Атырау, 11 қазан 08:33
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Гурьев көпірлері

Сурет
1 627 просмотра

Биыл Атырау қаласына 384 жыл толып отыр. Назарларыңызға «Былина» этномәдени бірлестігінің басылымы парақтарында жарияланған қаладағы көпірлердің салыну тарихы туралы әріптесіміз, өлкетанушы Лев Гузиковтың қызықты зерттеуін ұсынамыз.

«...бұларсыз қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк»

ХХ ғасырдың басына дейін Гурьевте Жайық сияқты үлкен су артериясы болғанымен бірде-бір көпір болған жоқ. Революцияға дейін қала ғимараттарының басым көпшілігі Самар бетінде орналасқан, сондықтан да әскери-стратегиялық пайымға сүйене отырып, тіпті қарапайым инженерлік құрылысты салу қажеттілігі туындамады. Ал 100 пайызға дерлік балық аулайтын халық үшін кез келген уақытта арғы бетке өтуде еш қиындық болған жоқ. Қайықтар толы болатын! Ал ірі жүктерді (мал, арба, т.б.) тасымалдау үшін паром өткелі жұмыс істеді. Мұнайлы Жайық-Ембі ауданын өнеркәсіптік игеру басталған кезде ғана алғашқы көпірді салу туралы айта бастады.

М.Қ. Кипиевтің «История и культура Атырау в русских источниках XVIII-XX веков» атты кітабынан алынған сурет

Айта кету керек, Орал казактары ғылыми-техникалық прогреске – өзен кеме қатынасын ашуға, темір жол, көпір салуға... жан-жақты қарсылық көрсетті. Бұл бір жағынан олардың консервативті көзқарастарымен, екінші жағынан тіршілік негізі – балық қорын сақтау жөніндегі алаңдаушылықпен түсіндірілді. Сөйтіп, 1912 жылы 15 қыркүйекте өткен әскери съезд Гурьев мұнайшыларының уезд аумағында теміржол магистралі мен өзен арқылы көпір салу туралы өтінішін қарап: «Балықты үркітіп алмау үшін «Уралка» мұнай компаниясының өтінішінен бас тартылсын. Бізге көпір де, шойын да керек емес. Бұларсыз қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк» деп қаулы етті.

Самар бетінің көрінісі

Бұл сондай айқын қарар болды, бірақ айта кетерлік жайт, ол кезде Гурьевте алғашқы көпір болған!

Алғашқы көпірді кім салды

Күні кешеге дейін алғашқы Гурьев көпірінің салынған күні белгісіз еді. Өлкетанушылар, соның ішінде осы жолдардың авторы осы күнге дейін сақталған фотокарточкаларды қарап, «XIX ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы» деген бұлыңғыр тұжырым жасап жүрді.

Геолог Александр Николаевич Замятиннің «По Уральской области» монографиясын зерттеу бұл мәселеге біршама түсінік берді. 1912-13 жж. ғалым Гурьев уезінде болып, өлкенің табиғи байлықтары және басқа да көптеген құнды мәліметтер жинады.

«Балық көктемде, күзде және қыста ауланады. 1 маусым мен 20 қыркүйек аралығында балық аулауға ғана емес, Жайық өзенінде қайықпен жүруге де тыйым салынады. Мұнай өнеркәсіпшілеріне Гурьев қаласындағы Жайық өзені арқылы көпір салуға тыйым салуды балыққа қатысты дәл осы алаңдаушылықпен түсіндіреді. Алғашында күндіз ғана жұмыс істейтін паром арқылы жүк тасымалданды; жүк кейде апталап кезекті күтуге мәжбүр болды. Ал биылғы көктемнен бері понтон көпірі қолданыла бастады; бұл алға басқан қадамды тек құптауға болады», - деп жазады А.Замятин.

Артқы жағында сиямен жазылған ескі пошталық ашықхаттың арқасында құрылыстың анағүрлым дәл күні анық болды: «Жайық-Каспий мұнай қоғамы» кеңсесінде мұнай істері жөніндегі қызметте болған кезімде  Жайық өзені арқылы алғаш рет Гурьев қаласының тұрғыны казак Тудаков (1912 жылы оның қаражатына) әулетінің инженері салған жиналмалы көпір. Естелікке! М.П. Цибу...» (қолы, өкінішке орай, оқылмайды. – Автор).

