Теңізде «Сенімді құрылыс» ЖШС мердігер компаниясының жұмысшылары жалақыны көтеруді, сондай-ақ оларға «инфляцияға қарсы» 500 мың теңге төлеуді талап етіп, митингке шықты. Әлеуметтік желіде көптеген жұмысшының «Сенімді құрылыс» кеңсесіне бара жатқаны көрінетін видео жарияланды.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде ТШО басшылығының «бизнес серіктестеріне» бір жолғы инфляциялық төлем туралы қызметтік сипаттағы хаты таралуда. Хатта 2022 жылғы инфляцияға байланысты ТШО бизнес серіктестеріне осы жылдың наурыз айында мердігер тобы қызметкерлерінің жекелеген санатына 500 000 теңгеден (салық пен басқа да міндетті төлемдерді ұстай отырып) төлеуді ұсынатыны айтылған.
Сыйақы бір рет төленеді. ТШО-ның хатында оның тек Қазақстан азаматтарына қатысты екені, төлемнің «арнайы, жоғары білікті қызмет көрсетушілерге ұсынылмайтыны» да айтылған.
«АЖ» «ТШО» баспасөз қызметіне сауал жолдап, мынадай жауап алды: «11 ақпанда «Теңізшевройл» ЖШС-не (ТШО) «Сенімді құрылыс» мердігер ұйымы қызметкерлерінің біржолғы сыйақыға қатысты алаңдаушылық білдіргені белгілі болды. ТШО-ға мердігер компания басшылығы мәселені шешу үшін шұғыл шара қолданып жатқаны хабарланды. Бұған қатысты барлық сауалды осы компанияның басшылығына жолдаған жөн».
Қазір Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА Теңізге барды. Оның айтуынша, бүгін сағат 10:30-да «Сенімді құрылыс» компаниясының 250-ге жуық қызметкері жалақыны 20 пайызға көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды (атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді, сондай-ақ вахта қалашығындағы жатақхананы жаңартуды) талап етіп, ереуілге шықты.
- Олармен компания өкілдері кездесіп, талаптарын жазып, «Сенімді құрылыс» компаниясының бас директорына (қазір ол Теңізден тыс жерде) жеткізеді, шешімді сол қабылдайды», - деді Г.Айшуақова «АЖ» тілшісіне.
«Сенімді құрылыс» ЖШС Теңіздегі үшінші буын зауытында күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарымен айналысады. Г.Айшуақованың айтуынша, қазір компанияның жұмысы уақытша тоқтап тұр – барлығы басшылықтан жауап күтіп отыр.
Оның айтуынша, жұмысшылар «инфляцияға қарсы» 500 мың теңгені 10 наурызға дейін алады.
Арнайы комиссия құрылды
"Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі келесі баспасөз хабарламасын жариялады:
«Теңіз кен орнындағы жұмысшылардың талабы туралы ақпарат
11.02.2023 жылы сағат 10:30-да үзіліс кезінде Теңіз кен орнының Үшінші буын зауытының 42-учаскесіне тартылған «Senimndi Kurylys» ЖШС-нің 200 қызметкері жиналып, 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмысқа қабылданған қызметкерлерге бір реттік сыйақыға қатысты түсіндірме беруді талап етті.
Қазір Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Теңіз кен орнында Жылыой ауданы әкімі Ж.Қаражановтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды.
Комиссия құрамында «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, «Senimdi Kurylys» басшылығы мен жұмысшылары, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері бар.
Комиссия жұмысының қорытындысы қосымша хабарланады.
Толықтыру:
Кешке жақын «Senimdi Kurylys» ЖШС-нің жалпы мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Жазира ӘНЕСҚЫЗЫ «АЖ»-ға жұмысшылар жалақысын қаңтар айынан бастап 8,4 пайызға көбейткенін, ал инфляцияға байланысты ақпан айының жалақысына қосып, наурыздың 10-ына дейін жұмысшыларға бір реттік 300 мың теңгенің төленетінін айтты. Алайда, жұмысшылар 500 мың теңге көлеміндегі бір реттік сыйақыны төлеуді талап етеді.
«АЖ»-ға анағұрлым «ұсақ» тағы екі талап туралы белгілі болды: бізге белгісіз себептермен өндірістік бөлімдегі менеджер екі әйелді жұмыстан шығару, сонымен қатар жатақханадағы «казармалық» 2 деңгейлі кереуетті алып тастау және әр адамды бөлек кереуетпен қамтамасыз ету талап етілді.
Кешке компания қызметкерлерінің бірі, видео авторының растауынша, «АЖ»-ға бірнеше полиция көлігі мен автобустардың Теңізге қарай бет алғаны бейнеленген видео жіберді. Кейін ол митингтің жалғасып жатқанын, полициямен бірге ОМОНдықтардың шерушілерді бақылап отырғанын айтты.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған видео