Бүгін, 20 наурызда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 25 жастағы Нигерия азаматы Эзечи Чикамсо КАЧИГЕ қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Оған психотроптық заттарды аса ірі көлемде өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтады (ҚК 296-бабының 4-бөлігі) деген айып тағылды.
Сот анықтағандай, өткен жылдың шілде айының басында Эзечи Атырау қаласында жүргенде әлеуметтік желі арқылы өзіне есірткі сатып алуды ұсынған бір қолданушымен танысқан. Эзечи келісім берген. Сотқа дейінгі тергеу барысында бұл сатушы анықталмады.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былай деп хабарлады: «Одан әрі басқа мессенджерде Эзечи «Т» логинімен басқа тұлғамен байланысқа шығып, психотроптық заттар жасырылған жер туралы ақпарат алып, оларды ресейлік нөмірі бар көлікпен алып кетіп, көлігіне тығып қойған.
Еске салсақ, Эзечи Чикамсо Качи 2022 жылдың 20 шілдесінде Атырауда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында ұстаған болатын.
- Оның көлігін тексергенде жүргізуші жағындағы төсеніш астынан изолентамен оралған, сату мақсатынсыз заңсыз сақталған, жалпы салмағы 4,29 грамм «мефедрон» психотроптық заты бар полимер түйіншек табылып, тәркіленіп алынды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, көлікті тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді, -деп хабарлады сот. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Прокурор Эзечиді 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, сот оған 6 жыл берді.
Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігінің санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Айнұр САПАРОВА