10 қаңтарда Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында кәсіпкер Вячеслав ОРЛОВТЫҢ шағымы қаралды. Ол Махамбет ауданы Бейбарыс ауылындағы жер теліміне су тасқынының алдын алу үшін өзіне хабарланбастан, оның келісімінсіз бөгет салынғанын мәлімдеді.
Орлов 2022 жылғы 18 қазанда құс фабрикасын салу үшін алған жер учаскесі бөгет арқылы екі бөлікке бөлініп, жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігінен айырған. Кәсіпкер тауық пен үйрек өсіруді жоспарлап, аумақты қоршап, трансформаторлық подстанция орнатып үлгерген. Алайда 2024 жылғы су тасқыны кезінде жергілікті билік бөгет тұрғызған, ол қазір оның учаскесінің бойымен қиғаш өтіп жатыр.
Меншік иесінің құқықтарын бұзу
Орловтың айтуынша, бөгет салу кезінде 38 бетон қоршау бағанасы бүлінген. Ол жергілікті билік өзінің құқығын бұзып, жерді алып қою рәсімін орындамағанын баса айтты.
— Су тасқыны аяқталғаннан кейін өз учаскеме жетіп, бөгеттің менің жерім арқылы өтіп жатқанын көрдім. Қоршаулар мен бетон тіректер зақымданған. Қазір учаскені бөліп тастаған, оны толық пайдалана алмай отырмын, - деп атап өтті кәсіпкер.
Аудан әкімдігіне, қала әкімдігіне, ауылдық округ әкімдігіне талай рет жүгінгенімен мәселе шешімін таппай отыр. Әр орган басқа органға хабарласуға кеңес берген.
Нәтижесінде Орлов өз құқығын қорғау үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгінген.
Кәсіпкерлер палатасының тұжырымы
Палата келесі заң бұзушылықтарды анықтады:
1. Заңнамаға сәйкес, төтенше жағдайлар кезінде жергілікті атқарушы органдар қоғамдық қажеттіліктер үшін жерді уақытша алып қоюға құқылы. Алайда жер учаскелерінің иелеріне келтірілген залалдың өтемі берілуі керек. Бұл жағдайда жерді алып алу рәсімі сақталмаған.
2. Заңға сәйкес, жер учаскесiн төтенше жағдайларда пайдалану үшiн мiндеттi өтемақы талап етiледi. Орловқп ол берілмеген.
3. Бөгет құрылысы меншік иесінің келісімінсіз және қажетті құжаттарды ресімдеусіз жүргізілген, бұл заң талаптарын бұзады.
Билік өкілдерінің жауабы
Отырыста өңірдегі ТЖ режимінің ұзаққа созылу себептері туралы мәселе көтерілді. Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Жантөре ДЕМЕШЕВ су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
— Жылыой ауданында былтыр салынған бөгеттер нығайтылып, жетіспейтін жерлерге жаңалары салынуда. Мысалы, Махамбет және Индер аудандарында. Алдағы уақытта барлық бөгет қорғалатын нысандар тізіміне енуі тиіс,- деді Демешев.
Сондықтан ТЖД әкімдіктерге барлық бөгеттерді өз баланстарына алуды тапсырды.
— Бейбарыс ауылдық округі аумағында орналасқан бөгеттерді қала басшылығы өз меншігіне алмайды деп ойлаймын. Бөгет салуға ақша қайдан бөлінсе де, ол мемлекеттен бөлінген бюджет ақшасы, бөгеттер балансқа алынуы керек. Әрі қарай кәсіпкердің шағымы бойынша жауабын беру керек. Бұл құм үйіндісі, техпаспорты немесе иесі жоқ. Кәсіпкер бөгетті бұзып тастаса, ешкім ештеңе істей алмайды. Сондықтан біз барлық бөгетті балансқа алу туралы хат жолдадық. Ертеңгі күні су келсе, дүрлігіп жүргенде бөгет сала алмаймыз. Азаматтық қорғаныс заңнамасына сәйкес су тасқынына қарсы іс-шаралар жергілікті атқарушы органның құзырында. Ал ТЖД уәкілетті орган ретінде себептерді жоюмен айналысуы керек, - дейді Демешев.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ былай деді:
— Кәсіпкердің жер телімінің аумағы арқылы салынған бөгеттер аудан әкімдіктерінің балансына алынуы тиіс. Кәсіпкерге не келтірілген зиянды өтеуі керек, не басқа жерден жер телімін бөлу керек.
Отырыс қорытындысы
Орлов жергілікті биліктен учаскені қалпына келтіру немесе залалды өтеу жөнінде өз мәселесінің шешімін күтеді.
— Ал бұған кім жауап беретінін әлі шеше алмай жатырмыз. Учаске менікі, бірақ мен оны пайдалана алмай отырмын. Қираған қоршаулар мен жерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылар табылуы тиіс, - деді ол.
Қазіргі таңда қала мен аудандардан тағы 30-ға жуық кәсіпкер палатаға осындай шағымдармен жүгінген. Олардың шағымдары да қаралуда. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде келтірілген зиянды өтеуге және өтемақыға қатысты.
Айнұр САПАРОВА
Автор түсірген, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ұсынған суреттер мен бейнежазба