Атырау, 28 қараша 04:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Шекті бағалар тізімі – «қызметтік пайдалануға арналған ақпарат»

1 431 просмотра

7 маусымда Алматы облысындағы Көксу қант зауытынынан Атырауға 2 вагон (66 тонна) қант жеткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі «Идеал маркет» ЖШС қойма логистикасы постының директоры Қуаныш АЛИМБЕТОВКЕ сілтеме жасай отырып хабарлады. Оның айтуынша, қант «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінде сатылымға шығарылған, бірақ 385-395 теңгеден  500-517 теңгеге дейін бағасы қымбаттаған.

- Бағаны көтеруге жол шығынының қымбаттауы себеп болды, - дейді Қ.Алимбетов.

Біз «Ярмарка», «Лидер», «Идеал» супермаркеттеріне кіріп шыққанбыз. «Ярмаркада» сатушылар қанттың сағат 11-де және кешкі 18-де сатылымға шығарылатынын, ал «Лидер» мен «Идеал» супермаркеттерінде түскі 13-те және 18-де сатылатынын айтты. Бір қолға 2 келіден асырмай сатады. Жалпы, Атырауда «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 36 сауда нүктесі бар.

Еске салсақ, биыл 1 сәуірде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат РҮСТЕМОВ азық-түлік тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін деп алаңдауға негіз жоқ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарықтағыдан арзан бағаға сатылып жатыр деп мәлімдеген еді. Кейін не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. «Тосап дайындау маусымы» саналатын шілде, тамыз айларында жағдай қалай боларын алда көре жатармыз. 

«Атырау» ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік-жеке серіктестігі жобаларының сараптамасын жүзеге асыру департаментінің директоры Дмитрий ДЮМЕН жақында сөйлескенімізде, 2021 жылы қант бағасын шектей алмағандықтан оны облыстағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінен алып тастағанын айтады. Айтуынша, бірақ, қазір қайта тізімге қосуға келіссөздер жүріп жатыр екен.

Бұдан бөлек, Дюдің мәліметінше, 1-сұрыпты ұнды Атырауға жеткізіп, сатып алған бағада наубайханаларға арзан нан пісіру үшін сатып жатыр.

- Мәселен, 1 кг ұнды 165 теңгеден сатып алып, үстінен еш пайда көрмей наубайханаларға сол бағада сатып жатыр. Қазір нан бағасы «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінде 80-82 теңгеден аспай тұр, - дейді Дю.

Еске салайық, жалпы, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд 551 млн теңге бөлінген.

2020-2022 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру мақсатында «Атырау» ӘКК» АҚ арқылы бес кәсіпкерге 2020 жылдан бастап 0,1 пайызбен 1 млрд 135 млн теңге несие берілген. Бес кәсіп иесін атап өтсек, бұл - «Лидер» мен «Идеал» супермаркеттерінің меншік иесі «Идеал Маркет» ЖШС, «Агрофеликс» шаруа қожалығы, «АгроҚазына» ЖШС, «JCS-corparaition» ЖШС.

Олар несиеге бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алып, екі жылдың ішінде бағасын көтермей ұстап тұруға міндеттелді.

«Идеал Маркет» ЖШС-на әлеуметтік маңызы бар 15 тауарды сатып алуға 555 млн теңге (соның ішінде 400 млн теңге әлеуметтік маңызы бар тауарларға, 155 млн теңге ұн сатып алу үшін), «Агрофеликс» шаруа қожалығына өңірді картоп, сәбіз, жуа, қырыққабатпен қамтамасыз етуге 300 млн теңге («Дина» «Насиха», «Көктем» және «Сарайшық» базарларында сатылады), «АгроҚазына» ЖШС-не де өңірді ерте піскен картоппен, сәбіз, жуа, қырыққабатпен қамтамасыз етуге 80 млн теңге, «JCS-corparaition» ЖШС-на өңірді сиыр және құс еттерімен қамтамасыз етуге 200 млн теңге қарыз берілген.

Биыл бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қосымша тағы 535 млн теңге бөлінді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағаны облыс әкімдігі жылына төрт рет, әр тоқсанға арнап бекітеді. Әкімдік бекіткен шекті бағалардың тізімін Дюдан сұрағанымызда, ол жариялауға жатпайтынын айтты.

- Біз бір рет жариялауға бергенде, прокуратураға түсініктеме жазуымызға тура келді. Себебі, бұл қызметтік мақсатта пайдалануға арналған мәлімет. Сондықтан, ренжімеңіз, әйтпесе, сөгіс аламыз, - деді Дю.

Қызметтік мақсатта пайдалануға арналған мәлімет екенін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі де растады. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

8 маусым 2022, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.