Құлсары қаласы тұрғындарын көп жылдан мазалап, шешімі табылмай келе жатқан мұнай қалдығы полигонына үшінші рет оралып отырмыз. Мамандардың жобалауынша, қалдықтарды жойып, жерді қалпына келтіруге шамамен миллиардтан астам қаржы қажет болуы мүмкін. Ал онымен кім айналысады және қаржы кімнің қалтасынан шығады, беймәлім.
«АЖ» тілшісі барғанда «мұнай көлшігі» бәз-баяғы күйде ашық-шашық, айналасы қоршалмастан жатқанының куәсі болды. Дамбы етіп көтерген топырақтары жермен-жексен болған.
Мұның бәрі мұнай қалдығын өңдеу үшін қаладан 3 шақырым қашықтағы 20 гектар жер телімін 2012 жылдың 12 қарашасында «ТрансПаркСервис» ЖШС екі жылға жалға алудан басталды. Құлсары қаласы әкімінің 2014 жылғы 16 мамырдағы №138 шешімімен жер учаскесінің жалға алу мерзімі 15 жылға ұзартылады. Сол жылы аталған учаске сату-сатып алу шартымен «SatTransServisе» ЖШС-нің пайдаланылуына өтеді. 2015-2017 жылдар аралығында полигонға мұнай қалдықтары төгіліп, Атырау облысы бойынша экология департаменті тексере келе, экологиялық нормаға сәйкес емес екенін анықтап, сот арқылы мекеменің жұмысы тоқтатылады. Міне, бақандай төрт жыл бұрын жерді қалпына келтіру жобасы әзірленіп, мұнай қалдықтарын тазартып, жерді мемлекетке қайтару міндеттелсе де, оның бірі де орындалған жоқ.
- Арнайы қоршауы болмағандықтан мына «көлшікті» мал ішіп, арам өліп жатыр. Бұл жайт туралы айтылмаған жер қалмады. Ауданға арнайы келген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке де, Астанада Мәжіліс депутаты болып тұрғанда Бақытгүл Хаменоваға да келгенде көрсеттік. Бірақ нәтиже болмай тұр. Билік басындағылар, «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар неге көрмей отыр? Жерді бүлдірген мекемені неге жауапқа тартпайды? Бұл мәселені қашан шешеді? - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Сырымбек СӘРСЕМБАЕВ.
Жылыой ауданы әкімдігі бірнеше рет облыстық экология департаментіне хат жазған.
- Бірақ әлі күнге дейін шешімі табылмай тұр. Мұнай қалдығы тазартылмағандықтан жерді қайтару мүмкін болмай отыр, - дейді Құлсары қаласының әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛОВ.
Атырау облысы экология департаментінің баспасөз орталығы мынадай мәліметті ұсынды: «Жылыой аудандық полиция бөлімінің 3 наурыз 2021 жылғы ақпаратына сәйкес, «Sat Trans Service» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК 332-бабы 2-бөлігімен («Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге әкеп соққан жердi бүлдiру») қозғалған қылмыстық іс күдікті адамның жеке басы анықталмауына байланысты өндірістен мерзімі үзілгендігі белгілі болды.
Департамент жоғарыда көрсетілген жер учаскесін мемлекетке қайтарып алу бойынша жұмыстануды сұрап, Жылыой ауданы әкімдігіне хат жолдады. Сонымен қатар, департамент Жылыой ауданы прокуратурасына, жергілікті атқарушы органдарға «Sat Trans Service» ЖШС–не қатысты заңмен көзделген шараларды алуға ықпал етуді сұрап хат жолдады».
Бұл жауаптарға қарап, бұл жайтқа әзір нүкте қойылмайтыны белгілі болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор