов, Айса Санбаев, Ержан Ищанов және Марат Марданов қалалық прокуратураға арыз жазбас бұрын Атырау облысының еңбек инспекциясы басқармасына да «жұмыстан заңсыз шығру», «жұмыс ұсынбау» бойынша шағым түсірген. Бірақ, олардың арызы «5AOIL» компаниясы Алматы қаласында тіркелгендіктен Алматы облысының еңбек инспекциясы басқармасына жолданған.
"АЖ" сөйлескен Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кемел ИМАНҒАЛИЕВ бес адамның атынан «5АOIL» компаниясы1 шілдеге дейін табиғат пайдаланушы болып келгенін, кейін орнына «Jasyl Energy»компаниясы келгенін айтты.
- «5АOIL» компаниясында 140-тың үстінде жұмысшы болған. Компания 1 шілдеден бастап жаңа мекеме келуіне байланысты жұмысшылардың 95 пайызы өз еркімен жұмыстан шығып, жаңа мекемеге өткен. Біз «Jasyl Energy»мекемесіне 11 адамның жұмысқа қабылданбау себебін сұрап, сұраныс хат жібердік. Олар «біріншіден бос орын жоқ, екіншіден, Еңбек кодексінің 23-бабына сілтеме жасап, жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау кезінде таңдау құқығы бар» деп жауап беріп отыр. Расында заңға сәйкес, жұмыс берушінің кімді қабылдайды-қабылдамайды таңдау еркіндігі бар. Біз оларды міндеттей алмаймыз, - деп түсіндірді К.Иманғалиев.
Ал 25 шілдеде Алматыдағы еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары С.Оразбековтың атынан арыз иесі Ержан Ищановқа мынадай жауап келген:
«2024 жылғы 21 шілдеден бастап ҚР еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесі жүзеге асырады. Осыған байланысты еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның өкілеттілігі тоқтатылып, соған сәйкес құқықтық статистика органдарында ҚР еңбек заңнамасының нормаларын бұзу мәселелері бойынша жоспардан тыс тексерулерді тіркеу және жүргізу уақытша тоқтатылады. Осылайша қазіргі таңда сіздің өтінішіңізді қарастыру мүмкіндігі жоқ».
Ал «5AOIL» мұнай компаниясының басшысы Ақжан Қасенов "АЖ" тілшісіне берген комментарийінде «бұл арада еңбек заңнамасы бұзылған» деген уәжбен келіспейді. Ол компанияның жер қойнауын пайдалануға арналған энергетика министрлігінің келісімшартын «Jasyl Energy» компаниясына сатып жібергенін айтты.
- Акционерлер келісімшартты сатып жіберуді шешті. 11 адамды жұмысқа қабылдамады. Бірақ бұған келіскен 6 адамға өтемақы төленді. Қалған 5 адам сол компанияға «Jasyl Energy» компаниясына жұмысқа алуды талап етіп отыр. Қысқарту туралы хабарлама барлық қызметкерге келген. Бәрін де жұмыстан шығардық.«5AOIL» компаниясында қазір тек өзім және есепші қалдық. Компания жұмысы уақытша тоқтап тұр, - деді ол.
«Jasyl Energy» компаниясы да Алматыда тіркелген. Компанияның қазіргі бас директорының орынбасары Қалижан Аблаев та «5АOIL» компаниясында да басшының орынбасары лауазымында болған. Ол «5АOIL» компаниясынан өз еркімен жұмыстан шығу туралы арыз жазып, бір ай бұрын ғана «Jasyl Energy» компаниясына жұмысқа алынғанын айтады. Оның сөзінше, «5АOIL» компаниясында 200-ге жуық адам жұмыс істеген. Соның 95 пайыздан астамы осы «Jasyl Energy» компаниясына жұмысқа алынған. Ал «еңбек құқығын талап етіп, белсенді болғанымыз үшін жұмысқа алынбай отырмыз» деген 11 адамның сөзіне қатысты Аблаев нақты ештеңе айта алмады, тек «компания басшылары жұмысқа кімді алатынын өздері шешеді, бұл - басшылардың шешімі» деп жауап берді.
"АЖ" хабарласқан «Jasyl Energy» компаниясының басшысы Заря РЗИЕВА белсенді жұмысшылардың «бізді әдейі жұмысқа алмады» деген уәжіне қатысты комментарий бермеді. Тек Аблаевтың сөзін қайталады. Одан өзге «5AOIL» мен «Jasyl Energy» компанияларының екі бөлек мекеме екенін және иелері бөлек екенін айтты.
Облыстық еңбек инспекциясы мен облыстық прокуратураға жұмыстан шығару дерегінің заңдылығын анықтау үшін арызда бес адам компанияның сотқа дейін бұл дауды шеше алмай отырғанын жазған. Олар «жаңа құрылған «Jasyl Energy» компаниясына «5AOIL» компаниясының 143 қызметкері жұмысқа алынады да, 11 адам жұмыссыз қалды» деп, еңбек заңнамасының бұзылып отырғанын келтіреді. Ал «5AOIL» компаниясының басшысы Ақжан Қасенов арызданушыларға өз жауабында былай деген:
«Сотқа дейін жеке еңбек дауларын қарайтын келісу комиссиясын құру компанияда қызметкерлер өкілдері болмауы себепті мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты арыздары келісу комиссиясы отырысында қарастыра алмайды».
Енді жұмыссыз қалған бес адам прокуратура жауабы келген соң келесі аптада компанияны сотқа бермек.
Айнұр САПАРОВА