Өкінішке орай, жобаны Тудаковтардың үлкен әулетінен - Федот Иванович (ол Успен шіркеуін салуға бастамашы болды) пе, әлде оның төрт бауырының бірі ме, нақты кім қаржыландырғаны белгісіз. Бірақ бірнеше фотосурет пен байырғы тұрғындар туралы егжей-тегжейлі естеліктер сақталған.

Еуропадан Азияға

Бұл көпір түгелдей ағаштан жасалған. Жағалауда ағаш қадалармен қағылып, негізгі бөлігі балық аулайтын қайықтарда жиналып тұратын. Көпірдің бұл түрі  плашкотты көпір немесе қалқыма көпір деп аталды.

Плашкот (немесе плашкоут) - жүктерді өзендердің бойымен және порттарда тасымалдауға, сондай-ақ үстінен уақытша көпірлер төсеуге арналған кең, тегіс, тайыз бататын кеме. Пашкоттар якорьмен немесе жағадан арнайы кермемен бекітіліп, олардың үстіне тақтайша төселіп, оның бойымен қозғалыс жүретін.

Арнайы әдебиеттерде плашкот көпірлерінің өзеннің ені мен тереңдігіне қарамастан құрылғының салыстырмалы қарапайымдылығын қоса алғанда, бірқатар артықшылықтарға ие болғаны айтылады. Кемшіліктері де бар. Бұл көп қозғалып тұратын, қатты емес, ұзаққа бармайтын құрылғы. Айтпақшы, соңғысымен дауласуға болады, өйткені Гурьевтегі алғашқы көпір кем дегенде 1949 жылға дейін болған.

Тағы бір кемшілігі – революцияға дейін кеме қатынасы мен балық аулау кезеңінде балыққа толы қайықтар өту үшін көпірдің ортасын күнде таңертең ажырату керек болатын. 1930 жылдары жазда көпірді күн сайын ажыратып, су көлігінің Индерге және одан да жоғарыға жүк тасымалдауға, сондай-ақ Оралдан Гурьевке жүк жеткізуге мүмкіндік жасайтын.

Балық аулайтын кемелер үнемі суға толып тұратын, сондықтан оны тәулік бойы электр моторымен сорып, ихтиофауна өкілдерін қатты үркітетін. 1917 жылы тамызда Оралда өткен съезде Гурьев азық-түлік басқармасының мүшесі, көпірде бірнеше жыл қызмет еткен Донсков жиналғандарға «балық мотор шуынан қорқады да кетпейді» деді.

Самар (Еуропа) бетінде көпір Успенская көшесіне (қазіргі І. Жансүгіров) шығып, ол тікелей шіркеуге апаратын, ал Бұқар (Азия) бетте - қазіргі Темірханов көшесінің ауданында, 1927 жылы Гурьевте алғаш Доссорға дейін салынған тар табанды темір жол вокзалы жүктердің тез өтуіне және жеткізілуіне ықпал етті. Қыста көлік көбінесе мұзбен тасымалданды.

Куәгерлердің куәліктері

Су тасқыны кезінде көктемде көпір «дөңес» болып көтеріліп, ол үшін «дөңес» деген лақап атқа ие болды, ал күзде тегіс төселетін.

«Су тасқыны кезінде көпірдің ортасы иіліп жоғары көтерілетін. Бұл кезеңде жылқыларға, өгіздерге жегілген арбалар бұл жолдан әрең өтетін. Ер адамдар арбаны арт жағынан итеріп көмектесуге мәжбүр болды. Ал күзде және қыста Жайықтағы су деңгейі төмендеген кезде көпірдің ортасы басқа пішінге ие болатын, яғни көпір төңкерілген иінағаштай болатын», деп еске алды соғыс және еңбек ардагері Михаил Федорович Серебряков «Прикаспийская коммуна» газетіндегі сұхбатында. 

