Атырау, 23 қараша 06:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Теңізшевройл» компаниясының бұрынғы қызметкері әділдік талап етеді

1 135 просмотра
Сурет: Ratel.kz 

Алты баланың әкесі, ТШО компаниясының Теңіз кен орнында еңбек қатынастары жөніндегі кеңесшісі Әсет ӘЖЕНОВ «жұмыста үш сағаттан артық болмағаны» және «дәлелді себепсіз жұмысты тастап кеткені» үшін жұмыстан босатылғанымен келіспей, сотқа жүгініп, жеңіліп қалды.

Бұл қалай болды

Сол күні, бір жыл бұрын Ә.Әженов сырқаты бар қызының халі күрт нашарлағанын естіп, жұмысын тастап кетуге мәжбүр болған. Әріптесіне ескертіп, қызын Ақтөбеде қаратып жүрген нефролог дәрігерлеріне апарып көрсетуге асыққан. 7 сағат жұмыста болмағаннан кейін ер адам өзінің жұмыстан шығарылғанын білген.

«Қызымның талмасы ұстады»

Былтыр 27 мамырда Әсет вахтада жүргенде әйелі ұялы телефон арқылы бес жасар қызының талмасы ұстап жатқанын, жағдайы ауыр екенін хабарлап, оны тез арада Ақтөбе қаласына жеткізу керек екенін айтқан. Әсет Атыраудан маман таппағасын қызын Ақтөбедегі нефролог дәрігерлерге емдетіп жүрген.

«Қызымның қиналып жатқанын естігенде жүрегім аузыма тығылып, жаным күйзеліп, жұмысты рұқсатсыз тастап кетуге мәжбүр болдым. Бірақ кетерде жанымда отырған әріптесіме  ауызша ескерттім» дейді ол.

Әсет - көпбалалы әке. Бес қыз, бір ұлы бар. Отбасында он адам боп тұрады: өзі, әйелі, алты баласы және зейнет жасындағы әке-шешесі. Сырқаты бар бес жасар қызы - бесінші баласы, мүгедектігі бар. Дәрігерлер қызына 11 айлығында бірнеше диагноз қойған: «бүйрек түтікшелік ацидоз, қант диабеті фосфат, Фанкони синдромы, калиурия, кальциурия».

Әсеттің сөзінше, қызының талмасынан бөлек, бойы өспейді, аяқ сүйектері қисайып, сүйектерінің сынып кету қаупі жоғары. Дәрігерлер қызының сырқаты жазылмайтын күрделі ауру екенін айтқан.

Әженов келесі күні - 28 мамырда жеңгесінің 7 күндік қадесі өтіп, көмегі қажет болғасын қалып қоюға мәжбүр болғанын түсіндіреді.

Қатаң жаза

Әсет «Теңізшевройл» компаниясына 2011 жылы жұмысқа кірген. Әртүрлі лауазымдарды атқарған.

«Компанияда қызмет еткен 12 жылдың ішінде бірде-бір шағым я тәртіптік жауапқа тартылып, бірде-бір ескерту алып, сол үшін түсініктеме жазып көрген адам емеспін», - дейді Әженов. - Мен бұрын-соңды бірде-бір ескерту алмаған адамды жұмыстан бірден шығарып жіберу дұрыс емес деп есептеймін. Егер бұрын жұмыс тәртібін бұзумен көзге түсіп, ескерту берілсе, түсінер едім. Ең болмаса, «бұл соңғы ескерту» деп жазаласа, әділетті болар ма еді дейсің», – деп қынжылады Әсет.

Ә.Әженов былтыр 27 мамыр күні жұмыста сағат 16.30-ден 18.00-ге дейін және келесі күні 28 мамырда сағат 08.00-ден 14.00-ге дейін, барлығын қосқанда 7,5 сағат болмаған.

Еңбек шартын бұзу туралы былтыр 9 маусымдағы  бұйрықта «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармақшасының және 52-бабының 1-тармағының 8-тармақшасы бойынша жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмауы еңбек шартын бұзуға негіз болған» деп көрсетілген.

Сот дәлелдерді ескермеді

Істің бұл нәтижесімен Ә.Әженов келіспей, сотқа шағымданған. Әженов соттан «Теңізшевройл» компаниясымен жасалған еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, жұмысқа қайта алуды және жұмыста болмаған уақыты үшін орташа жалақы өндіруді талап еткен.

