Құлсары қаласынан үш шақырым жерде мұнай қалдықтарының жатқанына бірнеше жыл өткен. Құлсарылықтар «АЖ» тілшісін осы мұнай «көліне» шақырды.
Полигонға жақындағанда өткір сасық иіс өңешті жарғандай. Май сіңген топырақтар қарақошқылданып кеткен.
- Мұның жатқанына бірнеше жыл болды. Бұған байланысты комиссия да келді. Аудандық әкімшілік қыркүйектің аяғына дейін бір шарасы алынатыны жөнінде айтқан болатын. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқдейді Құлсары қаласының тұрғыны Мұқамбетқали ҮРКІМБАЕВ. - Неге мұның бір шарасы алынбайды. Жер бүлініп жатыр. Жерасты суымен мұнай қалдығы қосылып жатыр ма кім білсін.
2012 жылы 20 гектар жерді мұнай қалдықтарын өңдеу полигонын салу үшін «ТрансПаркСервис» ЖШС-ке беру жөнінде Құлсары қаласы әкімдігінің №192 шешімі шыққан болатын. Ал 2014 жылғы 2 шілдеде нысан сату-сатып алу шарты негізінде «"SatTrans Cervisе» ЖШС-і меншігіне өтеді. 2015 жылдан бастап алаңға мұнай қалдықтары төгіле бастайды. ЖШС басшысы Бағдат БЕГЕНИШОВТЫҢ айтуынша, қалдықтарды төгу 2017 жылдың соңына дейін жалғасқан.
Өткен жылдың екінші жартысында Атырау облысы бойынша экология департаменті тарапынан ЖШС-ке жоспарлы тексеріс жүргізіледі. Тексеріс кезінде нысанның экологиялық нормаға сәйкес келмеген, яғни, мұнай жою қоры жоқ болып шыққан. Сол жылдың желтоқсан айында бұл жайт Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралады. Соттың шешімімен қалдықтарды орналастыру полигонының қызметі оны жою қоры құрылғанға дейін үш ай мерзімге тоқтата тұру туралы экологтардың талабы қанағаттандырылады. Алайда ештеңе жасалмады.
Жылыой ауданының әкімі Азамат БЕКЕТТІҢ айтуынша, ол экология департаментіне бірнеше хат жолдаған. Онда полигонның қалаға өте жақын орналасқанын және аудан табиғатына және жергілікті тұрғындарға зиянын тигізіп жатқаны айтылған. Қала халқы да түрлі жиындарда мәселе қылып көтерумен келеді.
Жылой ауданы әкімінің орынбасары ҚаҺарман БАҒЫНОВ:
- «SatTransService» ЖШС жұмысы соттың шешімімен тоқтатылды. ЖШС осы жылдың мамыр айында жерді рекультивизациялау жобасын әзірлеп, тамыз айында полигондағы жинақталған қалдықтардан тазартып, қыркүйек-қазан айларында жер телімін мемлкетке қайтаруы тиіс еді. Алайда мекеме тарапынан бұл міндемелерін әлі күнге мүлдем орындамай отыр. Бүгінде экология департаменті тарапынан тексеріс жүріп жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор