
«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының 2026 жылдың соңына дейін өткізу жоспарланған акцияларын бастапқы орналастыруы (IPO) белгісіз мерзімге кейінге шегерілуі мүмкін. Бұған ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» қоры басшыларына қатысты қылмыстық тергеу себеп болуы ықтимал. Бұл туралы QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев мәлімдеді.
Bluescreen.kz хабарлауынша, сарапшының айтуынша, ұлттық теміржол тасымалдаушысының қор нарығына шығуы үшін бірқатар корпоративтік шешім қабылдау қажет. Алайда «Самұрық-Қазына» тобына қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатқан жағдайда мұндай шешімдерді қабылдау қиынға соғуы мүмкін.
ҚТЖ IPO-ны бірден үш қор биржасында — қазақстандық Astana International Exchange (AIX), Лондон қор биржасында (LSE) және Гонконг қор биржасында (HKEX) өткізуді жоспарлаған. Bloomberg мәліметінше, компания акцияларының 20 пайызын орналастыру арқылы шамамен 5 млрд доллар тартуды көздеген. Түскен қаражатты қарыз жүктемесін азайтуға және теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағыттау жоспарланған.
ҚТЖ-ның Гонконг қор биржасындағы листингке өтінімі бойынша тыңдау 11 қарашада өтті.
ҚТЖ-ның қарызы өсіп келеді
Соңғы қолжетімді шоғырландырылған қаржылық есептілікке сәйкес, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ҚТЖ-ның қарыздары мен шығарылған облигацияларының көлемі 3,9 трлн теңгеге жеткен. Жарты жыл ішінде бұл көрсеткіш 22,4 пайызға өскен. Ал компанияның бірінші жартыжылдықтағы кірісі мен өзге де табыстары 1,47 трлн теңгені, пайдасы 191 млрд теңгені құрады. IPO арқылы инвестиция тарту қарыз жүктемесін азайтудың бір тетігі ретінде қарастырылған.
Айта кетейік, ҚТЖ-ның қор нарығына шығу мерзімі бұған дейін де бірнеше рет кейінге шегерілген. 2026 жылғы мамырда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев нарықтағы қолайсыз жағдайға байланысты акцияларды орналастыру тек 2027 жылдың бірінші тоқсанында өтуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Алайда қыркүйекте Нұрлан Жақупов IPO-ны 2026 жылдың соңына дейін өткізу жоспары сақталғанын қайта мәлімдеді.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақуповтың, ҚТЖ басшысы Елжас Орыншиевтің және басқа да тұлғалардың ұсталғанын ресми түрде растады. Тергеу барысы туралы мәліметтер жарияланған жоқ.
В Атырау +5.4