- Біз сол кездегі балалар, арбалардың түсіп бара жатқанын қарағанды ұнататынбыз. Өгіз, жылқы немесе түйе шауып кетуге мәжбүр болатын. Жүкті сақтап қалу үшін иесі дөңгелектер айналмасын деп артқы доңғалақтарға ағаш қазық салып, арба жаймен біркелкі төмен түсетін. Жануарлар жарақаттанып, арба (жүк арба) мен жүк көпірде шашылып жатқан жағдайлар болды. Бізге, балақайларға күлкілі де қызық көрінетін.

Жоғарыға көтерілген кездегі көрініс мүлдем басқаша болды, әсіресе қыста. Өгіздер мен жылқыларға жоғарыға шығу өте қиын болды. Жануарлар жоғарыға өрмелегендей арбаны сүйреп шығатын.

Көпір Самар мен Бұқар беттен екі жағынан ағаш қақпалармен жабылды. Бұқар бетінде қақпадан кейін оңтүстікке қарай «Ембімұнай» техникалық жабдықтау мекемесі болды. Ол жерден тар табанды темір жол өтіп, оның бойымен Доссор, Мақат, Ескене, Байшонас, т.б. Ембі мұнай кәсіпшіліктеріне қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Көпір қақпасының солтүстігінде Жайық өзенінің жағасында бау-бақша болды. Әр қожайынның суару үшін 5-6 метр биіктіктегі жел диірмені болды. Самар бетінде, көпір қақпасынан солтүстікке қарай мұсылман мешіті, ал оңтүстігінде, жағалау бойында тек айлақтар болды».

Ал Гурьев мұнай өңдеу зауыты мен Жилгородок құрылысының бастығы Иван Михайлович Романовский 1943 жылдың көктемінде келген күні ағаш көпірді былай көрген екен:

«Жайық өзенінің үстінен салынған көне қалқымалы ағаш көпір, Гурьевте «Самар» бет пен «Бұқар» бет деп аталатын екі жағалауды жалғап тұрды. Қасында жаңа көпірдің темір құрылымдарын көтеруге дайын өгіздер көтеріліп келе жатты. Бірақ осы кезде көлікке қарсы келе жатқан түйеге ұқсайтын бұл қос өркешті тақтайлы көпір әлі де қызмет етіп келеді. Романовский қарбалас пен қозғалысты қызығушылықпен бақылаған: адамдар, жүк машиналары, түйелер, қойлар көпірдің оң жағымен - «Еуропаға», сол жағында - «Азияға» қарай қозғалып барады. Қайықтар, катерлер мен баржалар Жайық бойымен айлақтан айлаққа әрлі-берлі жүзіп жүр. Балықшылар аулаған олжаларын -көлемі өте үлкен көксеркелер мен жерге дейін жететін сазандарды әкеле жатыр...» (София Виноградскаяның «Белый город» кітабынан).

Горький әдісі

Уақыт өтіп жатты. Тудаков көпірі жыл сайын тозып, гурьевтіктер жаңа өткел салуды сұрай бастады.

Жұмысшылар депутаттарының жергiлiктi Кеңестерiнiң сайлауы өткiзiлген кезде сайлаушылардан өз кандидаттарына тапсырған ең бiрiншi пункті - Жайық арқылы жаңа көпiр салу болды. Осыдан кейін «қала әкелері» үкіметтен қаржы бөлуді сұрады.

1948 жылы Мәскеу 1,3 миллион рубль қаржы бөлді, сол жылдың күзінде Гурьевке понтондар мен құрылысқа қажетті бөлшектері - фермалар, арқалықтар, ағаш материалдары және т.б. тиелген 54 вагон келді. Сондай-ақ олар жағалау қазықтарын қағуға арналған қуатты дизельдік сал әкелді. Олар алғашқы көпірдің үлгісімен ұқсастырып салуды ұйғарды. Рас, ағаштан емес, металлдан және одан да ауқымды етіп.

Жеткізушілер нені басшылыққа алғаны белгісіз, бірақ барлық құрамдас бөліктер әртүрлі көпірлерден алынған және бір-біріне сәйкес келмеді. Сондықтан жетіспейтін құрылымдар Гурьев кәсіпорындарында жасалды. Ал жобалаушылардың міндеті - осы бөліктердің барлығын сәйкестендіріп, оларды біріктіру және оларға тиісті көлем мен мен келбет беру болды.

