Атырау, 28 қараша 07:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Теңіз ереуілшілері «Сенімді құрылыспен» келісімге келді, сот болмайды

1 261 просмотра

Күні кеше 16 наурызда «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің 68 жұмысшысының ісіне нүкте қойылғаны белгілі болды. Еске салсақ, «Теңізшевройл» ЖШС ірі мердігерлерінің бірі «Сенімді құрылыс» ЖШС басшылығы ақпан айындағы жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп тану туралы өз қызметкерлерін сотқа берген болатын. Негізгі сот отырысы 20 наурызға белгіленді. Алайда 16 наурызда тараптар бітімгершілік келісімге келген.

«Сенімді құрылыс» компаниясы директорының орынбасары Жазира ӘНЕСҚЫЗЫ «АЖ» тілшісінің сауалына, 19 наурыздан бастап сотқа берілген жұмысшылардың барлығы бұрынғы жұмыс орындарына қайтып оралғанын және митингке заңсыз шыққандарын мойындағанын айтып, жауап берді:

– Барлығы жұмыста, ешқайсысы жұмыстан шығарылған жоқ. Біз тек мұндай ереуілдердің заңсыз екенін ескерткіміз келді.

– Ал сіздер сотқа беру үшін осы нақты 68 жұмысшыны қандай негізде таңдадыңыздар, өйткені ереуілге шыққандар көп болды ғой?

– Талапкер мейлі 10 адамды болсын, мейлі 60 адамды болсын, сотқа беруге құқылы. Жауапкерлерді қандай негізде таңдадық? Мен оның анық-қанығына тоқталғым келмейді.

Еске салсақ, осы жылдың 11 ақпанында «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің бір топ жұмысшысы инфляцияға байланысты жалақыны 20 пайызға көтеруді және 500 мың теңге төлеуді талап етіп, митинг өткізді. Сондай-ақ олар 28 күндік емес, 14 күндік вахта белгілеуді талап етті.

Ереуіл күні бойы жалғасып, түнге қарай тараптардың өзара келісімімен аяқталды. Бірақ бірнеше аптадан кейін «Сенімді құрылыс» басшылығы ереуілді заңсыз деп тану туралы Жылыой аудандық сотына шағым түсірді. ЖШС талап арызында ТШО-мен жасалған келісімшартқа сәйкес Теңіз кен орны аумағында орналасқан Үшінші буын зауыты (3GP) нысанында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрсеткен. Бұл жобаның аумағы қауіпті өндірістік нысан болып саналатыны ерекше аталған.

Сотқа дейінгі келісімде жауапкерлердің ақпан айының жалақысына 300 мың теңге біржолғы үстеме ақы төленіп, жалақыны 8,4%-ға көтеруге келіскендігі және бүгінде вахта мерзімін қысқарту мүмкін еместігі туралы айтылған.

Айнұр САПАРОВА

25 наурыз 2023, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.