Атырау, 11 қазан 08:25
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Қыркүйек айында Атырау көшелеріне 2 есеге көп көлік шықты

1 599 просмотра

Арнайы «АЖ» сұрауы бойынша Sergek ITS сарапшылары оқу жылының басында қарбалас уақытта қала көшелерінде ең көп көлік ағыны қай жерде шоғырланатыны туралы ақпарат ұсынды.

«Көлік кептелісі Азаттық, Сұлтан Бейбарыс пен Қ.Сәтпаев даңғылында, сондай-ақ Құрманғазы көшесінде тіркелген», - деп жазады Sergek Group баспасөз қызметінің жетекшісі Мәнсия МҰСАТАЕВА. - Талдау 26 тамыз дүйсенбі мен 2 қыркүйек дүйсенбі күнгі жолдардағы орташа көлік ағынының жылдамдығы мен саны секілді параметрлерге негізделді. Таңғы сағат 7:00-ден 8:00-ге дейінгі уақыт аралығы алынған. Зерттеуге Атыраудың ең көп көлік жүретін көшелері қамтылған».

Нәтижесінде 2 қыркүйек күні таңғы сағат 7:00-де Сәтпаев даңғылымен тамыз айындағы дәл осы күнмен салыстырғанда көлік 2 есеге жуық көп жүргені белгілі болды. 26 тамыздағы көрсеткіш 3,3 мың көлік болса, 2 қыркүйекте 6 мыңнан астам автокөлік жүрген. Таңғы сағат 8:00-ге қарай көлік ағынының жылдамдығы 25%-ға төмендеген.

Құрманғазы көшесінде таңғы сағат 7-ге қарай 5 мыңнан астам көлік тіркелсе, тамыз айында бұл уақытта көшеде 3 мыңға жуық көлік жүріп жатты. 2 қыркүйекте таңғы сағат 8-де Құрманғазы көшесінде 10 мыңнан астам көлік жүріп, орташа ағын жылдамдығы 16%-ға төмендеді.

Дәл осындай көрініс Азаттық пен Сұлтан Бейбарыс даңғылдарында да байқалады. Мұнда көлік ағынының жылдамдығы орташа есеппен 15-20%-ға төмендеді.

«Оқу жылы басталғанда жолдағы жылдамдықтың төмендеуіне байланысты Sergek Group атыраулықтарға діттеген жеріне дер кезінде жету үшін 30%-ға көбірек уақыт бөлуді ұсынады. Өйткені, оқу басталмай тұрып жүргізуші бір сағаттай жолда жүрген болса, қазіргі жылдамдық пен кептелісті ескерсек, оның жолы шамамен бір сағат 20 минутты алады», - деп түйіндеді Sergek ITS мамандары.

Айтпақшы, қаладағы көліктердің жалпы саны көбеймегені де айтылды. Тек олардың бәрі қарбалас уақытта көшеге бір уақытта шығады.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Sergek ITS (Intelligent Transportation System) – талдауға, бақылауға және болжауға арналған интеллектуалды көлік жүйесі. Ол қаладағы кептелістердің себептерін анықтауға, қоғамдық көліктердің тиімді маршруттары мен кестелерін жасауға, қала инфрақұрылымының жоспарын өзгертуге, сондай-ақ адамдардың бару-келу көші-қоны себептерін анықтауға мүмкіндік береді. 

Жомарт ӘМІРХАНОВ

12 қыркүйек, 21:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.