Атырау, 19 қараша 10:45
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Мұнай көлі – 5

739 просмотра

Құлсарыдан 3,5 шақырым жердегі Құлсары-Майкөмген тас жолындағы мұнай қалдығы полигоны әлі жойылған жоқ. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ «АЖ» сауалына «жауапкер компанияның қаржылық мүмкіндігі жоқ, сот талаптары әлі орындалмады» деп жауап берді.

- Осыған орай, осы мәселені назарға алып, «Теңізшевройл» ЖШС экологиялық бағдарламалары аясында демеушілік көмек көрсетіп,  Құлсары қаласындағы Құлсары-Бейнеу жолының бойында орналасқан мұнай қалдықтарын тазалауға үлес қосу өтінішімен тағы да хат жолданды, - деп жазады Сарманов.

Бұдан бұрын бұл мұнай қалдықтары ірі мұнай компанияларына тиесілі болмағандықтан әкімдікке мұндай көмек беруден бас тартқан еді. Сарманов өз жауабында бұған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Экологиялық проблемаларды кешенді шешудің 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы» бұл жұмыстарды демеушілік арқылы жүргізу орынсыз екенін көрсеткенін айтқан болатын. Бірақ соған қарамастан көмек сұраған хат қайта жолданды.

Былтыр қалдықтарды жою және топырақты қалпына келтіру үшін миллиардқа жуық теңге қажет болуы мүмкін екені айтылды. Құлсарылықтарды көп жылдан бері алаңдатып келе жатқан мұнай қалдығы полигоны туралы мәселені «AЖ» бесінші рет көтеріп отыр.

Еске салсақ, 2012 жылдың 12 қарашасында «ТрансПаркСервис» ЖШС мұнай қалдықтарын өңдейтін полигон салу үшін 20 гектар жер телімін екі жылға жалға алған болатын. Құлсары қаласы әкімінің 2014 жылғы 16 мамырдағы шешімімен жер телімін жалға беру мерзімі 15 жылға ұзартылды.

Сол жылы қала әкімінің шешімімен аталған жер телімі «SatTransService» ЖШС-не 10 жыл мерзімге жалға берілді. 2017 жылы жүргізілген жоспарлы тексеру барысында компания полигон салудың орнына 2015 жылдан бастап екі жыл бойы мұнай қалдықтарын жай ғана жерге төгіп отырғаны белгілі болды.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты SatTransService компаниясының жұмысын тоқтатып, жерді тыңайту үшін мұнай қалдықтарынан тазартып, жерді мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды.

Бірақ бұл ұйғарымдардың ешқайсысы орындалмады. Компания өзін банкрот деп жариялап, басшылары ғайып болды. Сол кезде полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық кодекстің 332-бабының 2-бөлігі («Жерді өндірістік, тұрмыстық немесе өзге де шығарындылармен немесе қалдықтармен ластау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, нәтижесінде қылмыс белгілерінің жоқтығына байланысты іс тоқтатылды.

2021 жылы Құлсары қаласының әкімдігі компанияның үстінен сотқа шағым түсіріп, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тағы да жерді рекультивациялау туралы шешім шығарды. Бірақ нәтиже болмады.

Былтыр Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА «АЖ» тілшісіне «SatTransService» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс кері ашылғанын, сот процесі әлі де кінәлі тұлғаларсыз жүріп жатқанын еске салды. Сол кезде Айшуақова мұнай қалдықтарымен бүлінген жер телімін қалпына келтіру мақсатында «Жылыой ауданының 2022-2026 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешу жөніндегі жол картасы» жасақталып, жер телімін тазарту көзделіп отырғанын айтқан еді.

Бірақ, көріп отырғанымыздай, бәрі сөз жүзінде қалған.

Белгілі болғандай, Атырау облысы соттарының өндірісіне «SatTransService» компаниясына да, оның құрылтайшыларына да қатысты істер түспеген. Редакцияда облыстық соттың жауабы бар. Ендеше Айшуақова былтыр қандай сот процесі туралы айтқаны және мұндай ақпараттың қайдан алынғаны белгісіз. Осы нақтылаушы сұраққа шенеунік жауап бермеді, ол тек ресми жауапты қайталады.

Ал «АЖ»-ның сауалына берген ресми жауабында да Айшуақова компания мен оның құрылтайшыларына қатысты сот процесі туралы сұрақты нақтыламады. Бәлкім, жауапкердің мұнай қалдықтарымен ластанған жер телімін қалпына келтіру міндеті туралы Құлсары қаласы әкімдігінің сотқа берген талап-арызын айтқан шығар.

Оның жауабына сүйенсек, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 тамыздағы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін талап арыз қанағаттандырылып, сот «SatTransService» ЖШС-ін ластанған жер телімін қалпына келтіруге міндеттеді. Бұдан кейін Құлсары қаласының әкімі сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы өтініш жолдады.

– Қазіргі таңда сот орындаушысы сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету үшін жоғарыда аталған Заңның 32-бабында көрсетілген барлық шараларды алуда. Сонымен қатар, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен және Атырау облысының әкімдігімен бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған Атырау облысы Жылыой ауданындағы экологиялық мәселелерді кешенді шешу жол картасы аясында ластанған жер телімін қалпына келтіруге қаржылай көмек көрсету өтінішмен ірі мұнай компанияларына хат жолдауды ұйғардық. Осы уақытқа дейін бірде-бір компания рекультивация жұмыстарына демеушілік көрсету бастамасын көтерген жоқ. Қазіргі уақытта біз сот орындаушысымен бірге атқарушылық іс жүргізу және сот актісін орындау процесін жеделдету мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, - деп жазады Айшуақова өз жауабында.

Ал облыстық экология департаментінің біздің сауалымызға берген жауабында жаңа ештеңе айтылмаған. Олар жер телімінің былтыр мемлекет меншігіне, яғни қала әкімдігінің меншігіне қайтарылғанын, жердің бұрынғы иесі «Sat TransService » ЖШС-не қатысты банкроттық рәсімі жүріп жатқанын жеткізді. 

- Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 140-бабының 1-тармағының 3) тармақшасында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар: бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға міндетті. Жылыой ауданының әкімдігі «Теңізшевройл» ЖШС-нен ластанған жерлерді тазартуға демеушілік көрсетуді сұрады. Алайда «Теңізшевройл» ЖШС бас тартты. Қазір аудан әкімдігі басқа әдістерді қарастырып жатыр, - деп жауап берді экология департаменті.

Айтпақшы, былтыр облыс прокуратурасы Жылыой ауданынан облыстық мәслихат депутаты Сырымбек СӘРСЕМБАЕВТЫҢ сауалына жауап берген болатын. Онда прокурорлық қадағалау негізінде 20 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, оның кадастрлық құны 293 миллион теңгеге бағаланғаны айтылған. 

Айнұр САПАРОВА

8 тамыз, 13:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.