Бас инженер Л.Кочиашвилидің басшылығымен жобаны әзірлеген «Ембамұнайжоба» мекемесінің мамандары талай түндерді ұйқысыз өткізді. Оңтайлы шешімді іздеуде көпірді орналастырудың төрт нұсқасын әзірледі. Ақырында, 1948 жылдың желтоқсанында жұмысшылар халықтық құрылыс әдісімен белсенді құрылыс жұмыстарын бастады. Кейінірек бұл әдіс «Горький» ресми атауын алды және КСРО-да болашақ тұрғындардың еңбегін пайдаланып, көппәтерлі тұрғын үйлерді салу әдісі ретінде қолданылды. Халық оны «горький әдісі» немесе «самстрой» деп атады.

Жұмысшылар депутаттары қалалық Кеңесінің Гурьев атқару комитеті әртүрлі өндіріс басшыларын халықтық құрылысқа білікті жұмыс күшін, көлік пен қажетті құрылыс материалдарын бөлуді міндеттеді.

Көпір «Қазақстанмұнай» бірлестігі (қазіргі «Ембімұнайгаз» АҚ), Петровский атындағы зауыт, балық консерві комбинаты, «Казнефтестрой» және «Казэнергонефть» тресттері, құрылыс-монтаж конторалары, облыстық жол бөлімі, Жайық-Каспий тресінің жөндеу базасы және басқа да бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар ұжымдарының күшімен тұрғызылды. 

Микоян, Берия және Гурьев көпірі

Көпір орны қолайлы кірме жолдарды ескере отырып таңдалды: сол жағалауда - Мемлекеттік банк пен «Қазақстанмұнай» бірлестігі ғимараттарының жанынан Литейная (Уәлиханов) көшесінің жармасы, ал оң жағалауында Чапаев ( Құлманов) көшесі. Құрылысшылар зәкірлі металл понтон баржаларына бірінен соң бірі алып темір конструкцияларды төседі, жол бөлігі ағаштан жасалды, ұзындығы 34,5 метрлік секциялардың бірі кемелер өту үшін ажыратылмалы болды.

Жаңа өткелді жасаушыларға оны 1 мамыр – еңбекшілер мерекесі қарсаңында пайдалануға беру міндеті жүктелді. Алайда, бұл күнге тек негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары ғана аяқталды. Ал мамыр-маусым айларында әр түрлі бөлшектер мен механизмдерді өңдеу, орнату және сынақтан өткізу, сонымен қатар жобалық жүктемені сынау жұмыстары жүргізілді. Міне, ашылу күні де келді!

«1949 жылы 10 шілдеде түскі сағат 12-де Мемлекеттік банк ғимаратының жанына жаңа көпір құрылысының аяқталып, пайдалануға берілуіне арналған салтанатты жиынға бірнеше мың адам жиналды. Кіреберіс қақпаның үстінде «Қош келдіңіздер!» деген қызыл құмаш матадан жазу ілінген. Арканың бүйірлерінде жолдас Сталин мен Молотовтардың портреттері бар», - деп басталады «Прикаспийская коммунаның» осынау маңызды әрі көптен күткен оқиғаға арналған репортажы.

Ашылу күні. Суретті түсірген А.Войтов.

Қала тұрғындары көпірді «микоянский» деп атап кеткен – Анастас Микоян (КОКП Саяси бюросының мүшесі, Гурьев балық комбинатын құру бастамашысы) қаламызға бірнеше рет келіп, көпір құрылысына көмектесуге уәде бергендіктен болар. Бірақ сол жылдардағы «Прикаспийская коммуна» репортажын «бөлшектер мен материалдарды алуға баға жетпес қолдау мен көмек көрсеткен» Лаврентий Берияға алғыспен аяқтаған.

