Атырау, 23 қараша 13:50
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аққу ма, жоқ па: Сасықсайдағы өлі құстар туралы істе қызықты жайттар анықталды

948 просмотра

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 20-сы күні бірнеше блогер әлеуметтік желідегі парақшаларында Атырау мұнай өңдеу зауытының Сасықсай деп аталатын булану алаңында құстардың өлексесі бейнеленген видеоны жариялаған болатын.

Оқиға орнына барлық ведомстволық инстанциялар аттанды. Бәрін санамалап шығайық, өйткені мақаланы соңына дейін оқығанда бұл маңызды болады: Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының орнитологтары, Атырау облысы экология департаментінің мамандары, «AМӨЗ» ЖШС зертхана қызметкерлері және Атырау облысының уәкілетті органдары қатарынан комиссия шықты.

Осыншама көп адам тек бір құстың өлексесін тапты. «Интернет-ресурстардағы видеода жарияланған басқа құстардың өлексесі табылмады», - деп жауап берді олар бізге. Қандай құс екенін сұрағанда инспекция басшысының м.а. А.ҚАЛЖАНОВА оның аққу екенін жазды.

Бірнеше күннен кейін «Ақ Жайық» редакциясының тілшісі зерттеу нәтижесі туралы ақпарат алуға тырысты, бірақ ала алмады. Өйткені Атырауда бейшара құсты тексеріп, себебін айтатын бірде-бір токсиколог жоқ екен. Сондықтан өлексе Астанадағы Ұлттық референттік орталықтың зертханасына жіберілді, онда токсикологтардың бар екені сөзсіз.

Сол кезде талдау қорытындысын алу үшін Астанаға жүгіндік. Бірнеше күннен кейін Референттік орталықтан қоңырау шалып, нәтижелер дайын болғанын, Атырауға жолданғанын, бірақ барлық мәліметті тікелей Атырау облыстық аумақтық инспекциясынан білуге болатынын айтты. Айтпақшы, телефон арқылы сөйлескенде Астана орталығының токсикологы неліктен аққу туралы сұрағанымызға таң қалды, өйткені оларға мүлдем басқа жабайы құс зерттеуге жіберілген екен.
Референттік орталыққа сілтеме жасалған жергілікті инспекцияның келесі жауабында оның қасқалдақ екені анықталды.

Қасқалдақ - орташа үйректей болатын, суда жүзетін қара түсті шағын құс. Ал аққудың қандай болатынын бәріміз де жақсы білеміз. Инспекция басшысының міндетін атқарушының үлкен ақ аққуды кішкентай қара қасқалдақпен қалай шатастырғаны түсініксіз. Айта кету керек, Сасықсайда құстардың жаппай қырылуы қоғамда кең резонансқа ие болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының нақты сұрағына жауап ретінде құстың түрін көрсетудегі мұндай ұқыпсыздық аздап алаңдатады. Айтпақшы, блогерлердің видеосында суда жүзетін құстардың дәл екі түрі – аққулар мен шағын қара құстар бейнеленген.

Зерттеу нәтижесіне оралайық. Атырау инспекциясының жауабында химиялық-токсикологиялық және құстардың аса қауіпті ауруларына қатысты зерттеуге құстың ішек-қарны жіберілгені айтылған. Қасқалдақты пастереллезбен, псевдочумамен, азиялық обамен, құс тұмауымен ауырмағаны белгілі болды. Сондай-ақ, тіндерінде қорғасын, сынап, кадмий және мышьяк бар-жоғы талданды. Осы элементтер тіндерде болды, бірақ тиесілі нормада ғана.

Ендеше, аққу-қасқалдақ неден өлді? Бұл сауалға астаналық токсикологтар да, Атырау инспекциясының мамандары да жауап бермеді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

15 тамыз, 14:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.