Атырау, 10 қазан 04:14
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Мұнай көлі-4

1 297 просмотра

Атырауда бірқатар ірі мұнай компаниялары ластанған жерді тазалауға қаражат бөлуден бас тартты. Бұл туралы 8 қыркүйек күні облыстық экология департаменті өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлады. 

Департамент мәліметіне сәйкес, бұл мәселе 6 қыркүйек күні Құлсары қаласында жергілікті тұрғындармен және қаладан ең шеткі Мұрагер ауылының белсенділерімен өткен кездесуде көтерілген. Кездесуді Құлсары қаласының әкімдігі өткізген. 

Кездесуге Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым ТІЛЕГЕНОВ, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гулнафис АЙШУАҚОВА, Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВ және «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің жетекші маманы Нұрлан ЕРҒАЛИЕВ және басқа да компаниялардың өкілдері қатысқан.

Кездесуде мемлекет меншігіне қайтарылған ластанған жерлерді демеушілерді тарта отырып, тазалау мәселесі қаралған. Бұл ластанған жерлер бұрын «SatTransService» ЖШС меншігінде болған екен. Экология департаменті тұрғындар тарапынан «Теңізшевройл» ЖШС-не аталған жерді тазалауға қаражат бөлуді ұсынғанын жазады.

Алайда, «Теңізшевройл» ЖШС өкілі мекеменің серіктестері «Шеврон», «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ, «ЭксонМобил Казахстан Вечурс Инк», «Лукойл» компаниялары бұл жерді ластаған өздері болмаған соң, қаражат бөле алмайтынын мәлімдеген.

Дегенмен, аудан белсенділері бұл ұсынысты «Теңізшевройл» компаниясының қоршаған ортаға кері әсер етуін азайту мақсатындағы шара ретінде қабылдап, аталған жерді тазалауға атсалысуын сұрады. Жиын қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, ұсыныс «Теңізшевройл» ЖШС-не жолданады, - деп хабарлады экология департаменті.

Бұл жер туралы «АЖ» әр түрлі жылдары бірнеше рет жазды: 2018 жылы2019 жылы және 2021 жылы. Бұл ластанған жер Құлсары қаласынан 3,5 шақырым қашықтықта Құлсары-Майкөмген тас жолы бойында орналасқан. 

Жердің ластану тарихына үңілейік. 20 гектар жер телімін 2012 жылдың 12 қарашасында «ТрансПаркСервис» ЖШС мұнай қалдықтарын өңдеу полигонын салу үшін екі жылға жалға алған. Құлсары қаласы әкімінің 2014 жылғы 16 мамырдағы шешімімен жер телімін жалға алу мерзімі 15 жылға ұзартылады. Сол жылы аталған жер «SatTransService» ЖШС-іне Құлсары қаласы әкімінің шешімімен 10 жыл мерзімге жалға берілген.

Алайда, бұл мекеме керісінше жерге мұнай қалдықтарын төгіп отырған. Мұны 2017 жылы Атырау облыстық экология департаменті «SatTransService» ЖШС-іне қатысты жоспарлы тексеру жүргізген кезде анықтаған. Мекеме 2015-2017 жылдар аралығында бұл жерге мұнай қалдықтарын төгіп келген. 2017 жылдың аяғында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мекеменің жұмысын тоқтатып, жерді тыңайту үшін мұнай қалдықтарынан тазартып, жерді мемлекетке қайтаруды міндеттеу туралы шешім шығарады. Бірақ оның бірі де сол кезде орындалмайды. Мекеме өзін банкрот деп жариялап, басшылары ізін суытқан (қашып кеткен). Атырау облысы полиция департаменті кылмыстық іс қозғайды. Алайда, мекеме басшылары табылмаған соң,  іс тоқтатылған. 

2021 жылы Құлсары қаласы әкімдігі мекемені сотқа берген. Сол жылдың 8тамызында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қайтадан мұнай қалдықтары төгілген жер телімін қалпына келтіруге (рекультивация) міндеттеп, шешім шығарады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова «АЖ» тілшісінің сауалына «SatTransService» ЖШС-іне қатысты қылмыстық іс кері ашылғанын, сот процесі әлі күнге дейін жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, мекеме басшылары табылмауына байланысты іс созылып келеді.

Биыл 16 ақпанда Жылыой ауданы прокуртурасы «SatTransService» ЖШС-іне жер телімін 10 жылға жалға беру туралы Құлсары қаласы әкімінің 2014 жылғы шешімінің күші жойды. Жер мемлекет қорына қайтарылды, - дейді Г.Айшуақова.

Оның айтуынша, мұнай қалдықтарымен бүлінген жер телімін қалпына келтіру мақсатында «Жылыой ауданының 2022-2026 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешу жөніндегі жол картасы» жасақталып, жер телімін тазарту көзделген.

ТШО-ның «АЖ» сауалына берген жауабынан:

«2022 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының және Жылыой ауданы әкімдігінің, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) қатысуымен өткен кеңесте  «SatTransService» ЖШС қызметі аясында түзілген Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 3,5 шақырым жерде мұнай қалдықтары анықталғаны белгілі болды. ТШО-ға ластанған учаскедегі қалпына келтіру жұмыстарына демеушілік көмек көрсету мәселесін қарастыру ұсынылды. Жер телімі жеке меншікте болғандықтан, ТШО бұл өтінішті қарай алмады, алайда бұл учаске мемлекет меншігіне өткеннен кейін демеушілік көмек көрсету мәселесі қарастырылды.

Мұқият тексерістен кейін бұл қалдықтардың ТШО-мен келісім-шарттық қатынасы жоқ «SatTransService» ЖШС қызметі кезінде пайда болуына және бұл мұнай қалдықтары ТШО-ның өндірістік қызметінің нәтижесінде және ТШО-ның кінәсінен түзілмеуіне байланысты бұл учаскені компанияның тазалауы тиіс емес екені анықталды.

Айта кету керек, ТШО-ның демеушілік және әлеуметтік бағдарламалары денсаулық сақтау, білім беру және экономикалық даму жүйелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жетілдіруге бағытталған. Жыл басынан бері Атырау облысы мен Жылыой ауданына 2 миллионнан астам АҚШ доллары сомасында қаржылай көмек көрсетіліп, Жылыой ауданының қажеттілігі үшін 6 жедел жәрдем көлігі, 4 бірлік арнайы техника, инватакси және т.б. сатып алынды. Атырау облысының тұрғындары үшін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ҮЕҰ қосымша 2,5 миллион АҚШ долларын алды, ал «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында мектеп пен балабақшалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, 3000 орындық стадион, 200 орынға медициналық кешен салынды. Сонымен қатар, 2000 жылдан бері ТШО қызметінің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін ТШО шамамен 3,2 миллиард АҚШ долларын инвестициялады».

Айнұр САПАРОВА

11 қыркүйек 2023, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.