Жеңістің 78 жылдығына орай Атырау облысында тыл еңбеккерлеріне және соғыс зардабын тартқандар мен олардың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына жергілікті бюджеттен бір жолғы ақшалай көмек көрсетіледі. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ мәлім етті.
- Қазір облыста Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ. Әйтсе де, ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдерімен наградталған 29 ардагерге 100 мың теңгеден бір жолғы ақшалай көмек беріледі. Сондай-ақ, ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы төленіп отыр. Ал, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін КСРО-ның орден-медальдерімен наградталмаған 1157 ардагерге 30 000 теңге біржолғы ақшалай көмек беріледі, - деді А. Мәмбетов.
Сондай-ақ, соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған мәжбүрлеп ұстау орындарында тұтқында болған, сол кездегі кәмелет жасқа толмаған қыз Екатерина АБСАТЫРОВАҒА жергілікті бюджеттен миллион теңге қаржылай көмек көрсетіледі.
Екатерина Серафимовнаның соғыс жылдарындағы өмірі туралы бұған дейін де жазған едік.
Ол 1931 жылы Мордовия облысында дүниеге келген. 1939 жылы 9 баласы бар отбасы Карелияға көшіп барады. Сол кезде ол жер Карелия-Фин республикасы деп аталған. Соғыс басталғанда отбасы Сальный аудан орталығын бетке алады. Жолда оларға қызыл әскер кездесіп, ол Сальныйдың немістердің қол астында екенін айтады. Олар үйлеріне оралуға қорқып, мектепте күте тұруды ұйғарады. Таңертең ертемен мектепке неміс солдаттары сау ете қалады. Осылайша отбасы Финляндия аумағындағы «Юрокко» концлагерінен бір шығады. Ол кезде Екатерина Серафимовна 10 жаста еді. Үш жыл үш айды концлагерьде өткізеді. Аштықты көріп, ауруға ұшырап, нағыз тозақты бастан кешіреді. Кеңес әскері 1944 жылдың күзінде оның отбасын азат етті.
- Оған қоса облыста ҰОС-да қайтыс болғандардың, мүгедектерінің немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС-ның мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы санатында 25 адам тұрады. Оларға да 30 000 теңге біржолғы ақшалай көмек тағайындалады, – деді А.Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс еңбеккерлерінен бөлек, Ауған, Тәжік, Иран секілді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысқан 1130 адамға бұрын жыл сайын біржолғы 100 мың теңге беріліп келсе, биыл мереке күндері 150 мың теңгеден көмек берілмек. Сондай-ақ осы ардагерлерлерге коммуналдық шығындарды төлеу есебінде ай сайын 15 мың теңге төленіп келген болса, биылдан бастап 35 мың теңгеге көтерілді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