Атырау қалалық сотының шешімі былтыр 24 қазан күні шыққан. Ал апелляциялық шағым бойынша істі қараған облыстық сот биыл 14 ақпан күні қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Кассациялық шағым бойынша биыл 9 маусым күні жоғарғы сот қалалық және облыстық соттардың шешімдерін қайта қараудан бас тарту туралы қаулы еткен.

Әсет «жұмысты мәжбүрлі жағдайда тастап кетуіме дәлелді себебім болды, мұны растайтын барлық құжатым бар» деген уәжін де, өзі ұсынған дәлелдемелерін де, тіпті «сотқа маман ретінде арнайы шақыртылған Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Кемел Иманғалиевтің қорытындысын да сот ескермеді. Балам қатты сырқаттанып, өмір мен өлім ортасында жатқан кезде жұмыстан рұқсатсыз 7,5 сағатқа кетіп қалдым. Шұғыл түрде балапанымды Құлсарыдан Ақтөбеге жеткізуім керек болды. Қолымда дәлел қағаздарым бар. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы да өз қорытындысында менің жағдайымды «уважительный» деп тапты. Алайда Атырау соттары мұны да ескермей, әділетсіз шешім шығарды, - дейді Әсет.

Сот талқылауы барысында судья Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекторын шақырды. Мемлекеттік инспектор іс материалдарын зерделей келе, Әженовтың жұмысқа келмеуіне қызының медициналық анықтамалары және мүгедектік туралы анықтамасы, ем алған медициналық мекеменің анықтамалары және жақынының өлімі дәлелді себебі болғанын көрсетеді деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, еңбек шартының тоқтатылуы туралы бұйрықтың күшін жою қажет деп тапты.

«АЖ» тілшісімен сөйлескен Кемел Иманғалиев «ТШО үш сағаттан артық жұмыста болмағасын жұмыстан шығарған. Бірақ мен «уважительная причина» (дәлелді себеппен) деп тануға қорытынды бердім» деп сөзін растады.

Өз қорытындысында ол да Әженов ТШО-да істеген жылдары бірде-бір тәртіптік жаза болмағанын келтіріп, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу сияқты ең қатаң жазаны қолданған деген пікір білдірген.

Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағы бойынша  («тәртіптік жазалар») «жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс беруші немесе ұлттық басқарушы холдингтің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза беруге құқылы .

Оған қоса, Әженов жұмыста болмаған кезеңде оған сеніп тапсырылған өндірістегі учаскеде қандай да бір оқыс жағдай болмағанын атап өткен.

Дегенмен, жұмысқа келмей қалудың дәлелді себебін Еңбек кодексі қарастырмайтынын және жұмыс берушінің бағалау құқығы бар екенін және жұмысты дәлелді себеппен я себепсіз қалдырғанын өзі шешеді деп көрсеткен.

Әженов сот әділдігін талап етіп, өзінің басындағы жағдайына назар аударту үшін бас прокуратураға, президент әкімшілігіне, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа, бала құқықтары жөніндегі уәкілге, ҚР парламенті сенатына, мәжілісіне хат жолдаған. Бірақ, бұл оған көмектеспеді. Әсет қазір басқа жұмыс іздеп жүр.

«Жер-жерге түйіндемемді жіберіп жатырмын, әзірге хабар жоқ», - дейді ол.

Отбасы қиын жағдайда

Ол тұрақты табысынан айырылғалы отбасы қазір үлкендердің зейнетақысы мен балалардың жәрдемақысына күн көріп отыр. Қызына берілетін мүгедектік жәрдемақысы еміне де жетпейді. Осы қызы үшін Әсет отбасын былтыр тамызда Ақтөбеге көшіріп алды. Құлсары қаласындағы үйін сатып, Ақтөбеден ипотекаға пәтер сатып алды. Көпбалалы әке қазір сол пәтердің ипотекасы мен басқа да несиесін өтейтін «қаражат жоқ» дейді. Оның сөзінше, қазір оны несие төлемегені үшін екінші деңгейлі банктер сотқа беріп жатыр.

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі «АЖ» тілшісіне берген жауабында «Өз саясатына сәйкес, «Теңізшевройл» сот шешіміне де, кадрлық сұрақтарға қатысты ішкі мәселелерге де пікір білдірмейді» деп қысқа ғана қайырды.

Анықтама: «Теңізшевройл» компаниясы – Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорын. Компания Теңіз кенішін 1993 жылдан бері игеріп келеді.

Айнұр САПАРОВА

6 қыркүйек, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.