Атырау, 28 қараша 05:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тасқаладағы «карьер дауы»: «Ауылдан берекет кетті»

Сурет Бейнежазба
1 510 просмотра

Тасқала ауылының тұрғындары құм тиеген «КамАЗ» көліктерінің алдына тұрып алды. 

10 сәуірде Тасқала ауылының елуден астам тұрғыны ауыл іргесінен карьер қазуға жер берілгеніне наразылық білдіріп, жиналды. Карьер қазу жұмысы басталған: мал жайылым жер шаңға көміліп, ауылдың  ішін де көк шаң қылған.

Еске салсақ, Тасқала іргесіндегі бұл жер бұған дейін де карьер мақсатына берілген. Алайда 2021 жылы тұрғындар наразылық білдіріп, кейін тоқтатылған еді. Араға екі жыл уақыт салып, ескертусіз қайтадан қазу жұмыстары басталған.

Оралбай ДӘРІБАЕВ, Тасқала тұрғыны:

- Мен осы жерде туып, осы жерден еңбек етіп зейнетке шыққан адаммын. Ауылға жаным ашиды, қанша жерден шырылдап жатқанмен, жоғарыға үніміз жетпей жатыр. Биліктегілер уәдесінде тұрмай отыр. Жарты күннің ішінде ауылдың ішін көк шаң басып, ауылдан берекет кетті. Біз барлық жұмысты тоқтатуды талап етеміз. Мен КамАЗ бұл жерден кетпейінше, осы жерден қозғалмаймын.

Айнагүл БЕГАЛИЕВА, Тасқала тұрғыны:

Бұл карьердің бізге зияны болмаса, еш пайдасы жоқ. Бұл жерден қажетімізге бір уыс топырақ та ала алмаймыз, алсақ айыппұл салады. Одан да осыны халыққа жер қылып берсін. Қаншама отбасы бала-шағасын жетектеп, пәтер жалдап жүр. Осы жерді он жылдап сол кезек күтіп жүргендерге берсін.

Тұрғындардың айтуынша, Тасқала қазір карьерлер мен қоқыс алаңдарының ортасында қалуға сәл-ақ тұр.

- Ең бірінші карьер ауылдың ортасында болып, ол кейін 1999 жылы Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде жабылып, артынан қоқыс төгетін орынға айналды. Екінші карьерді ауыл сыртынан зираттардың қасынан берді. Ол да қазір қоқыс полигонына айналды. Енді мына жердің де топырағын алып, орнын қоқыспен жабады. Сонда біз күл-қоқыстың ортасында қаламыз ба?

- Енді ауылда малға жайылым қалмады. Ауылдың малдары осы жерге келіп, карьерге түсіп, өліп жатыр, - дейді тұрғын Абай УАЛИ.

Халық жиналған жерге облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН келіп, тұрғындарды карьерге берілген ресми рұқсатпен таныстырды:

- Бұл жер заң аясында берілген, - деді ол. – Бұл мәселені облыстық басқармалармен шешу керек.

Кеңөзек округінің әкімі Ернар ӨТЕШҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша,  карьер 2019 жылы заңды түрде ашылған, кәсіпкердің топырақ алуға рұқсаты бар:

- 2019 жылы жергілікті тұрғындар наразы болып, тиісті органдардың ықпалымен қазу жұмысы уақытша тоқтатылған еді. Кәсіпкер карьердегі жұмысты жалғастырғысы келеді. Біз оның қызметіне кедергі келтіре алмаймыз, бұл заңға қайшы. Оның үстіне карьер ауылдан 1,5 шақырым жерде орналасқан – мұнда да заң бұзушылық жоқ. Бірақ біз, әрине, облыс басшыларына ауыл тұрғындарының пікірін ескере отырып, карьерді ресми түрде жабу туралы ұсыныс жасаймыз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

11 сәуір 2023, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.