Бастапқыда жаңа өткел жақсы әсер қалдырды. Оның қуатты құрылымдары, металл баржалары әсерлі көрінді. Бірақ уақыт өте келе және көлік ағыны көбейе бастағанда құрылымда әртүрлі кемшіліктер пайда бола бастады. Құрылымдар арасындағы жылжымалы металл қаңылтырлар ауыр көліктердің доңғалақтарының астына кіріп, жаяу жүргіншілерді абыржытып, қоршаулардан ұстап жүруге мәжбүр етті. Көпір жиі жөндеуден өтіп, 50-ші жылдары билік жүргізушілерді көпірде 50 метр қашықтықты сақтауға міндеттеді. Қозғалыс ережелерінің сақталуын бақылау жол МАИ-ге жүктелді.

Орталық көпірі

Сол жақта орталық көпір салынып жатыр, 1962 ж.

Бір ғажабы, қазіргі орталық қала көпірінің тарихы туралы оның алдындағыларға қарағанда өте аз мәлімет болған. Бірақ алғашқы екі көпірді қолдану қашан тоқтағаны туралы нақты ақпарат әлі табылған жоқ. Белгілі болғаны, жаңа жобаның ұзақ мерзімді құрылыс нысанына айналғаны ғана.

Темірбетон өткелінің (ұзындығы 259, биіктігі 10 метр) құрылысы он жылға созылып, 1965 жылы 28 тамызда ашылды.

Орталық қалалық көпірдің құрылысы, 1964 ж. қазан. Суретті түсірген Александр Живодеров

«1990-1991 жылдардағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі болған академик Владимир Маслин өз естелігінде жазған бір қызық жайт бар. Қазір облыс орталығының тұрғындарының көпшілігі Жайық өзенінің үстінен өтетін орталық көпір аса ауыр болғанына қарамастан, Өтешқали Дүйсенғалиұлы Атамбаевтың (Гурьев уезінің тумасы, ҚазССР мемлекеттік қайраткері. – Автор) арқасында пайда болғанын біле бермейді. Шаруасы шаш-етектен болғанына қарамастан ол жерлестерінің мұқтаждықтарын ешқашан ұмытпады. Көп жыл бойы Гурьев өзеннен өтетін көпірсіз қалды, көп хат шенеуніктердің кеңселерінен әрі аспады. Бір сапарында гурьевтіктер өтініштерінің жауапсыз қалғаны үшін Өтешқали ағаны сөгіпті. Көп ұзамай ол көпір салуға қол жеткізді. Басқа нысандарға зақым келтірмей, көпір Бас жоспарға енгізілмесе де, қаражат, материалдар тауып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лимит алып алды» («Прикаспийская коммуна», 2012 ж.).

Бұл көпір салынып жатқанда «Орал» мейрамханасының жанында паром қатынайтыны көнекөздердің есінде. Сондай-ақ қалада жағадан жағаға жолаушылар тасыған көптеген ескекті қайықтар қолданылған.

1999 жылы қазақ мұнайының 100 жылдығын мерекелеу аясында орталық көпір күрделі жөндеуден өткенімен, қазіргі таңда қаладағы ең көне көпір қайтадан күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Айналма және теміржол көпірі

Кеңестік кезең Жайық арқылы тағы екі көпірдің салынуымен ерекшеленді. Теміржол көпірінің арқасында Орталық Азиядан, Қазақстаннан және Сібірден келетін пойыздар Кавказ мен Қырымға Орал арқылы емес, қысқа жолмен жүретін. Бұл көпір 1969 жылы 30 қазанда ашылып, одан өткен алғашқы жолаушылар пойызы «Гурьев-Астрахань» бағыты болды.

Теміржол және «жаңа» көпірлер

Ұзындығы 305 метр, жүріс бөлігінің ені 14 метр болатын автомобиль жолы. Құрылысты сегіз жыл бойы (1977 жылы басталған) Гурьев көпір құрылыс жасағының жұмысшылары салды. Көпір 1985 жылы ашылып, жергілікті тұрғындар оны ұзақ уақыт бойы «айналма» немесе «жаңа» көпір деп атады.

Қазір Атырау қаласының ішінде жаяу жүргіншілер көпірі мен теміржол көпірін қосқанда сегіз көпір бар.

Лев ГУЗИКОВ

«Былина» газеті

Автордың, «Былина» ЭМО және Александр ШЕРГИЛОВТЫҢ мұрағатынан алынған суреттер

9 қыркүйек, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.