Атырау, 22 қараша 18:57
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ай-Ананың табиғат терапиясы

Сурет
4 149 просмотра


Қала сыртындағы Ракуша ауылында жарты гектар жері бар осы әйелдің облыс орталығында үлкен пәтері бар, алайда ол үш жылдан бері өз жеріндегі шағын үйде тұрып, жолдасы Өмірбаймен бірге қарбыз, қияр, құлпынай өсіріп жатыр, тағы бір ерекшелігі, биыл ол өзі баптап шығарған лимон талынан жеміс алмақ. Сонымен танысып қойыңыздар, «Раяна» шаруа қожалығының иесі Ай-Ана - Мәриям ҚҰБАНИЯЗОВА. Ол, сондай-ақ, белгілі актриса Гүлшарат ЖҰБАЕВАНЫҢ анасы.

- Мені табиғаттың тылсым күші ме, әлде жер-ананың күш-қуаты ма, өзіне қарай тартады да тұрады. Әжем айтқандай, мен  шынында да «өсімдіктің докторы» шығармын,- деп күлді Ай-Ана. Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында тұрған Жұбаевтар отбасы алдымен Ресейдің Краснодар аймағына келеді, кейін Атырауға қоныс аударды. Кезінде ол Нөкістегі ауылшаруашылық институтын ғылыми-агрономия мамандығы бойынша бітірген.  Жиырма жыл өмірін осы салаға арнайды. Нөкісте астық өсіріп, тәлімбақта жұмыс жасайды. Бір қызығы, оның бір жылдық өсімдіктердің сортаң жерлерде өсірілуі деген тақырыптағы ғылыми жұмысы зейнеткерлік жаста Атырау топырағында жүзеге асқанға ұқсайды.

Өңірімізде шаруа қожалығымен айналысатындар жеткілікті, алайда  Құбаниязованың жерді жалға алудағы бизнес-жоспарының өзі ерекше болып шықты. Оның жоспары бойынша лимон бағының ортасынан қарттарға арналған зәулім үй бой түземек. Бірақ, бұл қарттар үйі емес. Зейнеткерлер табиғат аясында өздері қалаған іспен айналыспақ.

-Бұл идея мені көптен толғандырып жүр,- дейді біздің кейіпкеріміз. – Бұл ойымның іске асатынына сенімдімін, жайлап осы бағытта жұмыстанып жатырмын. Мұнда қарттарымыздың бірі бау-бақша, мал, құс өсірумен, ал әжелеріміз тігіншілікпен – «қыз жасауы» секілді ұлттық қолөнермен шұғылданады. Қысқасы, қарттарымыз табиғатпен үйлесімді өмір сүреді.


...Ай-Ананың өмірге деген жігеріне таңғалуға болады.  Өйткені тағдыры оған үлкен сынақ дайындап еді -  ол бірінен соң бірі төрт ұлынан айырылған-ды. Ананың жүрегі езілді, әке болса шөгіп қалды. Тек осы бір тынымсыз тірлік жүректегі қасіретті ұмыттырғандай болады.

- Ол күндерді еске алу маған өте ауыр, - дейді ол. – Оңаша қалудан қаштым, жұмыс жасап шаршасаң, әйтеуір тез ұйықтап кетесің ғой, сол себепті табылған жұмысты жасай бердім. Соның арқасында тағдырдың салған сынағына сынбадым. Шүкір, қыздарым бар, солар үшін өмір сүруім керек болды.

- Адамдар сіздің актриса, атышулы «Келін» фильміне түскен Гүлшарат Жұбаеваның анасы  екеніңізді біле ме?

- Гүлшарат та өз армандарына еңбекқорлығымен жетті. Біз қашан да оны мақтан тұтамыз, алайда ешқашан оның атын пайдаланып көрген жоқпын. Қыздарымның тәрбиесіне қатал қарадым. Жастайынан еңбекке үйреттім. Сол тәрбиенің арқасы болар, қазір бәрі де өмірде өз орындарын тапты.   

Ісі мен сөзі жарасқан Ай-Ананы мен қайсар, батыр ананың үлгісі деп таныдым. Тағдырдың сынағын көтере білді. Ешкімге алақан жайған жоқ. Ал, енді бейнеттің зейнетін көрер шақта тағы үлкен іс бастамақшы. Ертеңгі күнге сенімі мол Ай-Анаға біздер ақ жол тілеп, қош айтыстық.

Гүлсара ҚАЙЫРОВА

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

14 тамыз 2018, 13:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.