Атырау, 28 қараша 04:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Үлкен жыланмен бір үйде тұрады

Сурет
1 497 просмотра

Атыраулық Салтанат Өмірбайқызы 10 жылдан бері үйінде питон баптап келеді. Түсі суық жыртқышты үйінде ұстауына бала кезінде цирктегі қойылымдарға қызығушылығы себеп болған.

- Өзім ерте жасымнан бимен айналысып келемін. Мені үлкен сахнадан көргісі келген марқұм анам, бар қалауымды жасады. Бір күні циркке барғанымызда үлкен жыландармен билеп жатқан қыздарды көріп, мен де осылай жыландармен билесем деп армандадым. Сөйтіп алғашқы питонды қолда асырауыма себеп болды, - дейді Салтанат.

Бұл оның он жыл ішіндегі екінші питоны. Ұзындығы 3 метр, салмағы 30 келіге жуықтайды.

- Алғашқы жыланымның есімі Джованна болды. Оны өзім Малайзияға барып, сатып алған едім. Өкінішке орай, ол ауырып өлді. Ал екінші жыланым Графиняны үш жыл бұрын сол елдегі бұрынғы сатушылар жеткізіп берді, - дейді Салтанат. - Графиня (бір миллион теңгеге) сатып алған кезінде 2 метр болған, үш жылда 1 метрге өскен. Питондар тамақ жеген сайын өсе береді. 10 метрге дейін жетеді. 10 метр жыланға қарау ыңғайсыз болғандықтан, жәй өсу үшін тамақты шағындап беремін. Аптасына екі қоян жейді де 4-5 күн қорытып жатады.

Салтанаттың айтуынша, тамаққа тойып алғаннан кейін питонға жақындауға болмайды. Себебі мінезін көрсетіп, ашулы болады. Графиня бірнеше рет Салтанаттың әкесінің қолынан тістеп, дәрігерге жүгінуге тура келген. Тойда билеп жүрген кезінде өзін де "жақсы көргеннен" қылқындырып, тұншықтырған кезі болған екен.

Салтанат питонды жеке үйде жатын бөлмесінде торда ұстайды. Тасымалдауға арналған, екпе алғаны туралы анықтама мен заңды құжаттары да бар.

- Екі күнде бір аулаға шығарып серуендетіп аламын. Ауырса ветеринар шақырамын. Бала сияқты ваннаға салып, суға түсіремін. Кейін бір сағаттай судың ішінде жатады. Баптағанды өте жақсы көреді. Суды ұнатады, - дейді ол. Үй ішім бөлмеде жылан баптауға қарсы емес, отбасымызбен жануар мен жәндікке жақынбыз, тіпті осындай экзотикалық болса да. 

- Анам өте сабырлы, момын адам еді. Өрмелеп бара жатқан өрмекшіге тиіспейтін. Жануарларды жақсы көретін. Жалпы отбасымызбен жануарларға жақынбыз. Бұған дейін менде крокодил болды. Күні кешеге дейін бүркіт асырадым, нағашыларым арыстан асырады, - дейді Салтанат.

Салтанат әйгілі әртіс Гүлшарат Жұбаеваның сіңлісі. Естеріңізде болса, бұған дейін Салтанаттың анасының жылыжайы туралы жазған едік.

Қазір анам қайтыс болғаннан кейін жылыжайдың жұмысы маған қалды. Сондықтан қазір тойда билеуге сирек шығамын. Негізгі кәсібім – егіншілік. Ал жылан - тек хобби, - деп түйіндеді Салтанат.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет автордікі және С.Өмірбайқызының альбомынан

18 сәуір 2023, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.