Атырау, 3 қараша 13:32
 дождьВ Атырау +10
$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

​​Алматыда жаңадан салынатын фармацевтикалық зауытта онкологияға арналған дәрілер өндіріледі​

62 рет қаралды

Алматыда құны 39 миллиард теңгеден асатын жаңа фармацевтикалық зауыт салынады. Кәсіпорын елдегі дәрі-дәрмек тапшылығын азайтып, импорттық шикізатқа тәуелділікті төмендетуге және фармацевтикалық субстанцияларды іште өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ Басқарма төрағасы Светлана Киль мәлімдеді.

Инвестициялық келісім аясында 12 терапевтік бағыт бойынша дәрі-дәрмектің 40 халықаралық патенттелмеген атауын локализациялау (68 өндірістік позиция) жоспарланған. Өндірістің басым бөлігі онкология (17 атау) мен гематологияға (7 атау) бағытталады.

Жоба екі негізгі кезең бойынша жүзеге асады:

  • 2030–2033 жылдар: Дайын дәрілік нысандарды игеру, халықаралық технологиялар трансфері және толық циклді өндірісті дамыту.

  • 2034–2036 жылдар: Импорттық шикізатқа тәуелділікті жою үшін белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндірісін ұйымдастыру.

Өндірісті іске қосу графигі де кезең-кезеңімен жоспарланған. Алғашқы өнімдер 2029 жылы шығарыла бастайды. 2029–2032 жылдар аралығында 40 атаудың 23-і игеріледі. 2030 жылы ревматология, иммунология және өкпе артериялық гипертензиясын емдеу бағыттары ашылса, 2032 жылы онкология мен гематологияға арналған 6 биологиялық позиция іске қосылмақ.

Бүгінгі таңда компания Roche (кадсил, герцептин, перьета) мен AstraZeneca (форсиг) сияқты халықаралық гиганттардың онкологиялық препараттарын локализациялап үлгерген. Сонымен бірге Sanofi компаниясымен де вакцина өндірісін жергіліктендіру жөнінде келісімшартқа қол қойылды.

«Халықаралық құзыреттер трансфері және білікті мамандарды даярлау фармацевтика саласында кәсіби кадрларды дамытуды қолдайды. Өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту мен сапа талаптарын сақтау қазақстандық фармацевтикалық өнімді шетелдік нарықтарға шығаруға жағдай жасайды», – деп атап өтті Светлана Киль.

Жаңа зауыт заманауи биотехнологияларды игеру арқылы отандық фармацевтика өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, елді сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге негіз болады.

Бүгін, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.