Атырау, 3 қараша 16:09
 дождьВ Атырау +15.2
$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

Қазақстандықтар үшін зейнетақы аннуитеті: жаңа ережелер мен өзгерістер

64 рет қаралды

Қазақстанда зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандырушыны ауыстырған кезде бір өмірді сақтандыру компаниясынан (ӨСК) екіншісіне аударылатын соманы есептеу тәртібі өзгерді. Жаңа норма қазақстандықтардың ұзақ мерзімді табысын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА).

Зейнетақы аннуитеті азаматтарға, заң талаптары сақталған жағдайда, мерзімінен бұрын да тұрақты өмір бойғы төлемдер алуға мүмкіндік береді. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтың бір бөлігі өмірді сақтандыру компаниясына аударылады. Төлемдер өмір бойы жүргізілетіндіктен, сақтандыру компаниясы клиенттің ұзақ өмір сүру тәуекелін өз мойнына алып, бастапқы сома таусылғаннан кейін де табыс төлеуге кепілдік береді.

Заңнама қазақстандықтарға сақтандыру компаниясын ауыстыруға рұқсат береді. Мұндай жағдайда жаңа сақтандырушыға аударылатын сатып алу сомасы есептеледі. ҚНРДА төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов түсіндіргендей, бұрынғы есептеу тәртібінде компанияның инвестициялық кірісі ескерілмеген.

Осының салдарынан нарықта клиент басқа ӨСК-ге ауысқан кезде оған инвестициялық кіріс есебінен қаражаттың бір бөлігін біржолғы төлем ретінде ұсыну тәжірибесі қалыптасқан.

«Алғаш қарағанда мұндай ұсыныс тартымды көрінгенімен, алдын ала алынған қаражат болашақ зейнетақы төлемдерін қалыптастыруға қатыспайтын. Кейін сақтандырушыны қайта ауыстырған кезде аударылатын сома азайып, соның салдарынан жаңа шарт бойынша төлем мөлшері бұрынғы шарттағыдан төмен болуы мүмкін еді», — деп атап өтті Нұржан Тұрсынханов.

Не өзгерді?

Жаңа тәртіпке сәйкес, инвестициялық кіріс енді сатып алу сомасын есептеу кезінде міндетті түрде ескеріледі. Бұл ретте арнайы әдістеме бойынша есептелетін тиімді жылдық кірістілік мөлшерлемесі негізге алынады.

Енді бұл қаражат қысқа мерзімді ынталандыру ретінде бөлек берілмей, зейнетақы міндеттемелерін орындауға және болашақ төлемдердің мөлшерін сақтауға толық бағытталады. Яғни қаражатты қолма-қол беру емес, оны зейнетақы капиталының құрамында сақтау көзделген.

Агенттік басқармасының қаулысы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Бүгін, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.