Атырау, 28 қараша 02:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісіндегі бағалар

1 178 просмотра

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің шекті бағасын шенеуніктер құпия ұстап отыр, ол халыққа қолжетімді емес.

Жақында ҚР Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін (ӘМАТ) қайта бекітті. Бұл тізім бұрын үкімет бекіткен тізімді алмастырды. Бұрынғыдай оған 19 өнім түрі кіреді: ұн, нан, рожки, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және сары май, еттің кейбір түрлері (сиыр, тауық еті), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз. Министрдің бұйрығы 23 мамырдан бастап күшіне енеді.

Бұл өнімдердің барлығына шекті бағаларды жергілікті әкімдіктер енгізіп қойған, олар одан әрі олардың сауда орындарындағы нақты бағаларға сәйкестігін қадағалайды – сатушының маржасы 15%-дан аспауы керек. Бағаны асырған жағдайда сауда субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал осы өнім сатылатын тұрғындарға бұл бағаларды білмеуі керек. Шенеуніктер осындай шешім қабылдапты.

«АЖ» бұған дейін де ӘМАТ бағасының «Қызмет бабында пайдалану үшін» санатына жататынын жазған болатын. Біз бұған қандай заңды негіздер бар екенін анықтауға тырыстық. Аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВТІҢ атына жолданған редакциялық сауалға облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасынан жауап келді.

Осы жауапқа сүйенсек, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы «Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №429 қаулысы негізінде облыс әкімі аппараты басшысының өкімімен 2020 жылғы желтоқсанда қызметтік пайдалануға арналған мәлімет тізбесі бекітілген.

Тұрғындарға сатуға міндетті әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын неге білмеуі керектігіне жан-жақты түсініктеме беру туралы өтінішімізге әкімдік: «Шекті баға «Атырау ӘКК» және сауда субъектілері арасындағы қолданыстағы келісімшарттар негізінде тұрақтандыру қоры тетігі бойынша азық-түлік өнімдерін сататын кәсіпкерлік субъектілеріне белгіленеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында. Бүгінде Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға белгілеудің жаңа әдістемесін әзірледі. Бұл әдіс бекіту сатысында. Содан кейін барлық белгіленген шекті бағалар «Ашық НҚА» порталында жарияланады».

Ал, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира БІРЖАНОВАНЫҢ айтуынша, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 5-бабында ақпаратқа қол жеткізу құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана шектелуі мүмкін делінген.

Сол Заңда қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат, оның ішінде әлеуметтік қорғауға қатысты ақпарат көрсетілген. Ал бұл әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы.

– Яғни, нақты түсініктеме болуы керек – бұл жағдайда коммерциялық құпияға жатқызуға болмайтын бағаларды жариялау кімнің құқығы мен мүддесін бұзады. Өкінішке орай, Қазақстанда мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және түрлі мекемелер өз мүдделеріне сүйене отырып, нені құпия ұстауды өздері шешеді, бұл көбінесе қарапайым азаматтардың мүдделеріне қайшы келеді, – дейді заңгер.

Айтпақшы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының «Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі Қазақстанның басқа облыстарында да болуы мүмкін. Қалай болғанда да, көршілес Оралдағы әріптес-журналистер хабарлағандай, оларда да осындай жағдай.

Лев ГУЗИКОВ

17 мамыр 2023, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.